Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі Тараз қаласының аумақтық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының барысы қаралды.
Осы уақытқа дейін «Зербұлақ» жағажайы қала тұрғындары шомылатын аумаққа енген болатын. Биылғы маусымда ол жерде аквапарк құрылысының жүргізілуіне байланысты шомылуға рұқсат жоқ.
Бұдан бөлек, шаһарда шомылуға қауіпті аймақтар да бар. Атап айтсақ, «Тектұрмас», «Қант зауыты», «Автовокзал», «Шөлдала» мен «Қарасай» аумағында суға түсуге тыйым салынады.
Осы орайда биылғы маусымда жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қала аумағындағы жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында іс-шараларды одан әрі күшейтуге арналған жұмыстар кешені жоспарланғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар 60 мектепте арнайы дәріс оқылып, оған 9 853 оқушы қатысты.
Бұдан бөлек, аталған жерлерде кезекшілік жүргізу үшін құтқарушылар тобы құрылды. Ескерте кетерлігі, жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде полиция қызметкерлерімен суға шомылуға тыйым салынған жерде, сонымен қатар су айдындарында алкогольді ішімдікті пайдалану анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы, 364-бабы және 412-бабы бойынша іс қозғалады.
Жиын барысында құтқарушылар қатарын көбейту, еріктілерді қауіпсіздік шараларына тарту мәселесі де қозғалып, бұл бойынша қала әкімі Бақытжан Орынбеков тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. «Тараз қаласында Талас өзені мен жазғы мезгілде шомылуға тыйым салынған жерлерде, су айдындарында арнайы ескертпе тақтайшалары тұруы міндетті. Ол – қауіпсіздіктің ең бірінші шарты. Сондықтан арнайы құтқарушылар тобын тәулік бойы кезекшілікке қоюымыз қажет. Өткен жылы кешенді жұмыстардың арқасында қала аумағында шомылу маусымында төтенше жағдай орын алмады. Бұл жолы да олқылыққа жол бермеу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет», – деген Бақытжан Әмірбекұлы қалалық ішкі саясат бөліміне жергілікті БАҚ өкілдері арқылы насихаттық жұмыстарды күшейту мен жазғы мезгілде тыйым салынған жерлерде, су айдындарында, бассейндерде ескертпе тақтайшаларды орнатуды жауапты мекемелерге тапсырды.
Дионисий Пляшешник