Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлағатты ұстаздың есімі ұлықталды

0 263

«Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Расында, ғалым да, кенші де бас иетін ұстаздың орны әрқашан бөлек. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, осы саланың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар Жамбыл жерінде жетерлік.
Солардың бірегейі Талас ауданына қарасты Бостандық ауылында 30 жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет еткен Әлимаш Тұрғынбекқызын танымайтын жан кемде-кем. Себебі ауылдың тең жартысы дәл осы жанның шәкіртіміз деп біледі. Одан тәлім алған шәкірттер бүгінде ұстаздарының есімін барынша ұлықтауда. Соның жарқын дәлелі –
Әлимаш Тұрғынбекқызын еске алуға арналған Бостандық ауылында 12 жыл қатарынан спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп келеді. Ал биыл бұл шара облыс көлемінде ұйымдастырылды.
Бұл сайыстың дәстүрге айналғаны соншалық, тіпті аудан жастарының өздері алғашқы болып қатысуға ниет білдірген екен. Биылғы жарыста Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу мен Жамбыл аудандарынан келген 300-ге жуық қатысушы волейбол мен күрестен сынға түсті. Жарыс жеңімпаздарына арнайы медальдар мен кубоктар табыс етілді. Балабақша бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасы шараның көркін ашып, шырайын келтірді.
Жалпы Әлимаш Тұрғынбекқызы өзінің қысқа ғұмырында 7 баланы тәрбиелеп-өсірген. Бүгінде олар сан түрлі маман иелеріне айналды. Ал осы жарысты ортаншы ұлы Саят 12 жыл қатарынан ұйымдастырып қана қоймай, үлкен әулеттің туған өлкеде бас қосуына ұйытқы болуда. Бұл іске ұстаздың көзін көрген барша ауылдасы дән риза. Әрине, Саяттың бұл игі ісі – кімге болса да зор үлгі, таусылмас тағылым.
«Анасын сыйлағанды Алла сыйлайды», «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген тәмсілді берік ұстанатын халқымыз үшін ақ сүт берген аяулы анадан артық мейірім иесі жоқ. Осылайша ана рухына тағзым етіп, өнегелі іс атқарып жүрген Саят өзінің атаның ғана емес, адамның баласы екенін дәлелдеп келеді.
Ұлағатты ұстаз өз отбасында 7 баланың тұңғышы болған екен. Бүгінде артынан ерген 2 інісі мен сіңлілері әпкелерін үлкен сағынышпен еске алады. Осының өзі Әлимаш Тұрғынбекқызының тек ұстаз ғана емес, маңайына шуақ төгіп, артына өшпес із қалдырған мол парасат иесі болғанын да айғақтайды. Адам үшін бұдан асқан бақ бар
ма?!

Айнура Сейділдаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.