Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биыл 12 мыңнан аса жамбылдық түлек мектеппен қоштасуда

0 351

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мен Соңғы қоңырау мерекесіне арналған «Бақытты бала шақтан – жарқын болашаққа!» атты салтанатты шараға қатысты.

Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 гимназияда өткен мерекелік шарада аймақ басшысы барша балаларды құттықтап, жас түлек пен оқушыларға, ұстаздарға деген ізгі лебізін жеткізді.

Сондай-ақ, өткен оқу жылы табысты аяқталғанын атап өтті.

– Облыстағы 492 мектептегі 248 мыңнан аса оқушы кезекті оқу жылын табысты аяқтап отыр. 12 мыңнан аса оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасуда. Биылғы оқу жылында облыс оқушылары халықаралық, республикалық деңгейдегі білім, спорт, өнер байқауларында айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Атап айтсақ, Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиадада облыс командасы 1-ші орынды жеңіп алды. Робототехникадан республикалық турнирде облыс командасы І орынды иеленіп,  Ел кубогына ие болды. Елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда,-деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі бүгінде өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешіліп жатқанын да жеткізді.

Өткен жылы облыста 8 мектеп пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 10 жаңа мектеп пен 4 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі деп күтілуде. 17 білім нысанында  күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізіледі.

Мерекелік шара барысында гимназияның өнерлі оқушылары ән-биден шашу шашып, «Біз – бақытты баламыз!» вокалды-хореографиялық және «Әрқашан күн сөнбесін» композицияларын көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар, 1-сынып оқушыларының түлектерге арналған тілектері, түлектердің ант беруі, вальсі, қоңырау соғу рәсімдері орындалды.

Айта кетейік, биыл қала сыртындағы лагерьлерде 7 мыңнан аса жамбылдық оқушы демалатын болады. Қалған балалар қосымша білім беру ұйымдарындағы түрлі үйірмелермен клубтарға, спорт секцияларына тартылады.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қала сыртында жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы ашылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.