Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасының іске асырылу нәтижесі бойынша мекемеаралық жиын өтті.
Басқосуда сөз алған Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев аталған жобаны іске асыру бойынша уәкілетті органдармен қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы баяндады.
Келесі кезекте Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жоба аясында шаһарда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Тараз қаласы полиция басқармасының профилактикалық есебінде 161 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр. Осы орайда қаладағы мектептерге прокуратура қызметкерлері мен өзім бастаған әкімдік қызметкерлері бекітілген мобильдік жұмыс тобы есепте тұрғандармен профилактикалық жұмыс жүргізуде.
Ағымдағы жылдың басынан бері жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 19 145 оқушыдан сауалнама алынды. Сондай-ақ қалалық білім бөлімі тарапынан жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалу мүмкіндігі бар 81 нысанның тізімі құрылды. Жергілікті полиция қызметімен бұл аймақтар тұрақты патрульденуде, – деген шаһар басшысы облыс орталығында құқық бұзушылықты болдырмауға және әлеуметтік-экономикалық саладағы проблемалық мәселелерді шешуге барынша күш жұмсалатынын жеткізді.
Жиын барысында Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ардақ Мадимаров көне шаһардағы қылмыстылық ахуал жөнінде баяндама жасады.
Өз кезегінде басқосуға қатысқан өзге де мамандар Тараз қаласында орын алып жатқан қылмыстардың себебін, оның салдарымен күрес жөнінде ой-пікірлерін білдірді.
Жұматай КӨКСУБАЙ