Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашаққа жасалған нық қадам

0 891

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан орасан зор нәтижелерге қол жеткізді. Экономикалық жағынан табысты, күшті мемлекет құрылды. Біздің елді бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Тұңғыш Президент белгілеп берген стратегия әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру бағытымен сабақтасып жатыр. Егер Доктринаға құрылымдық жағынан талдау жасайтын болсақ, онда жаңа бағыттың мақсаттары ретінде жалпыға ортақ табыстың жеті факторы нақтыланған.

Біздің демократияға барар жолымыз Қазақстанның бүкіл халқының бірлігі мен келісімі арқылы жүзеге асырылады. Қазір елімізде 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұрады. Оған қоса әрбір адамның өз саяси көзқарасы мен нанымы болатыны белгілі. Парламентте қазақстандық қоғам атынан тек саяси партиялар ғана емес, Қазақстан халқының Ассамблеясы да өкілдік етеді. Қазақстанның әрбір азаматы өз пікірін білдіре алу мүмкіндігіне ие болса және ол өзінің осы пікіріне елдегі саяси жағдай байланысты екеніне сенімді болса, міне, біздің демократиямыздың негізі – осылар. Сондықтан бірлік пен келісім – біздің Доктринадағы басымдықтардың бірі.
Еліміздің Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы сан алуан түрлі және ұлы сипатымен қосып қорғауымыз керек. Мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – деп атап өткен болатын.
Кез келген халықтың мәдениеті ең алдымен отбасыдан басталады. «Қазақстан-2050» Стратегиясында отбасы институтын сақтауға да ерекше көңіл бөлінген. Біздің мемлекеттің даму қарқынына, экономикалық прогресі мен демократиялық өзгерістеріне шетелдіктер де таң қалып отыр. Ресми сапармен келген барлық шетелдік меймандар астанамыздың әдемі келбетіне тамсанып, таң қалады. Олар біздің саяси реформаларымызға да жоғары баға беруде.
Кеңес дәуірінде біздің республика негізінен аграрлық ел болды. Біз Одақта Ресейден ғана емес, Украина мен Белоруссиядан да артта қалған төртінші экономикаға айналдық. Кеңестік бес жылдық жоспар Қазақстанның аумағында индустриялық секторды дамытуды көздемеді. Ал қайта құру кезеңінде біздің республика тіптен «дотациялық» санатқа түсіп қалды. Сол кезде біз қазіргідей Қазақстан болады деп ойлай алдық па?
Елімізде жүргізілген дана саясаттың арқасында біз тұрақты әрі күшті экономикасы бар, қалыптасқан мемлекет құра алдық. Тіпті 2008-2009 жылдары терең әлемдік дағдарыс кезінде де біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қалдық.
Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде әрбір адамның өз пікірін білдіруге құқығы бар. Егер Кеңес кезеңінде мемлекеттің мүддесі жеке адамның құқықтарынан жоғары қойылған болса, бүгін біз күшті және белсенді азаматтардың ұлтын құру қажет екенін айтып отырмыз. Құжатта мемлекет пен азаматтар Конституцияда бекітілген құқықтары мен міндеттері тең екендігі айшықталған. Мұнда тек бірлік қана біздің алға басып, қойылған мақсаттарға қол жеткізуімізге мүмкіндік береді. Халқымызда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты сөз де осыны білдірмей ме?!
Қазір қоғамда болып жатқан өзгерістер – болашақтағы үлкен жаңашылдықтардың іргетасы. Біздің қазіргі іс-әрекетімізге болашақ ұрпақ баға береді. Біз басқа мемлекеттердің тәжірибесіне де көз салуға тиіспіз. Осыны ескере отырып, біз 30 жыл ішінде басқа мемлекеттер бірнеше ғасыр жұмсаған жетістікке қол жеткіздік деп нық сеніммен айта аламыз. Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде әрбір азаматтың басқалармен бірдей мүмкіндікке ие болуына кепілдік берілген. Бұл оның өз потенциалын еркін іске асыра алуына және табысқа жетуіне жол ашады. Менің ойымша, бұл біздің ұлы жетістіктеріміздің бірі және біз оны сақтауымыз қажет.
Бүгінгі күні мемлекет білім қоғамын құруға үлкен күш салып отыр. Мемлекетімізде талантты жастар өз потенциалын іске асыру үшін барлық мүмкіндікке ие. Еліміз қабілетті абитуриенттердің тегін жоғары білім алуына да мүмкіндік беретін гранттар бөлуде. Жастар өз оқуын шетелде жалғастыру мүмкіндігіне ие. Өкінішке орай, олардың барлығы осыны жете сезіне бермейді. Көптеген жастар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Алкоголь мен темекі тарту біздің қоғамдағы елеулі проблеманың біріне айналды.
Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 188 ел арасында алкоголь тұтыну бойынша рейтинг жүргізіп, онда Қазақстан 35-ші орын алды. Бұл – көз жұмып қарауға болмайтын, халықтың азғындауға ұшырау қаупін төндіретін қатерлі көрсеткіш. Статистиканың өзі бұлайша алаңдауға негіз бар екенін көрсетеді. Спирт ішімдігінің әсерінен немесе оны тұтыну салдарынан 12 мыңға жуық қазақстандық бес жасқа толмай шетінеп кеткен. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепте тұр. Біз үшін темекі тарту проблемасы да өте өзекті. Халықтың 27 пайызы немесе еліміздің әрбір төртінші тұрғыны никотинге тәуелділіктен зардап шегуде. Егер әлемде мұндай көрсеткіш 18 пайыз екенін ескеретін болсақ, бұл да ерекше мән беруді қажет ететін мәселе. Өйткені жыл сайын Қазақстанда темекі тартудан туындайтын аурулардан 25 мыңға жуық адам көз жұмады екен.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың негізі екенін атап көрсетілген. Біздің азаматтарымыз белсенділік танытып, өз позицияларын қорғап қалуға тиіс. Бұл – демократиялық процесс, демократиялық мәдениетті дамытудың бір бөлігі.
Біздің мемлекет халықаралық аренада өзінің бейбіт сүйгіш бастамаларымен де белгілі. Біз ядролық қарусыздану, халықаралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешу идеяларының алғы шебінде тұрмыз. Бүгінгі күні халықаралық қоғамдастық Қазақстанды әлемдік қарым-қатынасқа ашық ел деп таниды. Құжатта көзделген тағы бір мақсат – көпвекторлы сыртқы саясатты қолдау. Себебі біз үшін әрбір азаматтың қажыр-күші, шығармашылық әлеуеті Қазақстанды дамытуға бағытталғаны маңызды.
Біздің ұрпағымыз бізді атқарған ісімізге қарап бағалайды. Оларға рухани деңгейі жоғары, экономикасы күшті, мықты әрі дені сау ұлты бар тамаша мемлекет қалдыруымыз қажет.

Ерген ДОШАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.