Таразда «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры білім мекемелерінің 30 жылдығы және IT-лицейінің 5 жылдығына арналған көктемгі кросс өтті.
Шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз алып, ізгі лебізін жолдады.
– Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттауға айрықша мән берілуде. Бүгінгі марафонның да негізгі мақсаты – салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілікті қалыптастыра отырып, жоғары мәдениетті, жауапкершілікті және өз бетінше шешім қабылдау қабілетін көрсететін, шығармашылық дүниетанымы, кәсіби білімі бар, тәуелсіз ойлауы бар жан-жақты жастарды тәрбиелеу. Яғни осындай шаралар арқылы халықты дене шынықтырумен шұғылдануға шақырамыз, – деген Дәуір Рысбайұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының білім мекемелерінің мұғалімдер, ата-аналары, оқушылары және студенттері, жалпы саны 1 000-ға жуық адам қатысты.
Қашықтығы 2,4 шақырымды құраған марафонның мәре сызығын бірінші болып кескендер ұйымдастыру комитетінің дипломдарымен, медальдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жұмаш Жолболды