Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда қоныс тойы көбеюде

0 643

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында еліміздегі тұрғын үй саясатына ерекше тоқталған болатын.

– Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Президент өз сөзінде.
Расында, бүгінде баспаналы болу әлеуметтік саланың ең басты мәселесіне айналды. Тіпті баспана мұңының қараша халықтың арқасына аяздай батқаны сонша, қазір отау құрған жастар ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде қоныс теуіп, қайда тұрақтарын ойлап, қамығады. Бір ғажабы, кешегі көшпелі елдің ұрпағына ғана тән қасиет бұл. Себебі ежелден отырықшы елдердің тұрғындары үшін баспананы несиеге сатып алу немесе өмір бойы пәтер жалдап тұру сөкеттік емес, олар тіпті көп уақыт қонақ үйде тұрақтауды бойына ар санамайды. Ал қазақ үшін баспана – «өз үйім, өлең төсегім» ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, әулет айбары – қара шаңырағы, ал қазіргі заманда – әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы, тіпті капиталды көбейтер инвестициясы. Сондықтан да тұрғын үй әлі талай жыр болар маңызды тақырып. Ол бұрын да солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болады. Ал қолма-қол ақшаға үй сатып алу көпшілік үшін арманға айналған. Себебі, тұрғын үй бағасы күн санап артпаса, арзандамақ емес. Табысы күнкөріс көзінен артылмайтын көпшіліктің қалтасына ипотеканың өзі артық салмақ салады. Қоғамда тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналар тағы бар. Әрине, оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Осы орайда біз әуелі еліміздегі тұрғын үй саясатының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқтала кетпекпіз.

Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі мол

Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары шағын жобалар аясында жүргізіліп келеді. Себебі, ондай жоба шарттары жалпыға түсінікті. Сондай-ақ бұл жоба негізінде жалғызбасты аналар да тұрғын үйге қол жеткізе алады.
Дүниеге сәби әкеліп, әкесіз тәрбиелеп отырған яки баланың әкесі тарапынан көмек алмайтын жалғызбасты аналар туралы ресми ақпарат eGov.kz мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында тіркеледі. Бүгінде елімізде 600 мыңға жуық әйел баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ал мемлекет тарапынан белгіленген бала тууға байланысты төлемдер баршаға ортақ. Яғни, жалғызбасты аналарға да жәрдемақы тағайындалады. Біздің тақырыпқа арқау етіп отырғанымыз асыраушысынан айырылған яки ажырасқан әйелдер емес, ресми түрде некеге тіркелмеген, бірақ дүниеге сәби әкеліп, өзі тәрбиелеп келе жатқан аналар туралы болмақ. Мұндай мәртебедегі жандар тұрғын үй алу мәселесінде ажырасқан немесе жесір қалған әйелдермен, толық емес отбасылармен тең дәрежеде қарастырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында нақты көрсетілген. Онда мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері ретінде баланы әкесіз тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар да қосыла алатыны жазылған.
Жалғызбасты аналар пәтерді ақысыз жалға да ала алады. Ол үшін тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, жағдайын растайтын құжатты алу қажет. Содан кейін кезегі келгенде өтініш иесіне баспана өтеусіз жалға беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алу бағдарламасына қатысу мүмкіндігі де бар екенін айта кетейік.

Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі де қолжетімді. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспаса, мемлекеттік қордан кезек бойынша пәтер жалдау мүмкіндігі қарастырылған.
Пәтерді ұзақ мерзімге де жалға алуға болады. Әр бес жыл сайын келісілген мерзім ұзартылып отырады. Бірақ, тұрғын заңды түрде үйдің иесі болып табылмағанымен, оған өмір бойы сол жерде тұрақтауға мүмкіндік беріледі. Мұндай жалдамалы пәтердің ақысы бекітілген әдістеме негізінде төленеді.
Жеке секторда жалға алынған тұрғын үйге субсидияны азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде көпбалалы отбасылар да ала алады. Бұл санатқа төрт не одан көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар кіреді. Аталған көмекті алу үшін отбасы мүшелерінің соңғы алты ай көлеміндегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.
Көпбалалы және толық емес отбасылар үшін баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін туғызатын кең тараған бағдарлама – «Бақытты отбасы». Аталған бағдарламаға қатысушы жергілікті әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды.
Алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын алуға болады. eGov.kz сайтында тұрғын үй сертификаты-ның екі түрі көрсетілген. Олар:
• егер отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі табыс көлемі белгіленген деңгейден төмен болса, өтеусіз және қайтарымсыз көмек түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты;
• егер отбасы мүшелеріне шаққанда айлық табыс белгіленген деңгейден асса, 15 жылға 0,01 пайыздық несие түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты.
Бір атап өтерлігі, 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам отбасы жылына 2 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ.
«Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспаналы болып, бақытқа кенелгендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Айшырақ Әлқуатова. Ол былтыр ғана бағдарлама аясында №15 «Ұлы дала» ықшамауданында 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізген.
– Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Бұл сөздің терең астарын баспанаға жете алмай жүргендер жақсы түсінеді. Өзім көпбалалы әрі жалғызбасты анамын. Талай жыл бір бір тұрғын үйге зар болып, әркімнің жалдамалы пәтерінде күніміз өтті. Пәтер иесі де жыл сайын ақысын көтеретіні тағы бар. Бүгінгідей нарық қос бүйірден қысқан уақытта пәтерақыны төлеп тұру да оңай емес. Бұған ай сайынғы коммуналдық қызметтің ақысы да қосылады. Осы мәселе отбасымызды әбден қажытты. Содан «Отбасы банкінің» Тараздағы бөлімшесіне барып, кеңес алдым. Содан соң бірден банктен депозит ашып, қаржы жинай бастадым. Нәтижесінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы былтыр баспаналы болып, қуаныштан төбеміз көкке жетті. Мемлекетіміздің баспанаға мұқтаж жандардың осындай бағдарламалар арқылы үмітін жаққанына шынайы алғысымызды білдіремін. Әр қазақ баспаналы болсын! – дейді көпбалалы ана ағынан жарылып.
Ал «Отбасы банкінің» кеңесшісі Маржан Бақыт мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болу еш қиындық тудырмайтынын айтады.
– Мемлекетіміз жүзеге асырып жатқан тұрғын үй бағдарламалары жетерлік. Солардың бірі – «7-20-25» бағдарламасы. Аталған ипотекалық бағдарламаға еліміздің кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болатын адамның өз атында үйі болмауы керек. Ол азаматтың несие тарихына да мән беріледі. Және ипотекалық жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылған болатын. Ол – Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған. Бағдарлама шарты бойынша кредит мерзімі 25 жылға дейін беріліп, бастапқы жарна пәтердің кепіл бағасының 20 пайызын, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7 пайызын құрайды. Бұл бағдарлама елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Отбасы банкі» пәтер немесе үйді ең тиімді шарттармен алуға көмектеседі. Еліміздегі тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірден-бір банк салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту мен оларға заемдарын беру арқылы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы негізде банк тарапынан тағы бірнеше қолжетімді бағдарламалар қарастырылған. Мәселен, біздің банктің қолжетімді бағдарламаларына «Нұрлы жер», «Әскери өнім» және «Өз үйім» жатады. Қысқаша тоқталып өтетін болсам, «Нұрлы жер» бағдарламасы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Оның пайыздық мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды. Ал бастапқы жарнасы 20 пайыздан басталып, 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ал «Әскери өнім» – әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы. Пайыздық мөлшерлемесі 6 пайыздан 8 пайызға дейін 25 жылға 15 пайыз бастапқы жарнамен беріледі. Біздің банкте көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да арнайы бағдарлама қарастырылған. Сонымен бірге жаңа салынған пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған «Өз үйім» бағдарламасы да бар. Сондай-ақ осыдан 2 жыл бұрын әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы да іске қосылды. Мұнда несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 13,2 пайыздан басталып, 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұған қоса «Шаңырақ», «Жаңа баспана» сынды бағдарламалар да тұрғындардың баспаналы болуына зор септігін тигізуде, – деген Маржан Нұрланқызы «Отбасы банкінің» тұрақты салымшыларына мемлекет тарапынан сыйақы берілетінін де жеткізді.
– Мемлекет сыйлықақысының көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомасының 20 пайызын құрайды. Бұл қаражат әр жылдың басында бірден барлық депозиттерге аударылып отырады. Есептелу барысына келер болсақ, бұл сыйлықақы бір жыл ішінде депозитке салынған 200 айлық көрсеткіштен аспайтын ақша бойынша есептелініп беріледі. Біздің банктен ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы алу үшін осы жылы 555 600 теңге жинау керек. Сонда сіз жаңа жоғарыда айтып кеткенімдей 200 айлық көрсеткіштің 20 пайызына қол жеткізесіз. Мемлекеттен берілетін ақшалай сыйлықақының көмегі 111 120 теңгені құрайды. Сондай-ақ төмен пайызбен де несие алуға болады. Ол үшін бар болғаны сіз бірнеше талапты орындайсыз. Әуелі қаражатты депозитіңізде кемінде үш жыл жинауыңыз қажет. Екінші өзіңізге қажетті тұрғын үй сомасының жартысын жинауыңыз керек. Және де бағалау көрсеткішінің ең төмен көрсеткішіне жетуіңіз міндетті болып саналады. Егер осы мен айтып кеткен талаптардың барлығын орындасаңыз, жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алу мүмкіндігіңіз бар. Қаражатты ұзақ уақыт жинасаңыз, несие мөлшері төмендейді. Үш жыл бойы депозитіңізді тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шартта көрсетілген сомаға (ай сайынғы жарна көлеміне) толықтырып отырсаңыз, сізге «16-ға тең» ең төменгі бағалау көрсеткіші беріледі. Бұл жағдайда жылдығы 5 пайыз болатын заем ала аласыз.Ал сізге тиесілі бағалау көрсеткіші 16-дан жоғары болса, заемның жылдық мөлшерлемесі бұдан да аз болады. Ең төменгі жылдық мөлшерлеме 3,5 пайызды құрайды, – дейді банк кеңесшісі.
Қала тұрғыны Меруерт Қайратқызы 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрады екен. Ол қанша рет түрлі бағдарламаларға қатысуға ниет білдіргенмен, бірде-бір санатқа кірмейді, енді біріне айлық табысы жетпей жатқанына налиды.
– Бір бөлмелі пәтер болса да өз үйің, өлең болғанға не жетсін?! Үйі жоқтың күйі де болмайтыны белгілі. Үй алу үшін банктен депозит ашып, үш жыл салымшы болып келемін. Біреудің пәтеріне ақша бергенше өз үйіміздің ипотекасын төлегеніміз артық емес пе?! Жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен қолайлы бағдарламалар шығарса жақсы болар еді. Әрине, мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Алайда көпшілігі мен сияқты оған қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан бағдарламаларда халықтың қалтасына қонымды жолдар қарастырылса, пәтер жағалағандар азаяр еді,– дейді тұрғын.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде

Жоғарыда айтқанымыздай қазіргі кезде қарапайым халық үшін баспана алудың мемлекет тарапынан түрлі жолдары бар. Барлық адам бастапқы жарнасын төлеп, баспанаға қол жеткізе алады. Бұдан бөлек түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға да мүмкіндіктер қарастырылған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде жыл сайын мыңдаған отбасына пәтер кілттері тапсырылуда. Әрине, әрбір адам үшін баспана алғанның қуанышы бөлек. Бұл үрдіс Жамбыл облысында да өз жалғасын табуда.
Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының дерегінше, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында былтыр аймақта 4 208 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1 920 пәтерлі 28 үй пайдалануға берілген. Ал биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде 3 689 пәтерлі 70 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 3 073 пәтерлі 59 әлеуметтік кредиттік, 616 пәтерлі 11 арендалық үй. Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін 2 564 пәтерлі 45 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 1 948 пәтерлі 34 әлеуметтік кредиттік, 616 пәтерлі 11 арендалық үй. Сонымен қатар, облыс аумағында халықтын әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға 797 пәтерді республикалық бюджеттен сатып алу жоспарлануда. 2022 жылы облыста 20 жаңа алқапта 33 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 3 198 жер телімі жерге кезекте тұрғандарға таратуға дайындалған. Ал ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 14 алқапқа 20 инфрақұрылым жобаның құрылысын жүргізіп, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2 жаңа алқапта 869 жер телімін таратуға дайындау көзделген.
Былтыр өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі жас отбасыларды қолдау мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолға алынған болатын. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, жастарға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүзеге асқан. Нәтижесінде 37 адам баспаналы болып, шаттыққа бөленсе, 1 жас үй іздестіруде. Ал 3 азамат банктің іріктеуінен өтіп жатыр. Олар да таяу күнде қуанышқа кенелмек. Солардың қатарында бағдарламаның игілігін көрген Нұрдәулет Асан есімді қала тұрғыны да бар.
– «Әулиеата жастары» бағдарламасы басталмай тұрған кезде «Отбасы банкі» ұсынатын көптеген бағдарламаларға қатысып жүрдім. Бірақ жолым бола қоймады. Бірден баспана сатып алатындай қомақты қаржым да болмады. Сөйтіп жүргенде жастарға жеңілдікпен үй ұсынатын «Әулиеата жастары» бағдарламасы бар екенін естідім. Сайт арқылы барлық құжаттарымды өткізіп, конкурс шешімін күттім. Кейін портал арқылы өткенімді білдім. Аллаға шүкір, өзімізге ұнаған үйге қол жеткізіп, қуанышымызда шек болмады. Жалпы жастарға қолдау көрсеткен мемлекетімізге мың алғыс. Бүгінгі таңда үйсіз жүрген жастар өте көп. Сондықтан осындай ел игілігіне жұмыс істейтін бағдарламалардың жалғаса беруіне тілектеспін, – дейді шаһар тұрғыны.
Аталған жоба биыл да өз жалғасын таппақ. Десе де былтырғымен салыстырғанда аталған жобада айтарлықтай оң өзгерістер бар екен. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жоспарға сай биыл бағдарламаға 2 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның яғни 1 миллиарды жергілікті бюджеттен, қалғаны «Отбасы банк» АҚ тарапынан. Осы арқылы биыл 140 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда.

Асар – бабадан қалған ізгі дәстүр

Қиындықта қол ұшын созу – қайырымды іс. Дана қазақ бұны байырдан біліп, мұқтаж жандарға асарлатып көмек көрсетуді салт санаған. Кеңестік кезеңде бұл үрдіс көмескіленіп, ұмытыла бастағандай еді. Алайда кейінгі онжылдықта «Асар» ұғымы айрықша көрініс тауып, жұртшылықтың жүрегіне жол салды. Әсіресе, облысымызда қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасын бабадан қалған ізгі дәстүрдің жалғасы деуге болады. Айталық облыста биыл аталған жоба аясында баспанаға мұқтаждар үшін 106 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі.
Атап айтсақ, облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, Тараз қаласында – 10, Байзақ ауданында –10, Жамбыл ауданында – 8, Жуалыда – 10, Меркіде – 10, Мойынқұмда – 6, Қордайда – 15, Сарысуда – 8, Таласта – 9, Шуда – 9, Т.Рысқұлов ауданында 11 үй салынады деп жоспарланған. Оның ішінде 69 жаңа құрылыс, 24 күрделі жөндеу және 13-і сатып алу арқылы жүзеге аспақ.
Осыған орай, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов 2020 жылы басталған жобаның негізгі тәрбиелік мәнін назарда ұстау керегін баса айтып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеген болатын.
«Асарлатып үй салу» жобасының басты мақсаты – ауыл жұртшылығын жанашырлық пен бірлікке жұмылдырып, сол арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсете отырып, әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға үй салып беру.
Жалпы, бұл жоба бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 338 отбасы баспанамен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы 99 үй, 2021 жылы – 134, 2022 жылы 105 үй тапсырылған.
Игі жоба Жуалы ауданында да жүйелі жүзеге асырылуда. Жобадан ауданның жомарт жандары шет қалмай, аз қамтылған отбасыларға үй сыйлауда. Атап айтар болсақ, Жетітөбе ауылдық округіндегі «Темірбекова» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрбол Темірбеков Майбұлақ ауылындағы аз қамтылған бір отбасына үй сыйласа, Боралдай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы және «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбек Сәрсенбаев Көлтоған ауылындағы аз қамтылған екі отбасына баспана тарту етті. Айталық, Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының жастары сол елді мекен тұрғыны, көпбалалы ана, асыраушысынан айырылған Мәншүк Тойшыбаеваның отбасылық жағдайын ескеріп, бір жарым айдың ішінде жаңа баспана тұрғызып берген. Қайырымдылыққа екі ауылдың 1991 жылғы туған азаматтарынан бастап 2002 жылғы туған жастарына дейін атсалысыпты.
– Ауыл жастарының ұйымшылдығы мен бірлігі бұл уақытқа дейін әрдайым кез келген істе көрініс табады. Жастар ауыл үшін біраз игі іс-шараларды атқарып, тұрғындардың алғысы мен батасын алып келеді. Олар ауыл үшін көмектерін беруге дайын. Осы уақытқа дейін жастар дүниеден озған ата-бабаларының әруағына құран бағыштап, құрбандық шалып, үлкен деңгейде көкпар ойынын өткізді. Одан бөлек, екі ауылдың тұрмыс жағдайы төмен он отбасына қайырымдылық жасап, «Қосбөлтек» мешітінде ауызашар берді.
«Көп түкірсе – көл» демекші, ауыл жастары Мәншүк апамыздың отбасылық жағдайымен жақсы таныс. Оны жақсы таниды. Сондықтан барлығы жиналып, осындай ой тастап, іске бірден кірісіп кетті. Аз ғана уақыт ішінде үй соқты. Су жаңа үш бөлмелі үй тұрғызылды. Қазіргі таңда үйдің құрылысы толық аяқталды. Ішкі және сыртқы әрлеу-сырлау жұмыстары 90 пайызға аяқталып отыр. Ендігі кезекте тұрған мәселе – су кіргізу және жылыту жүйесін орнату. Бұл мәселе де оң шешімін табады. Ауылдағы мұндай жақсы бастамаға жұртшылық дән риза, – дейді Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Қыдырбаев.
Ал осы асарлатып үй салып беру бастамасының басы-қасында жүрген азаматтың бірі Дулат Нұрғалиев игі істің қалай басталғанын кеңінен айтып берді.
– Бұл бастама елімізде індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде басталды. Сөйтіп, жан-жақта еңбек етіп, жұмыс бабымен жүрген азаматтар ауылға орала бастады. Бірге оқыған құрдастар жиналып қалып, Мәншүк апамызға көмек көрсету туралы ойды ортаға тастадық. Себебі, Мәншүк апаның баласы Нұрбек – досымыз. Нұрбектің отбасылық жағдайымен де, денсаулығымен де таныспыз. Жастар іле-шала бастаманы қолдап, Instagram әлеуметтік желісінде «Баспана салуға көмек» атты парақша ашылды. Көмек көрсету үшін қаржы жинау туралы ұсыныс айтылды. Баспана салу үшін қаржы осы әлеуметтік желі арқылы және ауыл жастарының күшімен жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен желі қолданушылары шотқа қаржы аударды. Көпшіліктен жиналған қаржы болғандықтан елге есеп беруіміз керек. Заттарымыздың барлығын чекпен алып, есебімізді беріп отырдық. Парақшада жұмыс барысындағы видеотүсірілімдер, фотосуреттері салынды. Үйдің сапасына мән бердік.
Бұл игі іске әркім өз шамасына қарай көмек берді. Мәселен, Ерлан Қырықбаев есімді азамат осы жұмыстардың басы-қасында ұйымдастырушы болды. Ал Қалдан ағамыз бен Нұрсұлтан есімді азамат техникаларымен көмекке келді. Қарасаз ауылының тұрғыны Қуат ағамыз жүк таситын көлігімен көп көмек көрсетті. Мадияр, Диас есімді інілеріміз үйдің құм сылағын мойындарына алды. Үйдің қаланған әрбір кірпішінде ауыл жастарының қолтаңбасы бар. Барлығы бірдей үй біткенше күндіз-түні жұмыс істеді.
Әр істің қайыры бар. Осының арқасында үлкендердің ризашылығын алдық. Көп нәрсені ойымызға түйдік. Халқымыздың мейірімін, бірлігін сезіндік. Ата-бабамыздан қалған бойымыздағы асыл қасиеттеріміз көпшіліктің жүрегінде бар екеніне қуандық. Асарлату адамдарды бір-біріне жақындастырып, достық, татулықты өмірде ту ету керектігін, айналаңдағы жаңдарға қамқорлық жасай білу қажеттігін үйретті. Алдағы уақытта осындай ұйымшылдықпен бір жұдырықтай жұмыла білсек, еліміздің көсегесі көгерері анық, – деді ол өз сөзінде.
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен Жиренше шешен жыртық лашығынан аяғы шығып жатып. Сол айтпақшы, тұрғылықты тұрғын жайыңның болғанына не жетсін?! Бірақ, жоғарыда жазғанымыздай, баспаналы болуға екінің бірінің шамасы келмейді. Сондықтан жұртшылық мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп, сол негізде баспанаға қол жеткізіп жатыр. Мұның өзі елімізде тұрғын үй саясатының жемісін беріп жатқанын айғақтайды.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.