Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл ел – Тараз» – қала көркінің айнасы

0 298

Қай ортада болмасын жан-жағымыздың әдемі де көрікті әрі таза болғанын бәріміз қалаймыз. Халқымыз әрдайым «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп отбасындағы балаларын айналасын жиып, таза болуға баулиды. Әрине, бұл тек отбасы-ошақ қасындағы ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екені баршаға белгілі.

Тазалық – тәртіптің де бастауы. Тараз – ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы әрбір тұрғынның жан-дүниесінің көрінісі іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды контейнерлерге тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязына қарамастан шаһардың айнадай жарқырауына өлшеусіз үлес қосып жүрген «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ін ерекше атап өтуіміз қажет.
Қазіргі таңда аталған мекемеде жалпы саны 791 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында штаттық және қоғамдық жұмысшылар да бар. Серіктестіктің қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 268 алаңшасы орнатылған. Ағымдағы жылы 42 алаңшаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ мекеме 1540 дана жәшікпен қамтылған. Биыл тағы 520 жәшік алу жоспарда тұр. Тазалық мекемесінде техника да жеткілікті. Қазір осындағы 107 бірлік техниканың 9-ы күрделі жөндеуді қажет етсе, 21-і тозығы жеткендіктен жарамсыз күйде. Соған орай биыл мекеме жаңа 7 техникамен қамтамасыз етіледі.
Тараз қаласы аумағында бүгінде орта есеппен 8 008 мың/куб 150 км арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 24 сәуірден бастап «Қарасу» каналы да тазаланатын болады.
«Жасыл Ел-Тараз» ЖШС тарапынан атқарылып жатқан жұмыс аз емес, жоспар жұмыр. Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында қала аумағында 7 000 дана бойлары 2,5-3 метр болатын жабық тамырлы ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Алайда бізге берілген сметалық құжат бойынша 5 532 дана ағаш көшетін отырғызу туралы жұмыс бекітілген. Қазіргі таңда мекеме жұмысшыларының күшімен «Төңкеріс» аллеясы, «Бәйтерек» ықшамауданы, Жамбыл даңғылы мен Тәуке хан, Төле би, Айша бибі, Қ.Сәтпаев, Ы.Сүлейменов, Е.Ниетқалиев көшелерінің бойында 2 524 ағаш егілді. Сонымен қатар қыстан кейінгі 25 000 раушан гүлдің түптерін ашу жұмыстары атқарылып, оларға күтім жасалуда. Сондай-ақ қыстан кейінгі қар, құм, тұз астында қалған жарамсыз көгалды кайта қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі жүзеге асуда.
Бұған қоса бойлары 5-10 сантиметрге өсіп кеткен көгалды қырқу бойынша берілген сметалық жоспарға сәйкес, белгіленген 22 300 шаршы метрдің 4482,03-і орындалды. Атап айтсақ, облыстық, қалалық әкімдіктердің аумағындағы және Төле би көшесінің бойы, Тұнғыш президент саябағы, «Тәуелсіздік», «Қазақ хандығы» монументтері маңында өскен шөптер орылды.
Тағы бір айта кетерлігі, қала бойынша ағаштарды санитарлық кесу бойынша сметалық жоспарда көрсетілген 20 000 бұтақтың оның 9 630-ы кесілген.
Көне шаһарды көгеріштендіру жұмыстары жыл сайын қарқын алуда. Соның жарқын айғағы облыстық, қалалық әкімдіктің алды мен Төле би, Абай даңғылдарының бойы, «Жеңіс», «Желтоқсан-86», Тұңғыш Президент саябақтарына 19 530 шаршы метр гүл егу жоспарлануда.

Қолға алынған ілкімді істер мұнымен шектелмейді. Көшелерді тазартуға да айрықша көңіл бөлініп, бүгінде Тараздағы 1261,88 шаршы метрді құрайтын көшелер жуылды. Жалпы күнделікті қала аумағында 40 магистральді көше жуылады. Бұдан бөлек, Төле би даңғылы, І.Жансүгіров, Шостокович көшелері мен «Тектұрмас» кешені, «Жеңіс», Тұңғыш президент саябақтарындағы арық жүйелері қоқыстар мен топырақтан тазартылды. Осы орайда каналдар мен арықтардан күніне 8 текше метр қоқыс шығарылатынын айта кеткен абзал. Қоқыстарды тазалап ғана қоймай, оларды жою жұмыстары да жүйелі жолға қойылған.
«Жасыл Ел-Тараз» ЖШС тарапынан бүгінде орындықтар, қоқыс жәшіктер, балалар ойын аланшаларындағы әткеншекті, су бұрқақтарды жөндеу және брусчаткалар мен граниттік плиталарды қайта калпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағындағы 87 саябақ пен 42 саяжайды абаттандыру да назардан тыс қалған емес. Шаһардағы қураған ағаштарды бұталау да серіктестік тарапынан атқарылатын жұмыс- тардың бір бөлігі.
Жалпы биыл «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС «Таразға тарту» жобасы аясында ел игілігіне берілген 42 жаңа скверді күтіп ұстау, шаһар айналасындағы көлемі 20 гектар алаңда қорғаныш жасыл желектерді құру, шағын футбол алаңдарын орнату, жол көпірінің қорғаныс қоршауын жөндеу, саябақтардағы жарамсыз электр бағандарын қайта қалпына келтіруді көздеп отыр.
Әрине, бұл мекеме тарапынан атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда тұрған межелі міндеттер жетерлік. Әрине, мұның барлығы әсем қаламыздың көркіне сән қосу мақсатында қолға алынғаны айқын. Алайда, әрқайсымыз шаһар тазалығына жалғыз «Жасыл Ел-Тараз» ғана жауапты емес екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан сүйікті қаламызды көгеріштендіруге баршамыз бірдей атсалысайық!

Нұрбол Қалдыбаев,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.