Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қордайда құрылыс қарқынды

0 1  723

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сумен қамтамасыз ету керегін, таза су әрбір үйде, әрбір отбасында болуын міндеттеген тапсырма жүктеген болатын. Сол тапсырмалардың орындалу қарқыны қазір жаман емес. Ал өткен жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктері сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөнделуін қамтамасыз етуі қажеттігін баса айтқан.

Онда Үкімет басшысы: «Ауыз су мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақтылы қабылданып, нәтижелі болуы керек, – деген еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Жамбылда істеліп жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, былтырдан бері Қордай ауданының бірқатар округтерінде ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынған болатын.
Атап айтқанда аудандағы 41 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланады. Бұл жалпы алғанда ауылдардың 78 пайызын құрайды.
2022 жылы ауданның 5 елді мекенге оңды қолдауын тауып, қаражат бөлініп, бүгінгі күнге тиісті құрылыстар жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда:
– Сарыбұлақ (сметалық құны 828 миллион теңге) келісім шарт құны 693 миллион теңге;
– Ноғайбай (сметалық құны 730,4 миллион теңге) келісім шарт құны 657 миллион теңге;
– Степное (сметалық құны 759 миллион теңге) ауылдарының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына – келісім шарт құны 682 миллион теңге;
– Қайнар (сметалық құны 871,8 миллион теңге)келісім шарт құны 772 миллион теңге;
– Қарасу (сметалық құны 1959,0 миллион теңге, 2022 жылға 1111,0 миллион теңге бөлінді) ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысына бөлінді – келісім шарт құны 174 миллион теңге.
Аталған жобалар биылға жылға өтпелі.
Бұдан бөлек ағымды жылға 4 ауылды мекенге ауыз су жүйесінің құрылысына қаржы бөлініп конкурстық мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда:
– Күнбатыс-2 – «Күнбатыс ауылының сервистік желілерін тарта отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу»;
– Еңбек – «Сервистік желілерді жүргізе отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу»;
– Отар – «Отар ауылының су құбыры желілерін кеңейту;
Жамбыл, Кебекбай, Абай, Достық көшелері бойынша су құбыры желілерін салу (Шанхай тұрғын алабы)»;
– Қордай – «Партизан шағын аудандарының сервистік желілерін және Қордай ауылының Цемзаводын тарта отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу», ал қалған елді мекендерді 2025 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бұдан бөлек аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар да қарқынды жүруде. Қазіргі таңда қаладағы жайлы өмір – ауыл азаматтарына жат емес. Соңғы бірнеше жылда Мемлекет басшысының бастамасымен Қордай ауданында қыруар жұмыс атқарылып, 22 ауылды газдандыруға 10 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Осының арқасында, қордайлықтардың «көгілдір» отынмен қамтылу деңгейі 47-ден 95 пайызға жетті.
Жалпы, Қордай ауылына газ құбыры 1987 жылы тартылғанына қарамастан, аудандағы үлкенді-кішілі елді мекендерді газдандыру мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген. Десек те, соңғы екі жылда мемлекет тарапынан ауданға ауқымды қолдау көрсетіліп, аудан орталығына жақын жатқан ауылдар былай тұрсын, тіпті шалғайдағы Көктөбе, Аңырақай, Бел сынды елді мекендерге газ құбыры тартылды.
Тарқата айтсақ, 2021 жылы Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, бас-аяғы 392 шақырым магистральді газ құбыры салынды. Бұл іс өз кезегінде 62 мыңнан астам азаматқа қуаныш сыйлап, 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, былтыр «Отар» автоматты газ тарату стансасындағы жұмыстар аяқталып, осы аймақтағы тағы 12 елді мекенге орталық құбыр тартылды. Нәтижесінде Отар, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Бел, Аңырақай, Кенен, Алға, Мұзбел, Көгадыр, Соғанды ауылдарына газ құбыры жетті. Алайда, кейбір ауылдарда тұрғындардың газға қосылу ақысын кешеуілдетуіне байланысты ауылішілік құбырларды тарту жұмыстары әлі күнге жүргізілуде.
Ендігі кезекте, яғни 2022-2024 жылдар аралығында Қарасай, Еңбек, Керу, Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына газ құбырын тарту жоспарланған. Осының барлығы іске асқан жағдайда ауданның барлық елді мекендері табиғи газдың игілігін сезінбек.
Табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып отыр. Сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға ықпал етпек. Оның үстіне «көгілдір отынның» арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жеңілдеп, қыс маусымында отынға кететін шығынның да азаятыны, жайлы өмірдің арқасында жастардың ауылға тұрақтап, кәсібін дөңгелететіні де анық.
Ал биыл 5 елді мекенді – Еңбек, Қарасай, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарын газдандыру мақсатында республикалық бюджеттен қаражат қарастырылып, құрылыстар жұмыстары жүргізілу үстінде.
Сонымен қатар, Керу ауылын газдандыру үшін 476,6 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлініп, конкурс өткізу үшін мемлекеттік сатып алу басқармсына құжаттар жолданды. Бүгінгі күнге тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, Бәйтерек ауылына жобалау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекені 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.