Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі құландықтарға пәтер кілттерін тапсырды

0 534

Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов салтанатты шарада жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырып, қоныс той иелерін қуанышымен құттықтады.

– «Баспана – бақыт кілті» демекші мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 693,5 мың шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты.

Яғни, 2022 жылы 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 28 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ал, ағымдағы жылы облыс бойынша 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 45 тұрғын үй  пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде 3,2 млрд. теңгеге 343 азаматқа және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 58 азаматқа 515 млн. теңге сомасына несие рәсімделді, –деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.

Бұл күні баспаналы болғандардың қуанышында шек болмады. Олардың қатарында көпбалы отбасылар, мүгедектігі бар азамат, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Солардың бірі сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана  Дианара Юсупова. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында үйлі болғанына, әсіресе балаларының көңілі шат-шадыман екенін жеткізді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аудан орталығы Құлан ауылы «Арай» жаңа тұрғын үй алқабында алғашқы салынған 5 қабатты тұрғын үй пәтерлері кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Тұрғын үйде 1 бөлмелі – 20 пәтер, 2 бөлмелі – 40 пәтер, 3 бөлмелі – 20 пәтер қарастырылған. Нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «Сырым Былеке» ЖШС жүргізген.

Тұрғын алқапта тағы бір 80 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.