Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дәулетін еселеген «Қазфосфат»

0 237

Мамыр айының соңғы жексенбісі – Химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні.

Толғанай АТАБАЙ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Жылдағы дәстүрге сай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде аталмыш сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Екі күнге ұласқан мерекелік жиында бұл жолы химиктер де өнерден құралақан еместігін дәлелдеді. Жастар жылы, сондай-ақ «Қазфосфат» еңбек ордасының 20 жылдығына арналған кеште алғашқы күні айтулы өндіріс орнының 6 филиалы театрландырылған көрініс қойып, сынға түсті. Қызметкерлердің әртістік қабілеті, музыкалық қойылымына баса назар аударған кеште облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова әділ қазылар алқасының төрайымы атанып, өзінің бағасын берді.
Жиырма жылдан бері еліміздегі химия өндірісінің көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз әлеуетін ұлғайта отырып, фосфор кенін шығаратын алып еңбек ордасына айналып үлгерді. Ел тұрмысын түзеген өндіріс ошағының тарихы, жеткен жетістігі қатысушылардың қойылымына арқау болды. Әсіресе, «Қазфосфат» ЖШС-іне қарасты «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені сахналаған қойылым көпшілік қошеметіне бөленді. Фосфорит кенін қазып алып өңдейтін аталмыш тау-кен комбинатының көрінісі алып еңбек ордасының тарихынан сыр тарта білді. Осылайша, әртістік қабілетімен көпшілік ықыласына ие болған химиктер арасында өткен байқауда Тараз минералды тыңайтқыштар зауыты, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мен «Қазфосфат» ЖШС-нің қалалық офисі үздіктер көшін бастаса, қалған құрамалар арнайы Алғыс хатқа ие болды.

2011 жылдан бастап аталмыш өндіріс ошағында Қазфосфат жастарының одағы жұмыс жасайды. Бүгінде осынау құрамда 35 жасқа дейінгі 2167 жас маман бар. Мерекелік шараның жалғасы сала озаттарын марапаттауға арналған салтанатты жиынмен түйінделді. Онда өндіріс қызметкерлеріне алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.

– Химия өнеркәсібінің жетістіктері барлығымыздың өмірімізде маңызды орын алады. Онсыз адамзат бүгінгі күні даму деңгейіне жете алмайтын еді. Химия кен өндіру, металлургия, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс және тамақ өнімдерінің түрлі салаларында сұранысқа ие. Тәуелсіз Қазақстанның химия өнеркәсібін дамытуға үлес қосқан ардагерлердің еңбектері орасан. Қазақстан аумағында Д.И.Менделеев кестесінің барлық дерлік элементтері бар. Бұл осы саладағы жұмысты жемісті етіп, әрі қарай терең ғылыми зерттеулерді жалғастыруға мүмкіндік береді, – дейді «Қазфосфат» ЖШС басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов.

Айтулы дата – химия саласында тынбай еңбек еткен ардагерлерге және осы мамандық иелеріне құрмет көрсетілетін күн. Мерекелік жиында 40 жылдан астам салада өнімді еңбек еткен бірқатар қызметкерлер «Еңбек ардагері» және «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісін тағынды. Сондай-ақ талай жылғы еңбегі ескеріліп Мақсұтбек Есенов, Александр Власов, Исфанди Ибрагимов пен Болат Құлбаевқа «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыстады. Салаға сіңірген еңбегі үшін бұдан өзге азаматтар облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасымен, қалалық және облыстық мәслихат пен «Nur Otan» партиясы қалалық, облыстық филиалының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ сала қызметкерлеріне мерекелік лебізін білдірген облыстық кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген өндіріс ошағының озаттарын марапаттаса, бұл күні облыстық іскер әйелдер қауымдастығының Құрмет грамотасы да табысталып, 150-ден астам қызметкер «Қазфосфат» ЖШС-нің Құрмет және Алғыс хатына ие болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.