Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы – басты назарда

0 229

Облыс орталығында соңғы уақыттарда құрылыс жұмыстары қарқын алғаны белгілі. Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көрді.

Әуелі шаһар басшысы Абай даңғылы №123 үйдің маңында соғылатын сквердің эскиздік жобасымен танысып, облыстық әкімдіктің алдында орналасқан субұрқақтың жағдайына қанықты. Алдағы уақытта бұл маңда тұрғындарға арналған демалыс орны пайдалануға берілмек.
– Біздің басты мақсатымыз – Таразды туризм орталығына айналдыру. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс аз емес. Жаңадан салынатын сквер – сол жұмыстардың жалғасы. Мұндай орындар тұрғындардан бөлек, туристерге де ерекше әсер сыйлайды. Бұл 1-2 жылдық емес, келешек ұрпаққа қалатын нысан болмақ. Сондықтан оның сапасы да соған сай болуы тиіс, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Қала әкімі бұдан кейін «Зербұлақ» демалыс орталығының аумағында бой көтеріп жатқан аквапаркке ат басын бұрды. Жалпы бұл нысан еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі мәдени-сауықтыру отбасылық демалыс аймағы болмақ. Аталған аймақ Зербұлақ көлінен бөлек, ең ірі аквапаркты, аллеяны, бес жұлдызды қонақ үйді, SPA-орталықты және де қызмет көрсету саласын қосқанда, ойын-сауық орталығы типі бойынша бірыңғай кешен ретінде жұмыс істейді. Кешен құрылысына көптеген техникалар тартылып, 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Аквапаркті пайдалану кезінде тағы 20-дан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда екен. Жобаның бірінші кезеңінің құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Аттракциондардың 14, толқын тербелісі бар бассейннің генерациялау жүйесін, аттракциондарындағы су айналымы жүйесі жабдықтарының 6 түрін, сондай-ақ сырғанауға арналған толқын тербелісі бар бассейндерді, балаларға арналған және дренажды бассейндердің жұмысын қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды орнату жоспарланған. Суды тазарту жүйесіне де ерекше назар аударылады. Сатып алынатын аттракциондар халықаралық стандарттарға ие және қажетті талаптарға сәйкес келеді.
Бұл кешенді іске асыру қаланың және жалпы облыстың экономикалық және туристік әлеуетін жақсартады, сондай-ақ шаһардың тартымды имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді деп күтілуде.
Бақытжан Әмірбекұлының келесі аялдаған нысаны – №20 мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер көпірі. Бұл тұрғындардың көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесі болатын. Осылайша алдағы уақытта бұл түйткілдің де түйіні тарқамақ.
Жұмыс сапары соңында шаһар басшысы құрылыстың сапасына баса мән беріп, межелі мерзімді аяқтау керектігін баса айтты.
Құрмаш Қаптағай

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.