Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасыл желек – жердің көркі

Үш жылда Таразда 55 мың тал көшеті отырғызылады

0 268

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз бар. Осыны берік ұстаным еткен Үкімет соңғы онжылдықтың бедерінде қалалар мен ауыл-аймақтарды көріктендіріп, тал-дарақтарды отырғызуды мықтап қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді», – деген еді.
Осы бағытта көне шаһарда да ілкімді істер қолға алынуда. Әсіресе ықшамаудандар мен саябақтардың аумағын жасыл желекпен көмкеру қарқын алды. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. «Жасыл желек – жердің көркі» жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 48 гектар жерге 55 мың тал көшетін отырғызу жоспарланған. Белгіленген жер «Құмшағал» бас су тоғанының жанындағы санитарлық қорғау аумағы, №15 ықшамаудан мен өндірістік алқаптары екен. Оның ішінде қала көшелерін абаттандыру және көгалдандыру мақсатында биыл 3 мың, 2024 жылы 5 мың, 2025 жылы 5 мың түп үш, бес жылдық үлкен талдар отырғызылмақ. Сондай-ақ наурыз айының басында 2 айлық сенбілік жарияланып, қала әкімі Бақытжан Орынбеков алғашқылардың бірі болып жеміс ағаштарын еккен болатын. Әрине, мұндай іске тұрғындар да дән риза. Солардың бірі – еңбек ардагері Дүйсенбек Орманов.
– Көктем жеткен соң жер-жерде тал-көшеттер отырғызылып жатқаны мені қуантады. Олар қала аумағын жасыл желекке бөлеуден бөлек, экологияның жақсаруына мол септігін тигізеді. Тараздың аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соған орай сырттан келетін туристердің де саны артуда. Әрине, көне шаһар тал-дарақпен көмкеріліп тұрса, қалаға ат басын бұрған қонақтарды да ерекше күйге бөлейтіні анық, – дейді Дүйсенбек Сәлімұлы.
Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар кімді болса да қуанышқа кенелтетіні сөзсіз. Әсіресе соңғы кездері облыс орталығында туындаған экологиялық мәселелер көшеттердің қаншалықты пайдасы бар екенін айғақтағандай. Қалай десек те, Тараздың жасыл қалаға айналатын күні жақын.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.