Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылады

0 523

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік-медициналық және қосымша білім беру мекемелерін аралады.

Әуелі аймақ басшысы «Ана мен бала» орталығының жұмысымен танысты. Балалар мен ересектерге мамандандырылған медициналық оңалту көмегін көрсететін орталық 270 стационарлық төсекпен қамтылған. Оның 70-і балаларға арналған. Мұнда неврология, травматология, ортопедия, кардиология, пульмонология бөлімшелері қызмет көрсетеді. Орталықта бүгінде 170-тен астам қызметкер жұмыс істейді.
Орталықтың бас дәрігері Динара Кәрібаева нысанды күрделі жөндеу және қосымша ғимарат салу мәселесін көтерді. Облыс әкімі өз кезегінде күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттілігі көптен бері көтеріліп келе жатқанына назар аударып, уақыт созбай бұл жұмыстарды бастау үшін тиісті тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу, көпбейінді хирургия және онкология, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталықтарына да ат басын бұрды.
Аймақ басшысы емдеу, оңалту орталықтарының қызмет алушылары және емделушілерін, оңалтудан өтіп жатқан балаларды әңгімеге тартып, жағдайына көңіл бөлді. Мекеме басшылықтарына ем алушыларға барынша сапалы қызмет ұсынып, қамқорлық таныту керектігін де баса айтты. Облыс әкімі 68 бала ем алып жатқан Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын кеңейту мәселесіне де назар аударды.
Сонымен қатар Аутизмі бар балаларды қолдау орталығының жобасы талқыланды. Ол үшін облыстық онкологиялық орталығының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өтпек. Жаңа орталық осы ғимараттың базасында ашылады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың да жай-күйімен танысты.
Нұржан Нұржігітов нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, кеңейту қажеттілігіне сәйкес қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.