Қалада ағымдағы жылдың 25 қаңтары мен 25 ақпаны аралығында «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу» атты айлық жүргізілген еді. Аталған шараның қорытындысы ретінде жарнама агенттіктері мен жеке кәсіпкерлер арасында «Жарнама тілі – қоғам тәрбиесі» атты семинар өткізілді.
Көрнекі ақпарат, деректемелер бойынша аударма жасауға, жарнаманы тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеуге көмек көрсетуді мақсат еткен семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді талқылап, көрнекі ақпараттар мен жарнаманы дұрыс рәсімдеуді қамтамасыз ету, аударма мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ зерделеу жұмыстары кезінде белсенділік танытып, атсалысқан тіл жанашырлары А.Серкебаева, А.Дүйсен, Т.Камалова және жарнама агенттігінің басшысы Л.Финько Тараз қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бір айға жалғасқан зерделеу жұмыстары аясында 717 жарнама мен көрнекілік құралы тексерілді. Соның нәтижесінде жалпы 27 кемшілік анықталған. Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптары сақталмаған жарна-малар – 22, пунктуациялық, грамматикалық қателіктерге жол бергендер – 5, зерделеуден кейін мүлдем алынып тасталғандары – 6, ауызша ескертіліп, әдістемелік көмек көрсетілгендері 21 екен. Сонымен қатар «Дәмді себет», «Фиркан» супермаркеттер желісінің баға көрсеткіштері тілдерді дамыту бөлімі тарапынан аударылып, қателіктері түзетіліп, ағымдағы жылдың І тоқсанында толығымен ауыстырылатын болды.
Осы орайда бүгінде қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде «Жедел желі» қызметі жұмыс істейтінін айта кету керек. Аталған желіге былтыр 100-ден аса өтініш түссе, биыл жыл басынан 16 жеке кәсіпкердің жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын тексеріп берген.
Жедел желіге мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 34-93-57; 34-69-01; 87029180713; 87077148408.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ