Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткілікті ме?

0 553

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен «Тараз» ӘКК басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бекітілу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басынан бері 2 пайызды құраған. Олардың бағасын тұрақтандыру мақсатында делдалдарды анықтау және жою, өнімдерді тікелей жеткізуді ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, көкөністерге тауарлық интервенция жүргізу, бақылау-кассалық аппаратымен жабдықталған нүктелерді сапалы және төмен бағалардағы өнімдермен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.
Форвардтық келісімшарт бойынша 1 000 тонна пияз, 500 тонна картоп, 500 тонна қырыққабат, 1 000 тонна сәбіз жеткізу жоспарлануда. Ал «Айналым схемасы» бойынша «Magnum» сауда желісімен 18 миллион теңгеге, «Дәмді себетпен» 120 миллион теңгеге, «Эко чикенмен» 50 миллион теңгеге келісімшарттар жасалыпты.
Тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану тетігін жүзеге асыру үшін 4 000 тонна ұн, 50 тонна қарақұмық, 200 мың литр күнбағыс майы, 50 тонна күріш, 1 миллион дана жұмыртқа сатып алу көзделуде.
– Тұрақтандыру қорында «Айналым схемасы» бойынша азық-түліктің жеткілікті мөлшерін қалыптастыру үшін қомақты қаржы қаралған. Баға өскен жағдайда тауарлық интервенцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар өнімдер жеткілікті. Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында астық құны субсидиялануда, тұрақтандыру қорынан да наубайханаларға ұн беріледі. Әлеуметтік дүкендердің жұмысы басты назарда болуы тиіс. Бағаның төмендігі өнімнің сапасыздығын білдірмейді. Біз тұрғындарды жаңа және сапалы өніммен қамтамасыз етуге күш саламыз, – деді аймақ басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға жергілікті тауар өндірушілерден тікелей жеткізілімдерді ұйымдастыру, апта сайын өтетін жәрмеңкелер туралы халықты кеңінен хабардар ету, сауда саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау жөнінде тапсырмалар берді.

Айдар Айнабала

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.