Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың төл басылымы

0 418

Құрметті «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы! Сіздерді төл мерекелеріңіз – газеттің туған күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Jambyl-Taraz» газеті оқырманға жол тартқан 27 жылдың ішінде өңіріміздегі өзіндік бай тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың біріне айналды.
Ширек ғасырдан астам уақытта газеттің қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өткені жұртшылықтың көз алдында. Әрине, уақыт жылжыған сайын жаңаша кейіпке еніп, мазмұны жағынан да толысып, сүбелі дүниелерімен қуантуда. Бүгінде басылым әулиеаталықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін дәріптеп, қалың бұқараға жеткізіп келеді.
Көне шаһардың жасампаз істерге толы шежіресін жазуға да аталған басылым зор еңбек сіңіруде. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, бұқараның әлеуметтік мәселелерін батыл көтерумен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде жыл сайын оқырмандар қатары да артуда.
Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген еліміздің іргелі өңірі Тараз қаласының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан танытуда. Егемендіктің елең-алаң шақтарында сол кезеңнің ауыртпалығын газет журналистерімен бірге көтеріп, басылымның игі дәстүрлерін сақтап қалды. Осы ұжымда қаншама қарымды қаламгер еңбек етіп, басылымның іргесін нығайтты, керегесін кеңейтті. Соның арқасында талай жас тілшінің қанаты қатайып, талабы ұшталып, биік белестерге самғады. Қазіргі кезде де газет уақыт талабына сай ақпараттық жүйені жетілдірудің жаңа мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті, оқырмандары көп, ойлы жазбалары жетерлік басылымдардың алдыңғы қатарында тұр.Келешекте де баспасөз құралы халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін.
Баршаңызды басылымның 27 жылдық белесімен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Ұлт руханиятының дамуы жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер!

Бақытжан Орынбеков,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.