Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, жаңа идеялардың бастамашысы

0 390

Бүгінде жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шаралар, қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріне жастарды белсенді тарту, жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі қаланың мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру және жастардың қоғамдық бірлестіктермен байланысын нығайту сынды ілкімді істер қолға алынуда. Өз кезегінде қоғамның қозғаушы күші саналған жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да аз емес. Бүгінде оларға тиесілі түрлі бағдарламалар мен жобалар баянды бағдарын табуда.

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп баса айтты. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде екендігі сөзсіз.
Ағымдағы жылы облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы шаһарда 11 743 жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың барын анықтап, тізімін әкімдікке жолдады. Осы орайда анықталған жастарға тізім бойынша адрестік жұмыстар жүргізіп, әлеуметтік портреті әзірленуде.
Қаламызда жастармен етене жұмыс істеп жүрген Жастар ресурстық орталығы шаһар жастарының дамуы үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Орталықтың негізгі міндеті – жастарды білімге, шығармашылыққа, инновациялық жобаларға бағыттау. Өткен жылы Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен «Зейін» әлеуметтік жобасы бастау алды. Жоба әлеуметтік осал, көпбалалы отбасылар мен оқыту орталықтарына баласын оқытуға жағдайы жетпейтін жанұя балаларына қосымша тегін білім беру мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды көздеді. Мұндай баянды бастама Тараз қаласындағы «Даму» оқыту орталығының қабырғасында қайырымдылық жобасы ретінде бастау алып, бүгінде «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарын қоса алғанда қала бойынша 100 бала тегін оқытылуда.
Жастарды бос уақытында еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағын жасақтауға жергілікті бюджет есебінен 27 миллион теңге қаржы қарастырылып, наурыз-қазан айлары аралығында 440 жасты жұмысқа тарту және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 5,6 миллион теңге бөліп, 502 жасты уақытша жұмыспен қамту көзделуде. Оның 96-сы NEET санатындағы жастар.
Өткен жылдың қазан айында жастарды қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйрету мақсатында «Тараз қаласына жаңа серпіліс» атты инновациялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Жоба аясында жастар арасында сұранысқа ие және өз саласында тәжірибесі мол кәсіпкерлер мен менторлар, мемлекеттік мекеме өкілдерінен құралған спикерлер тобы қатысушыларға мобилография, SMM, бизнес жоба жазу және қорғау, ораторлық өнер бағыттары бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді.
Былтыр техникалық-кәсіптік салада еңбек етіп жүрген жастарды марапаттау, ынталандыру арқылы олардың одан әрі өзін-өзі жетілдіруге және өңірде қалып, жұмыс істеуге мол мүмкіндік беру, қаламыздың жастарының арасында өндірістік мамандықтарды насихаттау мақсатында «Taraz job» атты техникалық мамандықтар байқауы да өтті. Жоба 7 бағытта, оның ішінде жастар арасында кеңінен таралған мобилография, барбершоп, киберспорт, аспаздық өнер, тігінші, дәнекерлеу ісі және үстел теннисінен ұйымдастырылды. Әр бағыт бойынша шараға қаламыздың NEET және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 150-ден астам жас қатысып, үздіктер бағалы және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші, жаңа идеялардың бастамашысы. Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемдік аренада танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай миссия кәсіптік білімі бар, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті – мемлекеттік жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру.
Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау – сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін орасан рөл атқарады. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі
де жастарға байланыс- ты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар ізденістің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Келешектің іргетасын қалау үшін ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керектігін өмірдің өзі дәлелдеп көрсетті.
Президент халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүние- жүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр», – деп жастарға зор сенім мен үміт артты. Ендеше, осы сенім мен үміт үдесінен шығу үшін біз жастармен бірге жұмыс істеп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымағымызды танытуымыз керек.

Бақытжан Орынбеков,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.