Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түгел сөздің төресі – Төле би

0 2  082

Қай дәуірде де, қай заманда да тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, қазақтың басын қосқан, туын жықпаған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Елдігімізді де, кеңдігімізді де біз солардың арқасында сақтап қалдық. Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандар тұсында мемлекет құрудың басында болған аса ірі қайраткер, дала демократиясының данышпаны, әз-Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі – Төле би Әлібекұлы.

Қазақтың халық ретінде сақталып қалуына аянбай қажыр-қайрат жұмсаған Төле би Әлібекұлы табиғатынан дарынды туған, халқының ақындық, шешендік өнерінен құмарын қандырған, кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу, терең кісі болған. Ел арасындағы билікке ерте араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен халқын тәнті еткен. Төле би – түп-тұқиянынан, ата тегінен билік үзілмеген, көсілгенде көсем, шешілгенде шешен, қалың елдің қайғысын жұтып, қамын жеген, қара қылды қақ жарған, басына бақ қонған, қызыр дарыған, қаралы, жаралы жұртына тірек, пана болған, еліне сөзі ем болған, жұртына сөзі жөн болған, ақылы дария кен болған, ханға да, қараға да тең болған, сөйлеп бір кетсе сел болған, көңілі түссе көл болған кемеңгер, дала данышпаны, ақылман, данагөй, халық көсемі.
Биыл елімізде даңқты бидің 360 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Осыған орай Төле би Әлібекұлынан қалған шешендік сөздер топтамасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Баланың билігі

Кіші жүздің Жарабай деген жуан тұқымы қыпшақтың бір адамын өлтіріп, теңдік бермейді. Бір жолы қыпшақтың талапкерлеріне ілесіп жас бала барады.
Сонда Жарасбайдың даугері:
– Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, ердің арын, елдің намысын қозғайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін жер емес пе? Түйенің тайлағы, баланың ойнағындай мыналарың кім? – дейді.
Сонда бала:
– «Ердің құнын жастың жайсаңы, кәрінің шайтаны даулайды» деуші еді. Сен кәрінің шайтаны болсаң, мен жастың жайсаңымын. Төріңнен көрің жуық қалғанда, дауға араласатын сенің не жөнің бар? – дейді.
Осындай билік айтқан баланың аты Төле екен. Кейін Төле би атаныпты.

Төле бидің төрелігі

Бір байдың үлкен тойында бәйгеден бір жүйрік озып келеді. Әлгі жүйрікке екі рулы ел таласып, қамшы сілтескен төбелеске айналады. Ақырында екі жағы да Ақбота биге жүгінеді. Сонда Төле ағасына:
– Билікті маған беріңіз, мен шешейін, – деген соң, ағасы тілге келмей:
– Уа, қауым, халқым менің, мен билікті інім Төлеге бердім. Әділеттігіне бас игейсіздер, – деп жар салады.
Қалың ел енді екі даугердің сөзін тыңдайды.
Жүйрігі бірінші келген, бәйгеден озған кісі қамшысын ортаға:
– Дат, бала би, – деп тастайды да өлеңдетіп соғады.
Сөзіме куә тартқан қалың елді,
Сипаған аузын үрлеп малым еді.
Қолбала сегіз жаста, тісі бүтін,
Туғаннан бар мінезі мәлім еді.
Бәйгеден жас кезінде-ақ озып жүрген,
Қуғанда киік артта қалып еді.
Кездері киік қуған тайында еді,
Қарнын үш киіктің жарып еді.
«Сауға» деп мына екеуі екеуін ап,
Қазанға қазы қосып салып еді.
Етті жеп, ауқаттанып отырғанда,
Мына төртеу біздерге барып еді,
Бәйгеден жеті жылдан келеді озып,
Халқыма жеті рулы мәлім еді, – деп, ә дегенде екі адамды, қала берді үстеріне барған төрт адамды куәлікке тартып, дес бермеуге айналды. Сонда «ат менікі» деп отырған Төлебай сыншы қамшысын тастайды да, өз дәлелін айтты.
– Мені ел босқа сыншы деп атап жүрген жоқ. Мен өмірімде көрмеген малдың енесін көріп, төлін танимын. Төлін көріп, енесін дәл ажыратамын. Ал мынау жүйрік ат менің боз биемнің құлыны екені даусыз. Бір кезде буаз кезінде боз бием қолды болды да, көз жазып қалдым. Ұры ауылымды торуылдап жүрген кезінде қолға түсіру үшін сойдауыттай жігіттерді күндіз-түні жылқыға қарауылдаттым. Арада бір жыл өткенде боз биемді мініп, жылқы ұрлауға келген ұры қашып құтылды. Биемді тастап қашқан екен. Ауаға ұшқаны, жерге сіңіп кеткені белгісіз, зым-зия құрыды.
Бием қолды болса да, өзіме келді. Ал құлыны қайда деп жүретін едім. Бүгін бәйгеден озып келген сұр қасқаның осы боз биеден туған құлын екенін танып, «өзіме қайтар, бәйгеге сен-ақ ие бола ғой» десем, көнер емес. Оның соңы төбелеске айналғанын бәрің де көріп-білдің. Ал, бала би, атаңның әруағы қолдасын, әділ төрелігіңді өзің айт! – дейді.
Төлебайдың сыншылығынан басқа дәлелдері жоқ екенін халық «Ойпыр-ай, бұл дауды қалай шешер екен бала би? Аналар өліспей беріспейін деп отыр емес пе? Төлебай сыншы екенін, елге кеткен дабыра атын пайдаланып, біреудің жүйрік атына ауыз салып отыр демеске амал жоқ. Дегенмен шешуі қиын іс болды» деп өзара сыбырласып отырғанда Төле саңқ ете түсті:
– Уа, жамағат, екі жағың да естіп білдіңдер. Ал мен былай ету керек деп есептеймін. Екі жақтың да осы тұлпардың енесі атанған биелерін әкелуді сұранамын, – деді.
Билік жасаушының сөзі екі болған жоқ. Түнделетіп екі жақтан да биелер жеткізілді. Енді Төле:
– Екі бие де бір бағытпен үш күндік жолға айдалсын. Үш күн дамыл бермей жорғалатып, шаршатып келсін, – деді.
Екеуіне де бала мінгізді де, қаумалаған қалың топтың ішінен екі-үш адам бөлініп, биелерді жолға аттандырып, бірге жөнелді.
Үшінші күні ел билік құрылған төбе басына жиналды. Екі бала да ақ көбігі шығып, ентіге жетті. Анадай жерде байлаулы тұрған тұлпарға Төлебайдың тарпаң биесі оқыранып, желінінен сүт ағып, иіскелеп тұра қалды. Тұлпар да енесін танып оқыранды.
– Сенің малың екен. Тұлпар сенікі, – деді Төле Төлебайға, елге:
– Қане, не айтасыңдар? – деп алақанын жайғанда, ел гуілдеп кетті.
– Атаңа рақмет, көп жаса, шырағым. Өркенің өсе берсін! Шын әділ, дана би сен екенсің, билігіңнен айналдық, – десіп бата беріп жатқанда, даугер «Дат!» деп айқайлап жіберді.
– Датың болса, айт! – дейді ел. Сонда бұжыр бет, жөң айбат, түсі суық әлгі даугер былай деді:
– Мен атышулы, баукеспе ұры едім. Жүйрік атты көбірек ұрлайтынмын-ды. Осы Төлебай сыншының жүйрігінің бірін қолға түсіремін деп көп әурелендім. Бір жолы айдалада жайылып жүрген тарпаң, боз биені көрдім де, желіндеп қалғанын білдім. «Қалай ғана тұлпар тумас дейсің» деп іле жөнелдім. Ауылыма келген соң еш адамға көрсетпей оңаша бақтым. Үмітім алдамаған екен, көпке ұзамай аман-сау құлындады. Сұр қасқа жануардың аузын үрлеп, қолбала етіп тәрбиеледім. Құлыннан-ақ жануардың жүйрік шығатыны белгілі еді. Еліміздегі небір сыншылар көріп: «Бұл әлі тайында-ақ алдына ат салмайтын арғымақ болады», – деп жағаларына түкірісті.
Мен оларға өз биемнен туғанын айттым. Неге десеңіз, сол кезде құлындаған өз биемнің құлынын қасқыр жеп кеткендіктен, сұр қасқаны өз биеме телігем-ді. Боз биені күндердің күнінде біреу-міреу таныса, «биемен қоса жүйрік құлынымнан да айырылып қалармын» деп қауіптендім. Онымды Құдай қос көрмеді. Міне, ақырында малы иесін тапты. Ал ақ боз биемен Төлебайдың ауылына екінші рет келуімнің мәні – «биені жылқышылар таныса, тастап қашармын, ал танымаса, осы тарпаңның тағы бір ұрпағын қағып қайтармын» деген ниет еді. Қанша дегенмен жылқы баласы өз енесінен безе қашпайды, иісінен, түсінен сезіп оқыранса, қолға тез түседі, жетекке аламын да кете барамын деген ниеттен туындады. Бірақ бұл жолы қолға түсіп қала жаздаған соң, «бастан құлақ садаға» дедім де, биеден түсе қашып, бір қуыстың ішіне сүңгіп кеттім. Содан таң саз бере ғана жылқышылардың қарасы өшкен соң, жаяу-жалпы жан амандадым. Осы жолы «енді ұрлықты қояйын» деп өзіме-өзім ант етіп, Құдай алдында уәде бердім. Ал сұрқасқаны қаншама жылдар бойы бәйгеге қосқанда жүлдені берген емеспін. Сол үшін де көңілім көтеріліп, ел қатарына теңеліп жүруші едім. Өтірік айтуымның да, жанымды сатуымның да мәнісі – осы. Ал, жамағат, өркенің өскір мына Төле «бала би» ақиқатына жетті. Құдай енді мені өтірік айтқызып, қарабет ете көрмесін. Аллаһу Акбар! – деп батасын беріп, жөніне кетіпті. Қалың ел Төленің терең ақылына, әділ билігіне риза болып тарасады.

Өтегенге бата беруі

Өтеген батырдың соғыстан аман келгенін естіген әр рудың жақсылары, әз-киелілері түгел жиналады. Төле бидің көңілі көтеріліп, «өлді» деген Өтегеннің туған жерге аман-сау келгеніне арнап ақбоз айғырды шалдырады. Өзі де көңілі көтеріліп, бауырының сөзін жалықпай тыңдайды.
Елден аттанған күннен бастап, қай жерде болғанын, қай елдерді аралағанын, түп-түгел жігін жатқызып әңгімелейді. Өтегеннің сөзін тыңдап отырғандардың біразы «астапыралла» деп жағаларын ұстайды. Кейбірінің көзіне жас келіп, сүйектері босайды. Әңгімеге қаныққан Төле би о баста Ұлы жүзге жердің бетінен қолайлы қоныс ізде деген сөзін есіне алып:
– Еңіреген еліңе тапқан жерің бар ма?
Құшағын ашар ел бар ма?
Сен кеткелі қанша жыл, қайырын Құдай берер ме?
Шығыстан қытай қаптаса,
Қалмақ та тыным таппаса,
Бұқар, Қоқан, Хиуа қылышын жалаңдатып,
Бір жыл тыныш жатпаса,
Халқымның күні не болар?
Үш жүзді бөліп ап,
Күңірентер ме екен елімді?
Сындырса бүтін белімді, кімнен алам кегімді?
Мамырлайтын қалың ел,
Таптың ба, айтшы, жеріңді? – деп жамбастап, жастыққа сүйенеді.
Сонда Өтеген де ардақты ағасының көңілін жықпаймын деп жәмпеңдеуден гөрі шындықты айтайын деген байламға келеді де, былай дейді:
– Садағаң кеттім, Төле би!
Алатаудай жер қайда?
Аспан асты, жер үсті,
Қазақтай дархан ел қайда? – депті. «Атамекеніміз Алатау мен Жетісу, Қаратау үшін қан майданға түсіп, жаудан кегімізді алайық. Ерте заманнан бері иеленген қасиетті жерімізден айдап шығайық. Енді бізге тек қылыштың жүзі, найзаның ұшы, шоқпардың күші жалынсын!» – деп гүжілдескендерге Төле би қолын жай ғана көтереді де:
– Түсінгендеймін-ау, шырағым Өтеген! Ташкенді жаудың көзінен қан жаудырып алып бердім. «Алтау ала болса, аузыңдағы кетеді». Ташкент, Шымкент, Құмкент, Түркістан, Бабата, Сайрам, Әулиеата, Алмалық, Меркі, Созақ, Жетісу, түгел Алтын Емелге дейін сендердің жерің. Ағаш бір жерге көгерсе керек. Ел болам десеңдер, ежелгі Моғолстан, онан ары үйсін аталарыңның елдігін, хандығын, мемлекеттілігін ойлағайсыңдар. Ендігі бостандықтың туын көтеруді бір Алла саған жазсын! – деп Өтегенге бата беріпті. Отырғандар «Әумин» деп бата жасаған соң, Өтеген былай депті:
– Жер жәннаты Жетісуды қалың қалмаққа бергенім – менің тірі жүрмей өлгенім. Ата қоныстан айырылғаным – алмастай жүзімнен майырылғаным. Өз жерімді өгейсіткенім, аңыратқаным – арымнан да, иманымнан безгенім. Бөтен жұрттан жер-жайылым, қоныс іздегенім – дүниедегі халықтардың хал-ахуалын сезбегенім. Енді Асан қайғы бабамдай Жерұйық іздеп, ешкімге көзімді сатпаймын! Антты мен босқа айтпаймын! Айттым ба, әруақ жар болса, сөзімнен қайтпаймын! Ұшы болат найзамды шыңдаймын да саптаймын. Арғымақты баптаймын. Ақ семсерді қолға алып, білтелі мылтыққа оқ салып, шоқпарды қысып тақымға, тайлы-тұяғыммен қалың елім Жетісуға қаптаймын!
Өтеген батырдың алған бетінен қайтпайтынын Төле би бала жасынан білетін-ді. Басын изеп:
– Бабалардың сүйегін,
Моласында тебірентпей,
Әруақтарды еңіретпей,
Жаудан босат ел-жерді,
Қолдасын Құдай сендерді! – деп тағы да батасын беріп, ақ жол тілейді. Өтеген бастаған батырлар мен баһадүрлер сонан былай қалың жаудың іргесін сөгу үшін жанын да, қасық қанын да аямай жорыққа аттанады.

Қалмақ, қалмақты ептеп алмақ…

Абылай хан, Өтеген батыр Ұлытаудың бөктерінде аң аулап жүріп, бір сайға келіп аз-кем аялдап, демалуға отырады. Қапысыз отырған хан мен батырдың үстіне жаудың қалың қолы кездейсоқ тап болып, екеуін қалмақтар байлап әкетеді. Қалмақтың ханы екеуін зынданға салып тастайды.
Өтеген мен Абылайдың қолға түскенін естіген Төле би батырларды бастап, 30 мың қалмақтың ордасын қамапты. Қалмақтың ханы Қалдан Церен зәре-құты қалмай қорқып: «Би ашуланбасын, сөйлесейік, келісейік», – деп кісісін жіберіпті.
Төле би ханның ордасына кіріп барып:
– Ей, қалмақтың ханы, жерімді алғаныңды кешіріп едім, малымды алғаныңды кешіріп едім. Енді батырым мен ханымды алғаныңды кешірмеспін! 30 мың қолмен өзім келдім, 30 мың қолмен Қойкелді келеді, 30 мың қолмен Наурызбай келеді, – дейді.
Сонда қалмақтың ханы бұрынғысынан да қатты сасып:
– Биеке, бір білместік болды, кешіріңіз, – деп кешірім сұрайды.
Өтеген мен Абылай екеуін өзі барып зынданнан шығарып әкелген екен. Өтеген мен Абылай ойда жоқ жерде Төле биді көргенде таң қалып:
– Қалай келдіңіз? – деп сұрайды.
Сонда Төле би:
– Үндемеңдер, ханым, батырым! Қалмақ қалмақты ептеп алмақ. Осылай етсек жабыла, қалмақтың өзі-ақ біздің жерден жоғалмақ, – деген екен.
Сөйтіп, Төле бидің «Қалмақ қалмақты ептеп алмақ» деген сөзі елге тарап кетіпті.

Бақ дегеніміз не?

Атақты билер арқаға жиналыпты. Айтқан мезгілден Төле би кешігіп келеді. Оған шамданған қарт билер:
– Төле би келсе, орнымыздан тұрмайық, – деп уәделеседі. Бірақ Төле би келгенде орындарынан тұрып кетеді. Тек екі-үш би ғана тұрмайды. Төле би көпшіліктен кешіккені үшін кешірім сұрайды. Әлгі тұрмай қалған билердің бірі сөзден ұту үшін сынай сұрақ қояды:
– Бақ дегеніміз не?
Байлық дегеніміз не?
Бала дегеніміз не?
Төле би орнына отырмай, түрегеп тұрған бойда:
– Бақ – ұзатылған қыз,
Байлық – еритін мұз,
Бала – артта қалған із.
Өмірдің адамға ең жақсы сыйы –
Сыйласқан сіз бен біз, – дегенде, билердің бәрі орындарынан тұрып, құрмет көрсетіпті.

«Бірлігі кеткен ел жаман»

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:
– Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналдыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, – дейді Төле би.
– Айтыңыз, айтыңыз…
– Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң-тамаша болады.
– Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?
– Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.
– Рұқсат, рұқсат.
– Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман,
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман,
Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман,
Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман,
Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман,
Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман,
Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса сол жаман,
Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман,
Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман,
Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, – дейді Қаз дауысты Қазыбек.
– Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, – деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

Қазақ батырларының жігерін жануы

1740 жылы жоңғар билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басшылары түгел жиналады. Сонда Қарабек батыр:
– Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ, – деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:
– Атадан ұл туса игі,
Өзі біліп тұрса игі,
Ата жолын қуса игі.
Жаудан бұққан немені,
Өзіне келер ұятын,
Ортасынан қуса игі, – деп шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Сонан соң айналасындағыларға қарап:
– Уа, көсіле шабар жерің бар,
Арылмайтын сорың бар…
Ту көтерер ерің бар.
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Қол боларлық елің бар,
Еркек болып туды деп,
Атадан қалған жолың бар,
Мына сені кім айтар, құлдық ұрсаң дұшпанға, – деп толғайды. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі.

Дайындаған Айдар АЙНАБАЛА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.