Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жуалыда тау-шаңғы базасы ашылды

0 410

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданы «Көксай» этнотуристік кешеніндегі тау-шаңғы базасының ашылу салтанатына қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде жергілікті жердің ауа райы, табиғаты туризмді дамытуға қолайлы екенін атап өтті.
– Шаңғы базасының қысқы спорт түрлерімен және ашық ауада серуендеуді ұнататындар үшін таптырмас орын болатыны сөзсіз. Мұнда жамбылдықтар ғана емес, көршілес облыстардың тұрғындары демала алады. Келушілердің қысы-жазы демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Облыс аумағында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Тараз елімізде алғаш болып Дүниежүзілік қол- өнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енді.
Өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін ескере отырып, туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін боламыз, – деді облыс әкімі.
Нұржан Нұржігітов жергілікті билік осындай жобаларды, соның ішінде инженерлік инфрақұрылым тарту мәселесіне қашанда қолдау көрсетуге дайын екендігін баса айтты.
Базаның шаңғы жолағы осы спорт түріне жаңадан әуестене бастаған адамдар үшін өте қолайлы жасалған. Оның аумағында шаңғылар мен сноубордтарды жалға беру пункті (100 бірлік), шолу алаңы, дәмхана орналасқан.
Облыстағы туристер ағынының артуын ескере отырып, жыл бойы үздіксіз қызмет ететін туризм кластерін дамыту жоспарлануда. «Көксай» кешенінде қыс мезгілінде ғана емес, жазғы демалысқа да тиісті жағдайлар жасалған. Мұнда үлкен этноауыл, қонақ үй кешені, мейрамханалар салынған. Демалыс орталығы күніне 500 адамды қабылдай алады. Нысан күн батареялары арқылы толықтай электр қуатымен қамтылуда. Туристік жоба бойынша 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.