Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тазалық табалдырықтан басталады»

Шаһар тұрғындарын мәдениеттілікке қалай шақырамыз?

0 300

Қазақта мәдениет деген сөз бар. Оны адамның сөйлеген сөзіне, істеген іс-әрекетіне қарай ажыратып жатамыз. Сондай-ақ киген киімінің, ұстаған бұйымының күтімі де кісінің қаншалықты мәдениетке мән беретінінен хабардар етіп тұрады. Сол секілді айналасының, жұмыс орнының, мекен ететін тұрғын жайының жинақылы-ғы – оның жеке басының ғана емес, қоғамдық мәдениеттілігін көрсететін маңызды фактор.

Қоғамдық мәдениеттілік дегеннен туады, қонақтың келген үйіне оның тазалығына қарай баға беретіні секілді, көне шаһарымызға келген әр мейманның да оның ахуалы жайында күтіміне байланысты байлам жасайтыны белгілі. Ал күтімінің келуі шаһардың тазалығына байланысты.
Өкінішімізге орай, бүгінде тараздықтар қолындағы затты қоқыс алаңына апарудан гөрі аяқ астына тастай салғанды дұрыс көретіндей. Көпқабатты тұрғын үйлердің алдында да, артында да темекі қораптары, түрлі сусындардың ыдыстары, қалбырлар, полиэтилен қапшықтар секілді тұрмыстық қалдықтардың шашылып жатуы еріксіз осындай ойға жетелейді. Әсіресе жастар бас қосып отыра кетсе, артында 2-3 қалта қоқыс қалатыны бар. Осыдан келіп қоршаған ортаны құрметтеу, адамдарды сыйлау адамның ішкі мәдениетіне байланысты болса керек деген ой туады.
Шаһардағы шашылған тұрмыстық қалдықтар туралы сөз қозғағанда, әуелі ықшамаудандардың еске түсетіні белгілі. Ондағы жел тұрса қаңбақтай көшетін қоқыс мәселесі баршамызды алаңдатып келеді. Бұл мәселені біржақты ету үшін облыс орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Аталған жұмыспен бүгінде 8 мекеме айналысып келеді. Олар: «Жасыл Ел-Тараз», «Сұлтанқазы», «Сәрсенбай», «Нұрлы-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктес- тіктері мен және «Махмудов Т.», «Баймұханбетов Б.», «Тазалық», «Ибадуллаев» жеке кәсіпкерліктері. Мекемелердің теңгеріміндегі 56 техника қатты қалдықтарды шығаруға жұмылдырылған.

Тараз қаласының тазалығына жауапты мекемелерді қадағалайтын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, ықшамаудандарда тазалық жұмыстары жоспарға сай жүреді. Бұл мақсатта бөлім қоқыс шығару кестесін бекіткен. Жұмыстың жоспарға сай жүргізілуі қадағаланып отырады екен. Алайда тұрғындардың арнайы орын ретінде белгіленбеген жерлерді стихиялық қоқыс аймағына айналдырып алуына тоқтам болмай отырған көрінеді. «Белгілі аумақта кестеге сәйкес тазалық жұмыстары жүргізілсе де, үйреншікті көрініс күнделікті қайталанады. Ал бұл қоқыс- тарды ешкім сырттан әкеліп тастамайтыны анық», – дейді бөлім қызметкерлері.
Расында, көпқабатты үйлердің маңында орналасқан арнайы алаңға жетпей, қолындағы қапшығын ыңғайы келген жерге тастап кете баратын тұрғындардың талайын көріп жүрміз. Бұған кейбірі қоқыс жәшігінің алысырақ орналасқанын сылтау қылады. Әрекетінің бұрыстығын айтсақ, өзгенің ісіне араласпауымызды «сыпайы ескертіп» жатады. Бөлім берген мәліметке сүйенсек, бүгінде облыс орталығының аумағында 328 тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңша бар екен. Ол орындарда 1 540 дана қоқыс жәшігі орналасқан. Бұған қоса өткен жылы бөлім тарапынан 246 контейнер сатып алынып, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңшаларға орналастырылған. Әрине, қаладағы көпқабатты үйлердің санын ескерер болсақ, бұл алаңшалардың әр аулаға қойылмағанын аңғаруға болады. Дегенмен қоқыс тастау үшін біршама жер жүруге тура келеді деуге тағы келмейді. Демек, алып шыққан қапшықтың діттеген жерге дейін жетпеуіне өзіміз кінәлі шығармыз?
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Себебі маңызды мәселеге саналы түрде қарайтын тұрғындар да аз емес. Бұл тұрғыда «Ақбұлақ» (1) ықшамауданының тұрғыны Гүлзада Әлжанова тараздықтардың тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет екенін айтады.
– Қала тазалығы – баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестердің тазалық сақтау мәдениеті әлі де төмен. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, біз кейде балаларымыз- ды қоқыс төгуге жұмсаймыз. Ал сол бала шынымен қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатпаймыз. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Бұдан бөлек, көптің арасында қоқысты қай жерге болсын төге салып, «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп міндет қылатындар кездеседі. Бірақ бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысу керек, – дейді тұрғын.
Шынында, шаһар шырайын қоқыстың құртпауына тек жоғарыда аталған 8 мекеме қызметкерлері ғана емес, біз де жауаптымыз. Өйткені тазалық сақшылары шақырайған күннің, шытынаған аяздың кезінде де жұмысын тоқтатқан емес. Олар күнделікті таңғы сағат бестен бастап шаһар тазалығын мұнтаздай етуге шығады екен. Оған шәк келтіруге құқығымыз жоқ. Өйткені таң қылаң бергеннен қолына құрал-сайманын алып, облыс орталығының тазалығын сақтауға аттанып бара жатқан топ қызметкерлерді күнделікті көріп жүрміз. Әрі барлығымызды сарсаңға салып алған қаңтардағы қытымыр аязда табан аудармай еткен еңбектері оған тағы бір көзімізді жеткізді.
Әрине, Тараз қоқысқа белшесінен батқан қала емес. Оның өзіне тән тазалығы, салтанаты бар. Алайда күнделікті тұрмыс барысында тұтынған дүниелердің кейде көшелерде бейберекет жатуы жағымсыз әсер етеді. Бұл тұрғыда тиісті мекемелер жұмыстарын атқарып жатыр-ақ. Бірақ шағын құрамның шаһар тұрғындарын бір мезгілде қадағалауға мүмкіндігі жетпейтіні айқын. Сондықтан да әрбір тұрғын тазалықты өзінен бастағаны өте дұрыс. Ал тиісті тазалықты сақтамаған азаматтар заң алдында жауап береді. Жамбыл облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне сәйкес, өткен он екі ай ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында (Ұсақ бұзақылық) көрсетілген «Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» талаптарын сақтамағаны үшін 233 тараздыққа әкiмшiлiк жаза қолданылған. Сонымен қатар аталған Кодекстің 505-бабына сәйкес, 11 мыңнан астам азамат жазаға тартылған.
Шындығына келгенде, тазалық әр адамның өзі және отбасы үшін керек екені белгілі. Аула таза болса, қала таза болады. Оны бәрі жақсы біледі және мойындайды. Дегенмен сөзі мен ісі қабыспайтын тұрғындардың бұл қылығы қазіргі таңда қала келбетін қашырып-ақ тұр. Бұл «Тазалықты сақтау маңызды!», «Сана тазарса, қала тазарар!» деп ұран тастағаннан ұтатынымыз шамалы екенін анық аңғартып отыр. Оған мән беріп, нәтиже шығарып жатқандар да шамалы. Демек, бұл мәселеге басқаша көзқараспен қарау керек. Бұл тұрғыда қала әкімдігі жаңа жобаны қолға алып отыр. Оған сәйкес, тұрмыстық қалдықтарды тастау тәртібін бұзған тұрғындардың әрекеті бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, тәртіп бұзған азаматтардың аты-жөні мен фотосуреттері қолжетімді платформалар арқылы қала тұрғындарының назарына тұрақты түрде ұсынылып отырмақ. Мұндайғы ой «жағымсыз» ісін әдетке айналдырып, ол үшін жазасыз кете баратынын «жете түсінген» азаматтардың тірлігін қоғам алдына шығарып, тәртіпке шақыру болса керек. Әйтпеген жағдайда талапқа бағынбайтындармен алысқанымыз алысқан.
Облыс орталығындағы тазалық күні кеше туындаған мәселе емес, талайғы пікірлер таласына себеп болып келе жатқан түйткіл. Дегенмен бұл қисынсыз әрекеттердің бәрі өзгенің емес, өз қолымызбен жасалып жатқанын да жоққа шығармаймыз. Бір тарап бұл жайтқа тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға жауапты коммуналдық қызметтің бейқамдығын кінәлі етсе, енді бірі тұрғындардың тазалық сақтау мәдениетінің тұралап тұрғанын себеп қылады. Енді бір топ қоқыс алаңындағы қалдықтарды қаңғыбас ит-мысықтардың талапайға салып, тартып кететінін айтып жатады. Алайда «ауламның шашылуына менің де кінәм бар еді» деп жатқан ешкім жоқ. Шынтуайтын айтқанда, тазалық сақтауда анағұрлым мәселе тудырудың қажеті шамалы. Бар болғаны – өзіміз тұратын ауланы таза ұстау. Біз осыны әбден санамызға тоқымайынша, бұл мәселе күн тәртібінен түспек емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.