Қалалық қоғамдық-саяси газет

COVID: жаңа толқын Жамбылға жеткен жоқ

0 2  050

Әлемді бірнеше жыл бойы үрей құшағында ұстап келген коронавирус дертінің беті қайтқандай болып, қуанып қалғанымыз рас. Алайда өткен жылдың аяғына таман жаңа толқынмен қайта күшейген жұқпалы ауру жаһан елдерін шарпып келеді. Мәселен, іргелес жатқан Қытайда COVID-19 тағы таралып жатыр деген хабар жиі айтылып жүр. Бұл жағдай әлем елдерін алаңдатып отыр. Ал АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі елдегі COVID-19 пандемиясының төтенше жағдай мәртебесін ұзартты.

Қуанышымызға орай, елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Алайда өткен жылдың қараша айының соңынан бастап сырқаттанушылықтың өсуі байқалып отыр. Желтоқсан айында сырқаттанғандардың орташа тәуліктік саны КВИ+ 200-ге дейін және КВИ- 10-ға дейінгі жағдайды құрады. Бөлінген штаммдардың соңғы реттілігі рес- публикада 100 пайыз жағдайда COVID-19 омикрон нұсқасының айналымы анықталғанын көрсетті.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау мат- рицасына сәйкес, республика және барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Республика бойынша және Павлодар облысын қоспағанда, 19 өңірде инфекцияның таралу көрсеткіші (R) бірліктен төмен.
Осыған орай уақытылы вакцинациялау және ревакцинациялау, халық көп жиналатын орындарда бетперде пайдалану, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу, қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану ұсынылып отыр.
Жоғарыда атап өткенімдей, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсы. Сырқаттанушылар саны да азайып келеді. Мәселен, 16 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша 2 159 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 220 пациент стационарда, 1 939 науқас амбулаториялық деңгейде. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармай, жеке бастың сақтық шараларын ұстанған абзал.
Осы ретте жамбылдықтар арасында COVID-19 инфекциясының қайта таралуына байланысты туындап жүрген бірқатар маңызды сұрақтарға жауап беруді жөн көріп отырмын.
Жамбыл облысында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық жағдайы қалай?
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 15 қаңтарына дейін облыста коронавирустық инфекцияның (COVID-19) зертханалық расталған 23 жағдайы тіркелді. Яғни 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 2,0 құрады.
Соңғы аптада: 2023 жылғы 9-15 қаңтар аралығында облыста COVID-19-дың 14 жағдайы тіркелді. Ал 15 қаңтарда облыс бойынша COVID-19 жағдайлары тіркелген жоқ.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Жамбыл облысының аумағы жасыл аймақта орналасқан.
Коронавирус инфекциясына қарсы қандай іс-шаралар өткізілуде?
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен күнделікті сырқаттанушылық көрсеткіштеріне, оның ішінде аумақтар, жас, егу мәртебесі бойынша тұрақты мониторингі және ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар, байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Вакцинация жұмысы қалай жүріп жатыр? Біздің облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар бар ма? Олай болса, вакцинацияны қалай және қайдан алуға болады?
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облыста бүкіл республикадағыдай 18 жастан асқан адамдарға коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды. Ал 2021 жылғы 15 қарашадан бастап 12-17 жастағы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және 2 жасқа дейінгі балаларды емізетін әйелдерге Пфайзер (АҚШ) шығарған «Комирнати» вакцинасымен вакцинациялау басталды. 2021 жылғы 22 қарашадан бастап осы инфекцияға қарсы ревакцинация басталды.
2023 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша облыс бойынша тиісті халықтың 100 пайызы немесе 632 458 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияланды. 80,04 пайызы немесе 570 615 адам ревакцинацияланды. Ал 49,6 пайызы немесе 163 583 адам қайта вакцинацияланды.
Өңірде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация және ревакцинация жүргізу үшін 161 егу пункті, оның ішінде Тараз қаласы бойынша 13, 10 ауданда 148 егу пункті жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта вакцинациялау және ревакцинациялау үшін отандық «Казвак», Қытай өндірген «Веросел-Синофарм» вакциналары қолданылуда. «QazCovid-In» және «Vero Cell Синофарм» вакциналарының 30 602 дозасы бар.
Вакцинацияның толық курсынан кейін немесе аурудан кейін вакцинацияның тиімділігі біртіндеп төмендейтінін атап өткен жөн. Ал ревакцинация иммундық қорғаныстың тиімділігін 80 пайызға дейін арттырады.
Қандай зертханалар COVID-19 зерттеулерін жүргізеді?
Жамбыл облысы бойынша COVID-19-ға ПТР зерттеулерін тәуліктік қуаты 4 930 зерттеуді құрайтын 12 зертхана жүргізеді. 2023 жылғы 1-15 қаңтар аралығында облыс бойынша барлығы 2 017 зерттеу жүргізіліп, оның 23-і оң нәтиже көрсетті.
COVID-19 жаңа штаммы туралы қандай мәліметтер бар?
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында XBB омикронының жаңа нұсқасының қаупі туралы ақпарат таратылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, XBB – 2022 жылдың қазан айынан бастап әлемнің 38 елінде анықталған омикрон нұсқаларының бірі. Аталған штаммды жұқтырған науқастардың ең көп саны АҚШ-та тіркелген. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл субвариант басқа омикрондық субварианттарға қарағанда жұқпалы. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы субварианттың адам денсаулығына әсер ету қасиеттерін анықтау бойынша зерттеулерді жалғастыруда.
Біздің елімізде жаңа штаммдардың айналымын анықтау үшін зерттелген үлгілерге үнемі мониторинг жүргізіледі. Желтоқсан айындағы мониторинг қорытындысы бойынша республикада омикрон В5, В4, BQ1.1. бұрынғы нұсқаларының айналымы 100 пайызға анықталған.
Жамбыл облысында XBB омикронының жаңа нұсқасының айналымы әлі анықталған жоқ. Материалдар (сынамалар) штаммдарды зерттеу үшін тиісті зертханаға секвенирлеуге жіберілді, зерттеулер нәтижесі қазіргі уақытта жұмыс барысында.
Қазіргі уақытта індеттің алдын алудың қандай шаралары тиімді?
Вирустық инфекциялардың (ЖРВИ және тұмау) эпидемиялық маусымын ескере отырып, COVID-19 коронавирусты инфекциясымен ауырмауға қарапайым ғана алдын алу шаралары көмектеседі, Олар: бетперде кию, жеке бас гигенасын сақтау, иммунитетті қолдау және вакцинация, ревакцинация.

Байділда ШИНАЛИЕВ,
Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитариялық
дәрігері, облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау
департаментінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.