Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 505

Жоба аясында баспаналы болды

Биыл Байзақ ау-даны бойынша 6 ау-ылда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 6 тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты жандарға көмек ретінде ауыл тұрғындары асарлатып үй салып берген еді. Жақында олардың қатары тағы 4 отбасымен толықты. Солардың бірі – Бурыл ауылдық округіне қарасты Құмжота ауылындағы көпбалалы, жалғызбасты ана Қарлығаш Байбарақова баспаналы болды.
Ауыл тұрғындары асарлатып салып берген ауылдағы Даңғыл ата көшесі бойындағы үйдің қоныс тойына жиналғандар қарасы көп болды. Әуелі аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков көпшілікті қоныс тойымен құттықтап, үйді қысқа мерзімде сапалы соғып беруге атсалысқан ауыл азаматтарына алғысын айтып, алдағы уақытта да осындай ауызбіршілігінің ажырамауына тілектес екендігін жеткізді.
Округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатов, ауыл тұрғыны, зейнеткерлер Лесбек Айдарбеков, Райхан Байбарақовалар да өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ауыл азаматтарының ұйымшылдығына, оларды ұйымдастырып, үнемі басы-қасында жүрген округ әкімі Ерлан Әшірбековке ерекше алғыстарын айтты.
Жаңа үйге кіруге арналған лентаны аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен еңбек ардагері Әкімберді Жайдарбаев қиысымен, шашу шашылды.
Бүгінде үйге газ тартылып, жарық берілген.
– Асарлатып үй салуға ауыл азаматтары ұйымшылдықпен атсалысты. Олардың арасында өзінің жеке иелігіндегі 10 сотық жерін үй салуға тегін берген Мұрат Базылбаевқа ауыл халқы дән риза. Сондай-ақ осындағы Хамидолла Байназаров, Қадірбек Дәметбаев, Несіпкүл Байжанова тәрізді шаруа қожалығының жетекшілері, жеке кәсіпкер Жалел Аббасов, ауыл тұрғыны Азамат Байтарақовтар игі іске мол үлес қосты. Округтегі екі мектептің ұжымдары да бұл сауапты істен тыс қалмады. Бар болғаны бес айда соғылған үйге округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатовтың да көмегі көп болды, – деді округ әкімі Ерлан Әшірбеков.
Қысқа мерзімде өзіне осындай жылы, жаңа үй салып бергені үшін Қарлығаш Байбарақова округ әкімшілігі қызметкерлеріне, осыған үлес қосқан барша азаматқа өзінің алғысын жаудырды.
Асарлатып салынған үйлер Қосы батыр, Байзақ, Қосақ ауылдарындағы қоғамның осал топтарына да тапсырылды.

Ерназарға 70 жыл күткен газ келді

Ерназар ауылы 1954 жылы құрылғалы бері көгілдір отынның қызығын көрген емес. Тек 2021 жылы республикалық бюджеттен 167 миллион теңге бөлініп, 297 үйдің ауласына 18 250 метр газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Жаңа жылда ерназарлықтар қатты отын жағудың машақатынан біржола құтылды.
Ерназарлықтардың қуанышына ортақтасуға облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы келді. Игі іске ауыл халқы да шексіз риза.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, жалпы аудандағы 42 елді мекеннің 38-і немесе 90,4 пайызы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Өңірдегі 16 470 ауланың 16267-сі табиғи газ жүйесін пайдалануда екен. Енді Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарына магистральды газ құбырын тартудың құрылыс жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы жылдары аудандағы елді мекендер 100 пайыз газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

Жуалыда 83 көше қардан тазалануда

Қазіргі таңда Жуалы ауданы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық мәндегі жолдарда 6 КДМ, 2 автогрейдер, 3 тиегіш көлік қар тазалауда. Ал облыстық және аудандық мәндегі жолдарда 8 МТЗ, 1 «Урал» автокөлігі, 2 тиегіш, «Беларусь» тракторлары қар күреу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды және аудан орталығында 83 көше таңғы сағат 3:30-дан бастап тазалануда.

Мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтуде

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ерғазы Еспеновтің жетекшілігімен ауыл шаруашылығы, ветеринария және төтенше жағдай бөлімдері округ әкімдерімен бірлесе отырып мал қыстату орындарын зерделеп, шопандар мен төрт түліктің жағдайын көрді.
Аудан басшысының өкімімен арнайы құрылған жұмысшы топ мүшелері «Ақнар», «Көкшұрат», «Тайсойған», «Үмбет», «Шарбақты» сияқты мал қыстату орындарында болып, төрт түліктің қоңы, мал азығы мен қысқы отынмен қамтылу барысымен танысты. Сонымен қатар қыстақтағы азаматтарға қысқы жылыту маусымында қауіпсіздікті қатаң сақтау бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.