Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түркия Қазақстанға 1 мың тонна жоғары сапалы мақта тұқымын береді

0 3  479

Түрік кәсіпкерлері қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын береді. Тиісті уағдаластыққа Шымкентте өткен «Қазақстан Республикасындағы мақта шаруашылығын дамыту перспективалары» бизнес-форумында қол жеткізілді. Түркия Республикасынан шақырылған  қонақтар – «PROgen» компаниясы отандық өсімдік өсірушілерге бөліп төлеу шартымен сатылатын аурулар мен зиянкестерге төзімді мақтаның жаңа сорттарын таныстырды. «Түркістан» ӘКК тұқым сатып алуға қажетті қарыз сомасын жыл соңына дейінгі мерзімде беруге дайын. Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасында тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

Бизнес-форум жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, түрік кәсіпкерлері, шитті мақта өндірушілер, мақта өңдеу зауыттарының, ғылыми ұйымдардың, мақта майын өндіру зауыттарының өкілдері, сондай-ақ мақта тұқымын өндірушілер қатысты.

Форумға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек қатысып, сөз сөйледі. Ол мақта шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін, оның ішінде тұрмыстық тауарлар мен мақтаны қайта өңдеу өнімдерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бірінші кезеңде ұлттық компаниялар 70% дейін отандық мақта өнімдерін төсек-орын, сүлгілер және т.б. сатып алуы тиіс. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

Бүгінгі күні саланың негізгі мақсаты нақты нарықтық тетіктерді ендіру арқылы қазақстандық мақта өндірісін бәсекеге қабілетті және жоғары рентабельді ету.

Министрлік Қазақстан Президентінің тәжірибелік шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту, оның ішінде жабдықтарды жаңарту және аграрлық ғылымды ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Селекция және тұқым шаруашылығы саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Ол селекция мен тұқым шаруашылығының барлық кезеңдерінде, соның ішінде мақта шаруашылығында орын алатын жүйелі проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған шараларды көздейді. Атап айтқанда селекцияландыру мекемелерін, тәжірибелі шаруашылықтар мен тұқым өндірушілерді техникалық қайта жарақтандыруға және өндіріс құралдарымен қамтамасыз етуге ықпал ететін іс-шараларға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Айта кетейік, бизнес-форум қорытындысы бойынша Түркия Республикасының Шығыс Жерорта теңізі ауыл шаруашылығы зерттеулер институты мен «Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы АШТС» ЖШС арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, мақтаның жаңа сорттарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.