Бүгінгі таңда егемен еліміз экономикалық, әлеуметтік жағынан дамып қана қоймай, рухани тұрғыдан да кемелденіп, өзінің көркем кеңістігін қалыптастырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттың рухани даму деңгейін саралап, халықты рухани жаңғыруға үндеген тың бастама болды.
Қай кезде де ұлттың болмысы руханияты арқылы қалыптасатыны белгілі. Халқымыздың неше мыңжылдықтардан бастау алған ауыз әдебиеті, ежелгі тарихы, одан берідегі Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар поэзиясы, Абай, Жамбыл, Шәкәрім мұралары – бәрі де қазақ халқын рухани тұрғыдан кемелдендіре білді. Елбасы өз мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», – деп атап өтті.
Еліміз егемендік алғалы бергі уақытта Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары жүзеге асып, қыруар жұмыстар атқарылды. Ендігі жерде бұдан әрі дамудың жаңа сатысында ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы сияқты көптеген дүниелер алға шықты. Жалпы рухани жаңғырудың өзі жан-жақтылықтан тұрады. Тек кітап оқу бұл тұрғыдан жеткіліксіз.
Қазақ халқы өзінің қилы тағдырында сан түрлі өткелдерді кешіп өтті. Енді жаңа кезеңге қадам басқан мемлекет үшін, әсіресе, мемлекеттің жастары үшін рухани жаңғырудың жаңа сатысына көтерілу – басты міндет. Себебі бүгінгі таңда әлемнің көптеген дамыған елдері ғылым мен білімнің жаңа биігіне шықты. Жаңа тұрпатты әдебиет, болашағы зор ғылым, сонымен қатар ұлттық ойлау жүйесі елімізде кең етек алуы шарт. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – деп атап көрсетті. Ал ХХІ ғасырдағы ұлттық сана жоғары деңгейде ойлай алатын, сапалы ғылым қалыптастыратын буынды тәрбиелеп шығаруда. Күн сайынғы ғылымдағы жетістік, әдебиеттегі өзгешелік сияқты дүниелердің бәрі де осының айғағы.
Бүгінгі таңда әлемде бәсекеге қабілеттілік бірінші орынға шықты. Мемлекетті тұрақтандыру мақсатындағы әр саладағы бәсекелестікке мемлекетіміз де үлес қосып келеді. Яғни әлемдік жүйені меңгеру, ғаламды зерттеу, өмірдің өзегіндегі мәселелерді көре білу де бәсекелестікті арттырады. Ал ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, болмысымызда қалыптасқан бабалардың ерен рухы мен ізгі қасиеті тәуелсіздік жылдарында жаңаша түледі. Бұл ретте Елбасы прагматизм өзіміздің ұлттық және жеке байлығымызды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағымызды жоспарлау екенін ашып көрсетті. Сонымен қатар қанымыздағы көрегенділік, тектілік, кісілік деген дүниелер жастардың болмысында биік деңгейде салтанат құруы шарт.
Барлық саладағы жетістіктермен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтау да маңызды мәселе. Яғни кемелденген сана бірегейлікті сақтаудың нақты көрінісі деуге болады. Сонда ғана болашақ жас ұрпақ данышпан Абай айтқан «толық адам» дәрежесіне көтеріле алады. Сонымен қатар рухани мәдениетті сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің де маңызы зор. Елбасы: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген болатын. Бүгінгі таңда жастардың арасында «заманауи» деген бір ұғым қалыптасқан. Яғни өзгенің озығынан гөрі тозығына қарай ойысу ешқашан рухани кемелдікке жеткізбейді. Қайта әлемдік деңгейдегі мемлекеттердің озығын алып, оны өзіміздің рухани байлығымызбен шендестіре білу үлкен парасаттылықты көрсетеді. Мұның бәрі де «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық кодқа келіп тіреледі. Елбасы айтқандай, егер ұлттық код сақталмаса, ешқандай рухани жаңғырудың болмайтынын естен шығармаған дұрыс.
Жалпы Елбасының аталған бағдарламалық мақаласында ұлтқа қажетті көптеген құндылықтар қамтылған. Соның ішінде білімнің салтанат құруы айрықша маңызға ие. Мәселен, еліміз жаңа егемендік алған жылдардан бастап Елбасының бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Аталған бағдарламаның шарапатымен мыңдаған қазақ баласы әлемнің жетекші оқу орындарында білім алды. Тіл үйреніп, ғылым меңгерді. Сонымен қатар білімнің салтанат құруы елімізді рухани жаңғырумен қатар, экономикалық та, әлеуметтік те жағынан нығайтатыны сөзсіз. Қазіргі таңда еліміздің әрбір өңірінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы да рухани жаңғырудың негізі болса керек. Бұдан бөлек, Елбасы өз мақаласында таяу жылдарда латын әліпбиіне көшу қажеттігін де баса айтты.
Бүгінгі таңда Жамбыл өңірінің өзінде «Туған жер» бағдарламасы тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында көптеген кәсіпкер азаматтар туған жерлеріне қолдау көрсетуде. Мұның бәрі де рухани жаңғыру міндетінен туындап отырғанын айту керек. «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс» деп Елбасы айтқандай, заман көшіне ілесу, бәсекелестікті арттыру, сананың ашықтығы сияқты дүниелердің бәрі де ұлттың тұтас болмысына ғасырлар бойы қызмет ете бермек.
Күлзия Әбдір,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің
«Филология және журналистика» кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты