Қалалық қоғамдық-саяси газет

«21 баласы бар анамын». 18 бала асырап алған отбасының оқиғасы

0 227

Ақтөбе облысында қамқоршысыз қалған 18 баланы бауырына басқан қайырымды жандар жұрттың ықыласына бөленді.

Саналы ғұмырын музыкаға арнаған Жетесовтер әулеті енді бүлдіршіндерді де өнерге баулып жатыр. Балалардың шығармашылық қырын танытып, жан-жақты қабілетін ашқандар қазір Сарыағаш шипажайында.

Өнерлі отбасы мүшелерінің тату өмірі шаңырақты шаттыққа бөледі. Отағасы Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова алғаш рет 2009 жылы бала асырап алған. Қазір Ақтөбе облысы бойынша ең үлкен отбасыға айналған үлгілі жанұя.

«Мен 6 жасымда жетім қалған жігітпін. Шешем марқұм 37 жасында қайтыс болып кетті. Содан жолдасым екеуміз келісіп, сол балаларды өнерге, өмірге тәрбиелеп жатырмыз. 10 пайыз талант, 90 пайыз еңбек. Сол балаларды еңбекпен өсіріп келе жатырмыз», – дейді Өмірхан Жетесов.

Қазір отбасындағы әрбір жан ұлттық аспаптарда еркін ойнай алады. Бірі шаңқобыз, енді бірі жетігенді шебер меңгерген. Ата-аналары дәстүрлі ән айтумен айналысатындықтан, балаларына да осы өнерді сіңірді. Соның арқасында аймақтарды аралап, түрлі байқауда топ жарып жүр.

«Мен домбыра тартамын. Домбырада жыр, дәстүрлі ән-күй орындаймын. 8 жасымнан бастап тарта бастадым. Болашақта арманым жыршы болу. Көптеген сайысқа қатысу», – дейді музыкант Темірхан Жетесов.

Балалар үйі еш уақытта отбасының орнын баса алмайды. Алмагүл Ешпанова осындай пікірде. Сондықтан ата-ана жылулығына зәру жандарды бауырына басып, қамқорлық көрсетуді құп көрді.

«21 баласы бар ана болып Ақтөбеде тұрып жатырмын. Оның 18-ін бауырға бастым. Балаларымның бәрі керемет. Өнерге тәрбиеледік. Өмірге тәрбиеледік. Әйтеуір біздер болмасақ, басқа да қазақ жұрты болмаса бұл балаларға кім қарайды?» – дейді Алмагүл Ешпанова.

Осылайша, үлкенге ізетін, кішіге ілтипатын аямайтын жандар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Балалардың алды үйленіп, тұрмыс құрса, кішісі 10 жаста.

massaget.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.