Қалалық қоғамдық-саяси газет

Негізгі экономикалық көрсеткіштер толық орындалған

0 594

Апта басында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қала бюджетінің болжамды орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сынды көптеген өзекті мәселелер қаралды.

Жиында әуелі қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, шаһар бюджетінің шығыс бөлігінің игерілуі 94,5 пайызды құрайтынын баян етті.
– Бүгінде төлемдер жоспары – 98 444,7 миллион теңге, игерілуі 93 078,7 миллион теңге болса, 5 366,1 миллион теңгенің игерілмеуі қалыптасып отыр. Сондай-ақ зерделеу барысында желтоқсан айының қалған 4 жұмыс күнінде 4 846,4 миллион теңге қаражат игеріліп, ағымдағы жылдың қорытындысымен көрсеткіші 99,5 пайызға жетсе, 519,7 миллион теңгенің игерілмеуі болжанған, – деді Жеңіс Қуанышұлы.
Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков игерілмеу қаупі туындап отырған бөлім басшыларынан жеке-жеке жауап алып, бюджетті игеруде ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмеуі керектігін баса тапсырды.
Бұдан кейін қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері толық орындалған.

Сонымен қатар кеңестің күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларының барысы да жан-жақты талқыланды. Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алтай Айдынның сөзіне сүйенсек, шаһардағы 11 округтегі барлық сауда дүкендерін қамту және мереке қарсаңында бағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс тобы құрылып, бас инпекторлар қала әкімдігінің бөлімдерімен бірлесе шаһар дүкендеріндегі әлеуметтік негізгі азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг жүргізіп, тауарлардың үстеме бағасын 15 пайыздан асырмау жөнінде хабарлама берілген. Алайда қырыққабаттың көтерме саудадағы көлемінің азаюына және пияздың шет мемлекеттерден сұраныстың ұлғаюына байланысты қос өнімнің құны қымбаттағаны анықталған. Аталған мәселенің алдын алу мақсатында «Дәмді себет» сауда орталықтарына 130 теңгеден 10 тонна пияз өнімдері таратылған.
Басқосуда шаһар басшысы азық-түлік бағаларының тізбегін жасап, бағаның құбылуын күнделікті енгізіп тұруды және олардың құны тәуліктік бақылауда болуы қажеттігін жауапты мамандарға қатаң ескертті.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, қыс мезгілінде қала көшелерін тазалау жұмыстары, №15 ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы, кондоминиум нысандарын басқару органдары, жергілікті бюджетке жерді жекеменшікке сату және жер телімін жалға жер пайдалану құқығын беру бойынша түскен түсімдер, 2022-2023 оқу жылының өту барысы, ұлттық жоба шеңберінде бекітілген жобаларды іске асыру, көше атауларын бірізділендіру және өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының жай-күйі сынды өзекті мәселелер де қаралып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.