Жамбылдық шаруаларға жаңа техникалар табысталды
ҚР Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл облысында шаруаларға ауыл шаруашылығы техникалары тапсырылды. Жаңа техникалар «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында жаңадан құрылған кооперативтерге берілді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, кооператив төрағаларына 303,0 млн. теңгені құрайтын 18 дана «Ловол», «Зумлион», «ЮТО», «МТЗ» маркалы тракторларын және Меркі, Жуалы, Жамбыл аудандарының шаруаларына жеңілдетілген лизингпен берілген 6 дана ауыл шаруашылығы техникаларын табыстады.
Аймақ басшысы өз сөзінде салада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы 12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде келесі жылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналатындығын атап өтіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша облыста экономикалық өсім 105,7 пайызды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылығында 562,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,1 пайызды құрады. Жалпы, ағымдағы жылы шаруаларды қолдау үшін субсидияға 31,2 миллиард теңге бөлініп, игерілуде.
Өздеріңізге белгілі, 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы өз жемісін беруде.
Биылғы жылы жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. Сондай-ақ, 177,5 млн. теңгені құрайтын 28 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілді.
Одан бөлек, облыстағы 26 072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні 6,0 миллиард теңге қаражат бөлініп, әр ауданның бір ауылдық округ тұрғындарына 2,5 пайызбен несие берілуде. 2023 жылы 20 ауылдық округті қамти отырып, 3631 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. 2025 жылға дейін барлық ауылдық округтер жобаға енеді деп жоспарлануда.
Бүгінгі беріліп отырған техникалардың жалпы құны 303,0 млн. теңгені құраса, оның 30-50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады,- деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста барлығы 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Оның ішінде 1 мыңнан астам тахниканың пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 25 пайызының тозығы жеткен.
Осыған орай, биыл 1355 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 11 пайызға жаңартылды. Инвестициялық субсидия арқылы 1848,0 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25-30 пайызы төленіп берілді.