Ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов күннен күнге кедей күйге түсіп бара жатқан халықтың әлеуметтік мәселесін көтеріп, бір топ шенеунікке хат жазды деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.
«Бұл хатты жоғарыда аты аталған лауазымды тұлғаларға жолдауымның себебі, қойылғалы тұрған сұрақтың нақты жауабын тек солар ғана бере алатынын білемін. Өкінішке қарай, көтерілгелі тұрған мәселе жалғыз Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ғана емес, күллі халықтың қабырғасына батып тұр», – дейді Ринат Зайытов.
Ақын президентті ұлықтау рәсіміне қатысқанын, бәрін өз құлағымен естігенін, сол үшін бір сұрақ қойғысы келетінін жазған.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Алматы қаласына ғана емес, Қазақстан мемлекетінің барлық аумағына атадан қалған асыл мұра – ұлттық дәстүрлі өнерімізді жаңаша үлгіде таныстырып, насихаттап отырған бірден-бір мекеме. Менің бұл театрға тағайындалғаныма 703 күн болды. Аталған уақыттың ішінде ұлттық өнерге, мәдениетке бар күш-жігерімен үлес қосып, өз мемлекетінің қарыштап дамуын қалайтын азаматтардың бар екеніне менің көзім әбден жетті. Ол – аталмыш театрдың ұжымы», – дейді ол.
Ринат Зайытов театрдағы қызметкерлердің жағдайы күннен күнге төмендеп бара жатқаны жанға бататынын атап өтеді.
«Айналаны жайлаған қымбатшылық тетарды да айналып өтпейтіні анық. Күні кеше біздің депутаттардың ішінен «Қазақстанда кез келген азаматтың өмір сүруі үшін 100 мың теңге жетеді» деп жұртты шулатыпты. Халық оны жерден алып жерге салды. Ендігі сұрақ: Алатау театрының кассирі А. Сәрсенова үш баланың анасы. Ипотека төлеп отыр. Айлығы 74 705 теңге. Дәл осындай жағдайдағы контролер Г.Рахымғалиева 72 791 теңге алады. Ал үйі жоқ үш баланың анасы контролер Р. Табанова 67 044 теңге айлықты қанағат тұтуға мәжбүр. Тағы сол сияқты 100-ден аса мысал келтіре аламын», – дейді театр директоры.
Ринат Зайытов шенеуніктерден «осы ақшаны аталған адамдар 30 күнге қалай жеткізеді?» деп сұрайды.
«Жауабын сіздер білулеріңіз керек. Олай дейтін себебім, мемлекеттің шешуші лауазымдарына орналасып, теледидардан «Қазақстан дамып келе жатыр, елдің жағдайын жаман дейтіндер экстремистер, популистер мен арандатушылар» деп айдар тағып отырған өздеріңіз. Мені де сол қатарға оңай қоспауларыңыз үшін сұрағыма қанағаттанарлық жауап тауып бере алсаңыздар, қызметімді өз еркіммен босатып, сіздердің тараптарыңызға бірде бір жаман сөз айтпай, берген барлық мадақ-атақтарыңызды қайтарып беріп, сонымен қатар айтыстан ұтқан «Асыл домбырамды» сыйға тартуға уәде беремін», – дейді Ринат Зайытов.