Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты назарда – ана мен бала құқығы

0 1  623

Бүгінгідей дамыған қоғамда күн кешіп жатқанымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», – деп анық жазылған. Соған қарамастан тұрмыстық зорлық-зомбылық – өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан отбасы тыныштығы – қоғамның тұрақтылығы екенін естен шығармаған абзал.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар ерлі-зайыптылар, жақын туыстармен бірге тұратын немесе тұрған, ортақ баласы бар адамдар арасында туындайды. Ол отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы бір адамның екінші адамға (басқаларға) қатысты физикалық және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қатері бар қасақана жасалған заңға қайшы әрекеті саналады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлерін жіліктеп айтсақ: физикалық күш қолдану және күштеп ауырту арқылы денсаулыққа қасақана зиян келтіру және адамның психикасына қысым көрсету, қорлау, бопсалау арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту немесе құқық бұзушылықтар немесе өмірге не денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басының дамуын бұзатын әрекеттер жасауға мәжбүрлеу. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан жасалатын зорлық-зомбылық сынды түрі де бар. Бұған адамды заң бойынша құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру жатады.
Бұл ауқымды мәселе Үкімет отырысында да көтерілген болатын. Заң салтанат құрған жерде қылмыс көп болмайды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза қатаңдап, полицияның осы мәселемен айналысатын бөлімшелері нығайтылған және жәбірленушімен жұмыс тәсілдері қайта қаралыпты. «Өз кезегінде министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сигналдарға тиісті шаралар қабылдап жатыр. Жыл басынан бері «дебоширлерге» қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынды, 8,5 мың адамға ескерту берілді, 675 адамға айыппұл салынды», – деді министр.
Өңірдегі тағдыры тайғаққа толы қаракөздерімізге көмектесу үшін күнделікті жұмыс жүргізіп келе жатқан облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының да қызметі қарқынды. Аталған орталық қоғамымыздағы нәзікжандыларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арашалап алу, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің 2014 жылғы 31 шілдедегі №220 Қаулысының шешімімен 2014 жылдың 22 қазанында 25 адамға арнап ашылған болатын.
2018 жылдың қаңтарынан бастап бюджеттік бағдарламаға негізделіп, орталық 25 төсек-орыннан 27-ге ұлғайтылып, 36 қызметкер тынымсыз қызмет етуде. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 21 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты» №1079 бұйрығымен стандарт бекітілген болатын. Бекітілген стандартқа сәйкес, қызмет алушылар 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылады. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.
Орталық директоры Жамал Қалыбекованың айтуынша, мұнда паналап келген әрбір ана мен балаға барынша көмек беріліп, коғамдағы осы күрделі мәселенің алдын алу үшін әкімдіктермен, қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатылған екен.
– Орталықта зорлық-зомбылыққа түскен әйелдер балаларымен бірге уақытша 6 айға дейін тұра алады. Сонымен қатар қызмет алушыларды орталыққа уақытша тіркеуге тұрғызып, балалар жәрдемақыларын, алименттерін өтеп беруге көмек көрсетіледі. Мекеме облыс көлеміндегі зорлық-зомбылыққа түскен әйелдермен жұмыс істейтін барлық дерлік қоғамдық бірлестіктермен, нақтырақ 7-мен меморандумға жасасты. Бұған қоса Тараз қаласындағы «Қызыл Жарты ай» қоғамының облыстық филиалымен, Жанұя-демографиялық және әйелдер ісі жөніндегі комиссиясымен, облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығымен келісімшарт жасалып, облыстық ішкі істер департаментінің Тараз қаласы мен аудандар бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерімен тығыз байланыста болып, ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отырады. Орталықтың қызметі – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасын жүргізіп, жанжал шығарғыш тұлғалармен жұмыс жүргізу.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республикалық көлемде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты науқан өткізіліп келеді. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Бұл науқан ағымдағы жылдың 24 қарашасында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қолдауымен Тараз өңірлік университетінде «Әйел. Отбасы. Қоғам: құқықтар мен мүдделерді қорғау» тақырыбындағы ашық диалог алаңымен бастау алды. Қоғамымыздың келеңсіз дерті болған зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен қоғам болып жұмыла күресу ғана мәселенің шешімі екендігіне баса назар аудартты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандарға арналған орталығымызда орын тапшылығы да сезілуде.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы келеңсіз індет. Онымен жұмыла күресу ғана оң нәтижелер әкеледі, – деді Жамал Дүйсембайқызы.
Сонымен қатар оның сөзінше, қызмет алушы әйелдерге мұнда үш мезгіл тегін тамақ, жатын орны да қарастырылған.
– Орталық мамандарының басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған ана мен бала құқығын қорғау, қолдау. Яғни зорлық көрген әйелдер қашан аяғынан тік тұрып кеткенше, облыс ортағында орналасқан «Үміт» аталатын балалар үйіне уақытша балаларын өткізуіне болады. Сондай-ақ орталық медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, экономикалық, құқықтық, мәдени және әлеуметтік еңбек көмектерін көрсетеді. Консультацияға келген аналар мен балалардың жеке басының құпиялылығы міндетті түрде сақталады. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік те беріледі. Әрине, соңғы шешімді өздері қабылдайды.
Біздің қалыптасқан менталитетімізде көптеген қыз-келіншектер отбасындағы зорлыққа шыдап, көп жағдайда жасырып қалуға тырысады. Мұндай жайттар денсаулықтың бұзылуына, түрлі күйзеліске, балаларының мінез-құлқының дұрыс қалыптаспауына, тіпті соңы өлімге алып келеді. Осындайда «ұят», «қорқыныш» деген ұғымдарды өз жөнімен пайдалансақ игі еді. Отбасында қысым көрген әйелдер көбінде орталықтың көмегіне жүгінудің орнына өзінің туыстарының немесе ата-анасының үйіне барып, мұңын шағады. Бұл қате. Қайта орталыққа келіп, әйелдер психологына және балаларыңызды балалар психологына жүгініп, кеңес алсаңыздар, нәтижесі оң болады, – дейді орталық басшысы.
Осы орайда сандарды сөйлетіп көрсек, бұл орталыққа 2014 жылдың қазан айынан ағымдағы жылдың қарашасына дейін барлығы 1 064 қызмет алушы қабылданған. Оның ішінде 331 әйел, 733 бала бар. Бүгінгі күнге орталықта жатқан қызмет алушы саны – 24. Оның 6-ы әйел, 18-і бала. 2014 жылдан осы жылдың қарашасына дейін отбасына оралған қызмет алушылар саны 474 болса, оның ішінде 146 нәзікжанды, 327 бүлдіршін бар екен. 2014-2022 жылдар аралығында орталықтың сенім телефоны арқылы көмек алған азаматшалар саны 1 713-ті құраған.
Бұған қоса Шу ауданында 2017 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кеңес беру кабинеті жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін ол жалпы 746 қызмет алушыны қабылдаған. Осы кезге дейін 98 әлеуметтік және психологиялық кеңестер айтылса, сенім телефоны арқылы 594 қызмет алушының әртүрлі деңгейдегі сауалдарына жауап берілген.
Өткен жылдың ақпан айынан бастап орталық жұмысын жандандыру мақсатында Жуалы, Меркі, Сарысу аудандарында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кеңес беру кабинеттері ашылып, жұмысын бастады. Жуалы ауданы бойынша кеңес беру кабинетіне өткен жылы – 66, ағымдағы жылы 67 қызмет алушыға әлеуметтік және психологиялық кеңестер беріліп, сенім телефондарына 40 азаматша хабарласқан. Сондай-ақ Меркі ауданы бойынша кеңес беру кабинеті был- тыр – 62, биыл 58 адамға көмек көрсеткен. Осы арқылы 106 азаматша тиісті жәрдемге ие болды. Ал Сарысу ауданы бойынша кеңес беру кабинетін-де ағымдағы жылы 58 қызмет алушыға кеңес берілсе, сенім телефонына 49 адам жүгінген. 2021 жылдың 11 қаңтарынан бастап Тараз қаласында да тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік кеңес беру кабинеті есігін айқара ашты. Кабинетте зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға, жасөспірімдерге тәулік бойы психологиялық, құқықтық кеңес беріледі. 2021 жылы – 103, биыл 51 қызмет алушыға психологиялық және құқықтық кеңестер берілді. Атап айтқанда, олардың көпшілігі әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі бойынша шағымданған. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар – барлық қоғам болып бірігіп, атсалысу керек.
Қазақ қоғамындағы әйел құқығы туралы жиі пікір айтатын өнертанушы Молдияр Ергебеков «тұрмыстағы зорлық мәселесін шешу үшін авторитарлы режимді қоғамдық тұрғыдан жоюымыз керек» деген пікірде.
– Еркек өзінен мықты адамдардың бағыныштысы немесе пассив мойынсұнушысы болуы мүмкін. Сондықтан да осындай еркек үйіне келген соң өзінің күші жететін әйеліне әлімжеттік жасайды. Әйел де әлгіндей еркекке бағынады да, өз үстемдігін балаларына жасайды. Осылайша, бұл режим үнемі қайталана береді. Мұндай авторитар болмысты жоюдың бір ғана жолы бар. Ол – сыни көзқарас. Адамдар неліктен бір-бірін мойындатуы, неге үстем болуы керек? Оның орнына «Серіктес ретінде өмір сүруді қалыптастыра аламыз ба, жоқ па?» деген сұраққа жауап іздегені жөн. Біз осы қадамды жасауымыз керек. Өйткені авторитар қоғам ешбір еркіндікке жетелемей- ді, – дейді өнертанушы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғаларды қандай жаза күтіп тұр? Бұл жөнінде заңда қандай жауапкершілік қарастырылған? Мәселен: «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деп көрсетілген.
2021 жылғы әлеуметтанулық зерттеуде респонденттер отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері жұмыссыздық, маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық қатарлы әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалық мәселелерден туындайтынын айтқан. Дегенмен елімізде мұндай орталықтардың саны жеткіліксіз екен. Сондықтан 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жол картасы бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасын қолдау орталықтарын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру жолға қойыпты.
Осы мақаланы жазу барысында өзін «зорлық-зомбылық құрбанымын» деп хабарласқан шаһар тұрғыны Сағынышпен (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді) әңгімелескен едік.
– Ауыр жұмыстан бұрын азаптауларға шыдамадым. Сөйтіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбанына айналдым. Мектепті бітірген жылдың жазында өзім танымайтын, бұрын мүлде көрмеген жігіт алып қашты. Қайтып кетіп, ата-анамды қарабет қылмайын деп көндігіп, әрі бақытым осы болар деген үмітпен қалдым. Алғашында бақытты күндерді бастан кешірдік. Алайда ол ұзаққа созылмады. Күйеуім ішкілікке салынып, ұратынды шығарды. Сәби шағымыздан санамызға ата-анамыз «қыз жат жұрттық, барған жерге тастай батып, судай сіңуі керек» дегенді әбден шегелеп тастағандықтан болар, төркініме ештеңе айтпадым. «Пәленшенің қызы қайтып келіпті» деп олардың бетіне таңба салғым келмеді. Алайда қорқынышпен өмір сүрдім. Бір күні түн ортасында мас болып келген күйеуім ауыр соққының астына алды. Жан ұшыра шыңғырғаныма қарамастан, «дауысыңды шығарма» деп зекіп, одан әрі төпелей түсті. Еңбектеп жүріп есіктен қашып шығып, ауылдың арғы шетінде тұратын ата-енемнің үйіне жетіп, олардан көмек сұрадым. Араша болар деген ата-енем: «Тірлігің дұрыс болмаған соң ұрады да. Баламды басы бүтін саған бердім. Соны адам ету – сенің міндетің. Жақсы әйел жаман күйеуді түзейді», – деп өзімді жерден алып, жерге салып, әбден тілдеді. Солай уақыт зулап өте берді. Ол арасында «жұмыс істеймін» деп бірнеше күн үйден кетіп қалады. Біреудің отынын жарып, бірінің суын тасиды. Бірақ бар тапқанын араққа жұмсайды. Қиыншылықтың көбіне шыдап келдім, бала сүйдік. «Ұрпағы өмірге келсе қояр» деген тәтті үміт бар еді, ол да сөнді. Сонымен жауапсыз жар, бауырына баспаған ата-енемен қоса қымбат пәтерақы, қымбатшылық, тұрмыстың тауқыметі – осының бәрі менің ажырасуыма алып келді, – деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.
Бұл туралы мамандардың да пікіріне құлақ түрген едік. Олар әйелдің отбасында зорлық-зомбылыққа көндігуінің бірнеше себебі барын айтады.
– Ең бірінші, қорқыныштан болады. Себебі әйел мұндай жағдайда 5, 10 жыл не одан да көп уақыт бірге тұруы мүмкін. Екіншіден, қаржылық тәуелділік. Яғни күйеуі не бірге тұратын адамы қызғаншақ болса, олар әйелдің жұмыс істеуіне келісімін бермейді. Көпбалалы әйел болса, оның тіпті жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан экономикалық проблеманың кесірінен үйден кетуге, өзінің проблемасын айтуға әйелдің күш-жігері жетіспейді. Үшіншіден, «маған шынымен көмектеседі» деген сенімнің болмауы. Яғни полицияға сенбейді. Сонымен қатар ақпараттың аздығынан әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары туралы да білмейді, – дейді психолог Салтанат Маусеитова.
Біздің де айтарымыз, егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, бұл туралы үндемей қалмаңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәбірленушілерді мұндай жайттардан қорғау үшін ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.