Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атаулы әлеуметтік көмек проактивті түрде тағайындалады

0 302

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін, сондықтан елімізде маңызды міндеттердің бірі – қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету екеніне тоқталды. Сонымен бірге бұл көмекті шын мұқтаж жандар ғана алуы тиіс екенін баса айтқан болатын.

«Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің мемлекетіміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде әсер ете бастады», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бізге түбегейлі өзгеріс керектігін, заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс екенін айтқан еді.
Осыған орай Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімдігінде атаулы әлеуметтік көмек алушылармен жиын өтті. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Жаныгүл Махмудова жүргізген жиынға ауылдық округтердегі аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ассистенттері, әлеуметтік сала мамандары мен атаулы әлеуметтік көмек алушы тұрғындар қатысты. Онда атаулы әлеуметтік көмектің түпкі мақсаты – аталған көмек алушылардың жағдайын көтеру арқылы тұрмысы төмен отбасылардың санын азайту екені айтылды.
Басқосуда әуелі Жаныгүл Махмудова атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы өзгерістер жайлы айтып өтті. Сондай-ақ қатысушылардың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығымен таныстырды. Сондай-ақ маман қазан айындағы көмектер проактивті түрде тағайындалғанын жеткізді.
Кездесуде көпбалалы ана, жеке кәсіпкер Зағира Алимбаева сөз алып, өз ойымен бөлісті.
– Менің алты балам бар. Мен де кезінде Үкімет тарапынан түрлі көмектерді алдым. Қазір жеке кәсібім бар. Заңды түрде кәсібімді жүргізіп, салығымды төлеп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп отырмын. Ауданымызда жұмыс көзі жоқтың қасы. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар өздерін жұмыспен қамтып отыр. Үлкен кәсіпорындар жоқ. Дегенмен бұрынғымен салыстырғанда, жағдайы өте төмен отбасылар аз. Үлкен кемшілігіміз – Үкіметтен көмекті аламыз да, оны тиімді жұмсамаймыз. Әрине, барлығы бірдей емес. Қайтарымсыз грантты алып, онымен несиемізді төлеп немесе ішіп-жеп қоямыз. Ақшаны тиімді пайдаланып, кәсіп ашудың көздерін ойламаймыз. Тек «алма піс, аузыма түс» деп қарап отырамыз. Осы әдетімізден арылмасақ, біздің жағдайымыз түзелмейді. Сондықтан еңбек етейік, – деді көпбалалы ана.
Келесі жиналыс Қарасаз ауылдық округінің әкімдігінде өтті. Онда Жамбыл облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жауапты маманы Марғұлан Мұсаханов атаулы әлеуметтік көмек алушыларды маңызды ақпараттармен таныстырды.
Марғұлан Сырымұлы келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына берілетін әлеуметтік пакет берілмейтінін, оның орнына бала басына 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай берілетінін жеткізді. Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш электронды түрде, яғни үйден шықпай-ақ смартфон телефон арқылы бере алатындары, оның жауабын да телефон арқылы алатындары жайлы айтты.
Ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы Үкімет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мақсаты – халықтың жағдайын көтеріп, кедейлік деңгейінен шығару екенін айта келіп, алдағы жылы Қарасаз ауылдық округінің тұрғындары «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» жобасына қатысып, 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізетінін айтты.
– Жоспарымыз іске асатын болса, бірінші кезекте округтегі көмекке мұқтаж отбасыларды қамтимыз. Бұл мәселе бойынша тұрғын үйлерінің құжаттарын дұрыстау, заңдастыру мәселесіне ауылдық әкімдік мамандары кірісеміз. Барлық сүйемелдеу жұмыстары да ауылдық әкімдік тарапынан жүргізіледі. Сіздердің тараптарыңыздан кәсіп ашып, жұмыс істеуге деген ниет ке- рек, – деді ауыл әкімі.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, Жуалы ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.