Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Әрине, кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатын секілді, мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің тұғыры деп бағалауға болады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деген болатын.
Анат тіліміздің мерейін асыру мақсатында мемлекеттік қызметте қажырлы жұмыс атқарылуда. Мәселен, Жамбыл облысы Полиция департаментінде барлық шығыс құжаттары мен мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, «ҚР Тіл туралы» Заңының баптарының жүзеге асырылуына арналған бағдарламалардың жасақталғаны, Мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстанып, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін оқып-үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз.
Осы мақсатта департаментте өзге ұлт өкілі саналатын полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ түрлі жағдайларға байланысты тиісті дәрежеде мемлекеттік тілді меңгермеген ұлты қазақ мамандарға арналған арнайы оқыту курстары қамтамасыз етілген. Оған қоса, мемлекеттік қызметкерлер әр жылы «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында сынақтан өткізіліп тұрады. Бұл – өз кезегінде тілге деген жанашырлық пен құрметтің, мемлекеттік дәрежеде бақылаудың көрінісі.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – ел саясатындағы басым бағыттардың бірі. Сол себепті бұл жолдағы жұмыстар жауапты мемлекеттік мекемелермен ұдайы жүргізіледі. Әрине, тіл мәселесі тек заң шеңбері мен биліктің қаулыларында ғана жазылып, айтылып қалмауы керек. Бұл – қоғам болып үлес қосатын маңызды іс. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы қандай қызметте болса да, мемлекеттік тіл жағдайына жауапкершілікпен қарауы тиіс деп ойлаймын.
Ботакөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы