Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жау тайсалған арулары қазақтың

0 278

Соғыс – шытырман емес, соғыс – дерт. Соғыс – уақыт пен дәуір тезінде мықтыны сұлатқан, әлсізді жаншыған зұлматтардың ең ауыры һәм қасіреттісі. Ертеде данышпандар «соғыс – ерлердің ісі» дегенді айтып кеткен. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс бізге бұл тәмсілдің нақты пайым еместігін дәлелдеп берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Оқ пен оттың бел ортасында жаумен жан алыса шайқасып, дұшпанын дәлме-дәл көздеп, қаһармандықтың хас үлгісін көрсеткен азаматтарымыздың қатарында нәзікжанды аруларымыз да болған. Ел жадында жаңғырған алаштың батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің ерлігі – соның дәлелі. Ал сіз бен біз білмейтін, суық қаруды жатсынбай жон арқаға салып, ұрыс алаңында атой салған арулардың есімдері қаншама!

1941-1945 жылғы сұрапыл соғыста жауынгерлік ерлік көрсеткен қыздар туралы Кеңес Одағының маршалы Рокоссовский: «Сол бір қиын жылдардағы халқымыздың ерлігін ойласам, әсіресе, совет әйелдерінің табандылығына ерекше тәнті боламын. Олар ер азаматтармен бірге соғыстың шаңды жолын бірге өтті, батпақта былғанды, қолма-қол ұрыстарға қатысты. Мерген қыздар алғы шепте күні-түні дұшпанды аңдып, жойып отырды» – деп жазған еді. Кеңес Одағының атынан тарихта таңба болып ізі қалған сол соғысқа 600 мыңдай қыз-келіншек қатысқан. Оның 5183-і майдан шебіне қазақ топырағынан аттанған. Дені әскери госпитальдерде медбике, майданда байланысшы болып қызмет атқарды. Қан майданның қақ ортасында пулеметші, снайпер, ұшқыш, атқыш, барлаушы болып көзге түскен аруларымыздың есімдерін тарихтан білеміз. 300 рет әуе шайқасына қатысып, «түнгі пері» атанған штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақ механигi Дәмелi Жәкеева, зениттi артиллерия расчетiнiң командирi Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметшi Жәмилә Бейсенбаева, «Қызыл әскер ақиқаты» атты майдан газетiнiң қызметкерi Рахима Жанбекова сынды есімдер бүгінде тарих бедерінде алтын әріптермен жазылған.

Қазақтың батыр қызы Баян деген…

Сұм соғыстың қайнаған ортасына өз еркімен аттанған батыр аруларымыздың бірі – Баян Байғожина. Семейлік арудың майдан даласындағы ерліктері турасында деректер жоқтың қасы. Алайда соғыс тұсында кеңестік БАҚ беттерінде жарияланған кейбір мақалалар Баян апамыздың ұрыстағы ерліктерін дәріптеп, отандасымыздың отты жылдарда жанқиярлық әрекеттерге барғанын дәлелдейді. Баян Байғожина 1923 жылы Семейдің Абай ауылы, Арқат ауданында дүниеге келген. Майданға 1944 жылы Әлия Молдағұлова қаза тапқан соң өз еркімен сұранған.

«Правда» газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецов 1945 жылы 8 наурызда «Шыңғыстаудың Баяны» атты мақала жариялайды. Өзінің мақаласын: «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Гинденбургте Вайнштрасседе қашып үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік», – деп бастаған журналист қазақтың батыр қызы ең алғаш «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталып, кейін екі мәрте «Даңқ» орденін кеудесіне қадап, Гинденбург іргесіндегі ұрыста снаряд жарықшағынан алған бетіндегі жарақатына қарамастан, 15 фашистің көзін жойғаны үшін «Отан соғысы» орденін алғанын қаламына арқау етеді. Батыр ару Кузнецов баян еткен Гинденбург қаласындағы айқаста ұлы жеңіске небәрі 12 күн қалғанда ажал құшқан. Бүгінде Семей шаһарындағы №37 мектептің қабырғасында ерлікпен қаза тапқан Баян Байғожинаның атында әскери-патриоттық, спорттық клуб жұмыс істейді. Оқушылар осы клубта бос уақыттарын өткізіп, өз отандастарының майдандағы ерліктерін жиі еске алады.

Мәлика мәңгі ел есінде

Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан аттанған арулардың қатарында Батыс Қазақстан, Орал өңірінің тумалары жиі аталады. Әлия мен Мәншүктің ерлігінің ізінен ерген сіңілдеріне рух сыйласа керек, Орал аумағынан 1942 жылы 40-қа жуық қыз-келіншек майданға шақырылған.

Ұрыс даласына өз еркімен сұранған арулардың бірі – оралдық Мәлика Тоқтамышева. Ол 1924 жылы Жымпиты ауданында дүниеге келген. Жастайынан қоғам өміріне белсене атсалысқан ол 1943 жылға дейін телефонист, яғни байланысшы болып жұмыс істейді. Майданға құрбылары Әлима Габдушева, Мүслима Қожахметовамен бірге аттанып, орталық мерген қыздар мектебінде дәріс алады. 1944 жылы алғаш рет 2 наурызда І Балтық майданы, 145-атқыштар дивизиясы, 599-атқыштар полкіне аттанады. Жақындарына майданнан үзбей хат жазып отыруды әдетке айналдырады. «Біздің тұрған жертөлеміз жылы, төрт қыз бірге тұрамыз, біріміз апа, біріміз сіңілі сияқты өте татумыз. Бір күні жауды торуға шыққанбыз, фрицтің мергені бізді көріп қалыпты, оны менің серігім Люба мұрттай ұшырды», – дейді ол хаттардың бірінде. Мәликаның үйіне жазған тағы бір сондай хатында: «Аңдуда отырғанда кірпік қағуға болмайды. Өйткені сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы серігім Люба кірпігін қағуға келтірместен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жалғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұлағанның қасына біреу бауырымен жер сызып келіп аударам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі барлаушы тобынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сол күнгі отырған жеріміз құтты болып, санды он беске жеткіздім», – деп қуанып жазады. Ал 1944 жылы 1 мамыр күні жазған хатында Мәлика: «Сендерден бүгін екі айдан бері күткен хатты алып, амандықтарыңды біліп, сондай қатты қуанып қалдым. Міне, қазір жорықтан келіп отырмын. Мереке құрметіне атқан фрицтердің санын санағаным жоқ, Люба екеуміз талайын жайраттық», – деп мақтанышын да жасырмайды. Осы жазған хатынан соң көп кешікпей Мәлика 1944 жылы 6 мамыр күні І Балтық майданы қолбасшысының №820 бұйрығымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болады. «Осы уақыт ішінде мен тағы да біраз фашисті жайраттым. Бұрынғыдай емес, енді олар бұғып, еңбектеп, жер бауырлайтын болды. Қорқақ қой өздері, олардың әрбір солдатының бейшара екеніне көзім анық жетті», – деп жазған хаты Мәликаның үйіне жолдаған соңғы хаты болды. Осы хаттан кейін көп ұзамай ата-анасы Мәликаның мерген серіктесі Люба Крайнованың: «Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым. Мен Мәликаның жақын құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қанша, сіздерге қайғылы хабар жолдап отырмын. 11 маусым күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, атып үлгерді. Сөйтіп, Мәлика екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпитальде жатыр, жазылып қалар, уайымдамаңыздар», – деп жазған хатын алады. Өкінішке қарай, ауыр жараланған Мәлика арада үш күн өткен соң 1944 жылы 14 маусым күні қаза табады. «Ерлігі үшін» медалімен наградталған мерген Мәлика Тоқтамышованың денесі Витебск облысы, Городок ауданы, Большой городок селосында жауынгерлер зиратына жерленген.

Ерліктің нағыз үлгісі – Нина

Жамбылдық арулар да Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында жау торабына тосқауыл қойып, тарихта өздерінің тағылымды істерімен есімдерін қалдырды. Мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулеттің деректеріне сүйенсек, Жамбыл облысынан майдан даласына 1941 жылы өңірдегі медициналық курстың 18 студенті өз еркімен аттанған. Олардың қатарында 18 жастағы Анна Дмитриенко да бар. Ол Мәскеу, Ленинградты қорғауда, Курск доғасындағы шайқастарда санитарлық нұсқаушы (саниструктор) болды. Соғыс жылдары майдан даласынан жаралыларды тасып, 200-дей қансыраған солдаттарға алғашқы медициналық көмек берді. Сонымен қоса, халі мүшкіл жаралыларға 70 литр қан беріп, донор да болды. Анна Михайлқызының шайқас даласындағы майдангерлерге көрсеткен медициналық көмегі үшін оған Флоренс Найтингейл атындағы сыйлық табысталған. Флоренс Найтингейл – әлемдегі медбикелер арасында есімі әйгілі ағылшын дәрігері. Бұл кісінің атындағы сыйлықты Кеңес Одағы бойынша 46 адам ғана иеленген. Бойында мейірім мен өр мінез қатар көрініс тапқан Анна Михайлқызы соғыс аяқталған соң да өзінің 57 жасында Текелі қаласындағы сел көшкінінен зардап шеккен жерлестеріне алғашқы болып медициналық көмек көрсеткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс сол тұста Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер үшін үлкен сын болды. Аналар перзенттерінен, әйелдер жарларынан айырылды. Аман келгендері туғандарымен қауышып тәңірге тобасын айтты. Жат жерде жау торабына тосқауыл қойып, қанды қырғынның бел ортасында ажалмен бетпе-бет келіп, ерегіскен дұшпанның бетін қайтарып, жеңісті күнді жақындатқан аруларымыз бұл соғыс болмағанда бірі жар қызығын көріп, перзент сүйіп, бірі бейбіт күнде Отанға адал қызмет етіп, бірі білім қуып, ел ертеңі үшін жанына ғылымды серік етер еді. Бірақ тағдыр олардың маңдайына Отанға деген адал қызметті сұм соғыстың ортасында атқарып, тарихта батыр болып қалуды жазды. Бұл майданда ерлік көрсеткен әр азамат, әр ару біз аңыз етер дастан мен жырлардың бас кейіпкері болуға лайық. Олар жайлы батырлар дастанын ғасырдан ғасырға, дәуірден дәуірлерге аманат ету – біздің, бейбіт елде еркін көсіліп өскен ұрпақтың адал парызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.