Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асқақтап елдің айбыны

0 197

Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Ю.Ким

Дәстүрлі шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының салтанатты түрде сахнаға көтерілуімен басталды. Қорғаныс саласында қызмет атқарып, Отанға адал қызмет етіп жүрген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздарын Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтады.
– Бүгін тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше мереке – Отан қорғаушылар күні. Еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін үлкен мейрам. Біз бұл күні қорғаныс саласында аянбай тер төгіп жүрген отандастарымызға құрмет көрсетеміз. Тарихқа көз салсақ, біздің халық – жауынгер халық. Ұлы дала төсіндегі еліміздің ұландары өз атамекендерін көзінің қарашығындай қорғап, ұланғайыр жерімізді жауға ешқашан бермеген. Бүгінгі күні бабаларымыздың мирасқа қалдырған жерінде Қазақстан атты егемен ел бар. Жер бетіндегі әрбір мемлекет өз Қарулы Күштерінің қуатты, мықты болғанын қалайды. Тәуелсіздік күзетінде тұрған Қазақстанның Қарулы Күштерінің айбары артып, қуаты үлкен күшке айналды. Ұлттық әскеріміз – ел тыныштығының кепілі, тәуелсіздігіміздің мығым тірегі. Әскери қызмет жастар үшін патриотизмнің асқан үлгісіне айналып отыр, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Мерекелік шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысы Қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Ерлан Жабықбаев, Жамбыл облысы Қорғаныс істері департаментінің жасақтау басқармасының басшысы, полковник Ғалман Даминов, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі қызметінің бастығы Талғар Меңдібаев және бұдан өзге бірқатар әскери қызметкер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Қалалық әскери бөлімдердің бірнеше қызметкері шаһар басшысы Қайрат Досаевтың Құрмет грамотасына ие болды.

Сонымен қатар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери қолбасшысының бірінші орынбасары Асан Жүсіпов салтанатты жиынға қатысқан барлық сарбаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірнеше әскери қызметкерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін тақты.

Салтанатты жиынның ресми бөлімі аяқталған соң «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония және Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің әртістері ұсынған мерекелік концертті тамашалады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.