Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпсіздікке қалқан болған қаһармандар

0 1  446

Батырлық тек қан майданда өлшенбейді. Елдің тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, сол жолда өз басын қатерге тігу де – ерліктің көрінісі. Әрине, құқық қорғау қызметінің оңай емес екені әмбеге аян. Қоғам тыныштығына қалқан болып, көше тәртібін қадағалап жүрген сақшылар күрделі жағдайлармен күн сайын бетпе-бет келіп жатады. Қарулы қылмыскерлермен қақтығысып, от пен оқтың ортасындағы жанкештіліктері көпке үлгі. Осылайша қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқарып, қапыда қаза тапқандары қаншама. Мұндай өз ісіне адал оғландар Жамбылда да жетерлік. Олардың қаһармандығын жұрт әлі күнге аңыздай қылып айтады.

2011 жылы Тараз қаласында болған қайғылы жағдай көпшіліктің әлі санасынан өше қойған жоқ. Сол қасіретті күні бейбіт тұрғындардың тыныштығын бірінші орынға қойған ІІД Жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасов лаңкес Мақсат Кариевтің ізіне түсіп, оны ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастроном жанында тоқтаған қылмыскер полицейлерге оқ жаудыра бастайды. Сол оқтың бірі Ғазиз Әбдібекұлын жаралайды. Алайда соған қарамастан, ол лаңкестің қолындағы жарылғыш затты байқап, ұмтыла түседі. Қылмыскерді жерге құлатқан сәтте оның қолындағы граната жарылады.
Оқ пен отқа кеудесін тосқан жерлесімізге Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» ең жоғары атағы берілді. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген – осы.
Бұл тұста жол полициясының инспекторы Самат Алашев туралы айтпай кетуге болмайды. Ол қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған қылмыскерді құрықтау мақсатында Ғазиз Байтасовпен бірге жедел тапсырмамен аттанады. Сол тұста ауыр жарақат алып, ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Кейін оған Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ол бүгінде Тараз қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы болып еңбек етуде.
Бұл күні тұрғындардың тыныштығын бұзуды көздеген қандықол қылмыскер шаһарда ойран салып, талай отбасыны қара жамылдырды. Солардың қатарында қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға лейтенанттары Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко да бар.
Ел үшін туған ерлер діни экстремистермен байланысы бар деген күдікке ілінген азаматқа сыртқы бақылау жүргізеді. Соны сезіп қалған лаңкес жедел-іздестіру басқармасы қызметкерлеріне шабуыл жасап, ажал құштырған еді.
Есіл ерлердің құрметіне былтыр ескерткіш бой көтерген болатын. Өкініштісі, жыл басында орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасында тастұғыр саланың тағы бір сайыпқыран сардарының есімімен толықты. Сол бір қаралы күндері бүлікшілермен қақтығыс кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Дастан Әділбай оққа ұшып, мерт болды. Батырлардың есім-сойы бүгінде шаһардағы ҰҚК мекемесінің іргесіндегі саябақта орналасқан монументке қашалып жазылған.
Осы ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болғандардың бірі облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, тастұғыр небәрі бір-ақ аптаның ішінде әзірленген екен.
– Сол жылы «Жеңіс» саябағының ішінен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті бой көтерді. «Әрине, Ғазиз Әбдібекұлының жөні бөлек. Дегенмен сол қанды оқиғада қаза тапқан өзге де азаматтар бар ғой. Солардың да ерлігін неге ұлықтамасқа?» деген ой келді сол сәтте. Ол кезде мен Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүргенмін. Жоғарыдағы ойымды облыс басшыларына айтып едім, олар бірден қолдап, жұмыс басталып кетті. Тез арада орнын таңдап, нобайын сызып, бар болғаны бір жетіде ескерткіш орнатылды. Осы орайда бұл ел аумағы бойынша қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне арналған алғашқы ескерткіштердің бірі екенін айта кеткен жөн. Әрине, туған жердегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін қиған сала қызметкерлері елі мен халқына шынайы берілген, шексіз адалдықтың үлгісі болып қала бермек. Өскелең жас ұрпақ осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция подполковнигі Нұрғали Омаровтың да көзсіз батырлығы кімге болса да үлгі. Тәуелсіздік алып, енді еңсе тіктеген 90-шы жылдары халықтың тұрмысы едәуір төмен болғаны шындық. Соның салдарынан тепсе темір үзетін жігіттер ұрлық-қарлыққа бой алдырып, ұсақ қылмыстар қоғамда жиі орын ала бастады. Сол жылдары, яғни 1998 жылы тамыз айында полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Түнгі сағат шамамен 22:00-23:00-дің аралығында №9 «Мыңбұлақ» ықшамауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерлерді қорқытып, бопсалап тұрғанын байқайды. Омаров өзінің жалғыз екендігіне қарамастан, екеуіне тұра ұмтылады. Сол сәтте бұзақылардың бірі Нұрғали Омаровтың ішіне және көкірек тұсына пышақ сұғып, ауыр жарақаттайды. Соған қарамастан полицей екі күдіктіні ұстап, 1-ші ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жеткізгеннен кейін есінен танып құлайды.
2004 жылдың 17 шілдесі күні кешкілік сағат 19.00 шамасында Тараз қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Д.Бедный көшесіндегі үйдің тұрғыны қоңырау шалып, күйеуінің қолына қару алып, үйінде айқай-шу шығарып, қорқытып жатқандығын хабарлайды. Сол сәтте оқиға орнына кезекшілікте отырған жедел-тергеу тобы мен аталған аумақтың учаскелік инспекторы Жақсылық Ержанов бірінші болып жетіп, бой тасалаған «К» есімді азаматтың соңына түседі. Оны көше бойынан тоқтатқаны сол еді, күдікті қалтасынан жарылғыш зат алып, Ержановқа лақтырады. Ұзақ ойланатын сәт емес, полицей өзгелердің өмірін ойлап бірден жарылғыш затты өзінің кеудесімен жауып құлайды. Ақырында «К» есімді тұрғын құрықталып, Жақсылық Ержанов бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Расында, оның бұл ерлігі кешегі Ұлы Отан соғысында пулеметті кеудесімен жапқан бабалардың батырлығынан несі кем? Осы қаһармандығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталған ол бүгінде құрметті зейнеттік демалысқа шыққан.
2005 жылдың ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткені туралы шағым түседі. Жедел қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы бұйрық беріліп, «Тараз-Алматы» тас жолын қадағалайтын полиция капитаны, ІІД Жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқайды. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпке қарамастан, Талғат жалма-жан көлікке жармаса кетіп, алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді қолға түсіреді. Арада көп уақыт өтпей ол бұл ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
2006 жылдың 30 қаңтарында «Алматы-Ташкент» тас жолының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші мемлекет басшысының кортежін Жамбыл облысы аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке тапсырылады. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Вольво» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігін жедел бұрып, «Вольво» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті Президентінің жеке алғысын білдірсе, қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Тағы бір полиция қызметкері Ерасыл Тілемістің ерен ерлігі әлі күнге ел есінде. 2013 жылы сағат 22.45-те 102 пультіндегі кезекшіге кәсіпкер Л.Трофимовадан қоңырау түседі. Ол «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан бал сататын дүңгіршекке белгісіз біреулер тас лақтырып тұрғанын байқаған. Хабарламаны ала салысымен Ерасыл бірден оқиға орнына аттанады. Екі бұзақының артынан бас салған полицей олардың бірін ұстай бергенде, күдікті пышақпен жарақаттайды. Соған қарамастан Ерасыл қылмыскерлерді ұстап, учаскеге тапсырады. Ал өзі ауыр халде ауруханаға жатқызылады.
– Хабарлама түсе сала жедел тергеу тобымен оқиға орнына шұғыл аттандық. Жәбірленуші күдіктілердің егіс алқабына қашып кеткендігін айтты. Ол жақтан үш адамның бейнесін көріп, ізіне түстік. Олардың біреуі жалғыз, екеуі бірге бөлініп қашты. Мен екеудің артынан қудым. Бар ойым оларды ұстау болғандықтан, әріптестерімнің артымда қалып қойғандығын да байқамаппын. 700 метрдей жүгірген соң, оларды қуып жетіп, құжатымды көрсетіп, полициядан екенімді айтып, не істеп жүргендерін сұрадым. Олар «осы ауылданбыз» деді. «Мен де осы ауылданмын. Сендерді танымаймын. Полиция бөлімшесіне жүріңдер», – деп қолынан тартқанымда, біреуі жіберуін өтінді. Мен жібермедім. Сол кезде біреуі кеудеме екі-үш рет соққы жасағандай болды, сөйтіп екеуміз арпалысып кеттік. Арт жағымдағы әріптестеріме қашқандарды ұстағанымды айтып, айқайлап шақырдым. Олар келіп, қылмыскерлердің қолдарын қайырып, тырп еткізбеді. Ұсталғандардың бет-жүзін көру үшін қолшамымды алайын деп кеудеме қолымды салғанда жып-жылы болып қан ақты. Жол жиегіне шыққан соң, ішім қатты ауырды. Кейін білдім, пышақ бауырыма тиіп, бүйрек тұсынан қолтық арқылы өтіп, өкпемнің сыртқы қабықшасын зақымдаған екен, – деп еске алады сол күндерді Ерасыл Рашидұлы.
Өзін ауыр жарақаттаған жасөспірімге сотта қатаң жаза сұрамай, барлығын заң еркіне қалдырғандығы да жас полицейдің кеңпейілділігін көрсетсе керек. Үш литрдей қан жоғалтып, өте ауыр халде жансақтау бөлімінде ота жасатып шыққан Ерасылдың денсаулығы біртіндеп түзелген. Қазір жағдайы жақсы.
– Бұл – менің қызметтік борышым әрі міндетім. Өз әрекетімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері осындай қадамға барар еді, – дейді ол.
2014 жылдың 30 тамызы, жаңа оқу жылының қарсаңы болатын. «Ауыл-Береке» базарында оқушыларға киім алуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Бір кезде сауда нысанының дәл ортасында тұрған қара түсті «Ауди-80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Тілсіз жауды бірінші болып байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі, полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, отты сөндіруге кіріседі. Өзгелерге залалы тимесін деп ойлаған ол автокөліктің есігін ашқаны сол еді, салондағы бірнеше газ баллондары, жанармай құйған ыдыс, өзге де қауіпті заттар бірінен кейін бірі жарыла бастайды. Боранғазиев еш саспастан жанкештілікке барып, өртті уақытында сөндіреді. Қуанышқа орай, базардағы және жақын маңдағы аумақтан 4 000 кәсіпкер мен 1 500 тұтынушы қауіпсіз жерге көшіріледі. Кейіннен анықталғандай, әлдебір белгісіз топтар «Ауыл-Береке» базарының астан-кестеңін шығарып, шаһарда дүрбелең тудыруды көздеген екен. Бірақ полицейдің қызметтік міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында танытқан батылдығының арқасында қылмыскерлердің бұл ойы жүзеге аспай қалды. Ғалымжан Боранғазиевке де ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Қазіргі таңда Ғалымжан Серкебайұлы Жамбыл облысы ПД Тараз қалалық полиция басқармасында 1-ПБ криминалдық полиция бөлімшесі тобының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда.
2016 жылдың 19 маусымында сағат 16:30-да өзіне тиесілі аумақты патрульдеп жүрген қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Бекжан Тіленчиев атыс дауысын естіп, «Талас» ықшамауданы №18 үйдің 1-подъезіне кіріп кеткен қылмыскердің соңына түседі. Ал көрші үйге басқа жағдай бойынша шақырту арқылы келген учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек қылмыскердің соңына түскен Тіленчиевті байқап, ол да ізінше №18 үйдің подъезіне беттейді. Сол сәтте Данияр Зәуірбек баспалдақта белгісіз тұлғаның әріптесін бірнеше жерден атып, жарақаттағанын көреді. Ол есік артын қалқан етіп, қылмыскерді екі рет атып, залалсыздандырады. Артынша жедел жәрдем шақырып, «102»-ге хабарлайды. Екеуінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде қылмыскер құрықталады. Қос полицей де «Ерлігі үшін» медалін иеленеді. Бірақ, ең өкініштісі, сол күні алған жарақатының кесірінен төсекке таңылған Бекжан Тіленчиев былтыр 5 шілдеде небәрі 32 жасында дүние салды.
2011 жылдың 23 наурызында сағат 14.36-да Тараз қаласының «102» операторына №9 «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып жатқаны туралы жедел хабарлама келіп түседі. Сол-ақ екен нәбәрі 2 минуттың ішінде облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығының қызметкерлері жақын маңдағы «Диана» дүкенінің жанындағы жаяу патрульдің оқиға орнына баруын қамтамасыз етеді. Қымбат уақытты жоғалтпай, сағат 14.38-де полиция аға лейтенанты Алмаз Жанқұлов болған жағдайды төтенше жағдайлар басқармасына және жедел жәрдемге хабарлайды. 15 минуттан кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер, сәлден кейін дәрігерлер келіп жетеді. Олар келгенше полиция старшинасы Қанат Момбаев пен полиция сержанты Талғат Мұсаев екеуі кәмелетке толмаған үш баланы өрттен аман алып қалады. Олар ішке енгенде, бесінші қабаттағы пәтер өртке оранып, дәліз түгелдей түтінге толған еді. Сонда да екеуі бір бөлмелі пәтерге кіріп, күйік шалған және уланып, ес-түссіз жатқан 1,5, 2 және 5 жасар 3 бүлдіршінді көтеріп сыртқа алып шығады.
– Ойланып тұратын уақыт аз. Пәтер ішіндегі балаларды ойладық та, бірден алға ұмтылдық. Әрең тыныстап жатқан балғындарды сыртқа шығарған соң көршілер де көмекке келді. Дәрігерлер жеткенше өзіміз алғашқы медициналық жәрдем көрсеттік. Кейін белгілі болғандай, үшеуі қағазды сіріңкемен жағып ойнаған екен. Сол кезде матрас пен кілемді от шарпыған. Әрине, адамдарды қорғау және құтқару – біздің жұмысымыз әрі міндетіміз. Біздің орнымызда кім болса да осылай істейтініне күмәнім жоқ, – дейді Қанат Момбаев.
Дүйім елді дүрліктірген «Қасіретті қаң-тар» оқиғасы да талай жампоз-дың өмірін жалмады. Олар-дың сапында Тараз қалалық полиция басқармасы 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков те бар. Ол сол күні әріптестерімен бірге бүлікшілерді тоқтатуға жіберілген екен. Бұл туралы аға инспектор Олжас Төлегенов: «Қызметтік көлікпен алаңға қарай беттегеніміз сол еді, белгісіз біреулер оқ жаудыра бастады. Машинаны кері бұрып, әрең дегенде сытылып шықтық. Бір кезде жанымыздағы Нұрсұлтан есімді әріптесіміз: «Арқама оқ тиді, шыдатпай ауырып жа- тыр», – деді. Сосын артыма қарасам, Рахат ес-түссіз жатыр екен. Бірден облыстық көпбейінді ауруханаға апардық. Алайда дәрігерлер өміріне араша түсе алмай, Рахат сол жерде көз жұмды. Сөзіне берік, ісіне мығым, достыққа адал еді. Осындай азаматтан айырылып қалғанымыз өте өкінішті», – деп еске алады.
Сол бір қайғылы түні үшеуі мінген көлікке бас-аяғы 15 оқ тиіпті. Соның біреуі Рахат Сланбековтің көкірегін тесіп өткен. Мемлекет басшысының Жарлығымен марқұм ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.
Бұлар ерен ерлігімен көзге түскен құқық қорғау қызметкерлерінің бір парасы ғана. Өкінішке орай, олардың бұл мінсіз қызметі кейде орны толмас өкінішке де соқтырып жатады.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.