Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бозкілем шеберлерінің бәсекесі

0 1  708

Таразда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы еркін күрестен халықаралық турнир мәресіне жетті.

ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациялары мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға еліміз бен АҚШ, Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бахрейн, Венгрия мемлекеттерінен келген 150-ге жуық спортшы 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 келі салмақ дәрежелерінде күш сынасты.
«ALTAIS GROUP» ЖШС демеушілік етіп, еркін күресті насихаттау, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуді мақсат еткен турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
– Ұлтымыздың біртуар қайраткері, тау тұлға Дінмұхамед Қонаевтың есімін ардақ- тау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Ол елімізге басшылық еткен жылдары өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды. Әлеуметтік және экономикалық салалармен қатар, ғылым, денсаулық, спорт және мәдениетті де назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту үшін зор еңбек сіңірді. Елін сүйген ерді елі ешқашан ұмытқан емес. Облысымызда жыл сайын дәстүрлі түрде еркін күрестен Қонаев атындағы халықаралық турнир өтіп келеді. Әлем балуандары бас қосқан дода биыл тұлғаның 110 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр, – деген Еркін Құлымбайұлы қатысушы-ларға сәттілік тіледі.
Жарыстың алғашқы күні 57 келі салмақта ақтық кезеңге қазақстандық Мейрамбек Қартбай мен қырғызстандық Алмаз Сманбеков өтсе, 70 келі салмақ дәрежесі бойынша тағы бір қырғыз Ерназар Акматалиев пен АҚШ-тық азамат Тайлер Бергер жолдама алды. Ал 79 және 86 келі салмақта отандастарымыз Дәулет Ергеш, Рүстем Мырзағалиев, Азамат Дәулетбеков, Бекзат Жұманалы финалда белдесуге лайық деп танылды. Сонымен қатар 97 келі салмақта жерлесіміз Юнус Гафуров пен бахрейндік тағы бір балуан Ахмед Тажудинов финалға өтті.
Тартысқа толы болған турнирдің екінші күнінде 61 келіде жерлесіміз Акбар Курбанов пен қырғызстандық Тайырбек Жумашбекулы, 65 келіде АҚШ-тан келген Джозеф Маккена мен моңғолиялық Тулга Тумур-Очир қарсыластарын қоғадай жапырып, ақтық сынға алқынбай жетті. 74 келіде отандасымыз Нұрқожа Қайпанов пен венгриялық Мурад Курамагомедов, 92 келіде қазақстандық Ризабек Айтмұхан мен Бахрейннен келген Магомед Шарипов, 125 келіде ел намысын қорғаған қос бірдей балуан Юсуп Батырмурзаев пен Алишер Ергали финалдық кезеңге өтті.
Турнирдің қорытындысы бойынша 57 келіде Мейрамбек Қартбай алтыннан алқа тақса, 61 келі салмақта Тайырбек Жумашбекулы топ жарды. 65 келіде алтын медаль Тулга Тумур-Очирге, 70 келіде қырғыз Ерназар Акматалиевке бұйырды. 74 келіде Нұрқожа Қайпанов қарсылас шақ келтірмесе, 79 келі салмақта жерлесіміз Дәулет Ергеш ерледі. 86 келіде Азамат Дәулетбеков Әнұранымызды шырқатты. Осы салмақта жамбылдық Бекзат Жұманалы күміс медальді мойнына таққанын айта кеткен жөн. 92 келіге келсек, мұнда Магомед Шарипов алтын алса, 97 келіде Ахмед Тажудинов тұғыр биігіне көтерілді. Ең ауыр 125 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Ерғалидің жұлдызы жанып, ел қоржынын тағы бір алтынмен еселеді.
Жалпы жүлде қоры 33 миллион теңгені құраған байрақты бәсекенің жеңімпаздарына 4 мың, күміс жүлдеге 2 мың, қолаға 500 АҚШ доллары табысталды. Ал топ жарған балуандардың жаттықтырушылары 500 доллармен марапатталды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.