Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есті алған есірткі бизнесіне құрық салынуда

0 306

Нашақорлық – қылмыс пен қатыгездіктің, мейірімсіздік пен дінсіздіктің негізі. Еліміздің экономикасы артқан сайын есірткімен күрес те қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандардың басым көпшілігі – жастар. Яғни нашақорлардың 60 пайызын жастар құрайды. Ал жасырын түрде есірткі қолданып жүрген жастар қаншама. Осы қасіреттен талай жастар жас ғұмырын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірімен мезгілсіз қоштасуда. Қазіргі таңда нашақорлар тек ата-аналары мен туысқандарының ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып барады. Сондықтан болса керек, кесір кеселге үйір болуды ермекке айналдырған осындай топтармен күресудің жолдары да біршама күрделене түскен. Осыған орай облыстағы адам саны көп шоғырланған Таразда қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп келеді.

Бөлім қызметкерлері осы жылдың 9 айы ішінде жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесінде шаһар шеңберінде есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл желісі бойынша барлығы 187 құқық бұзушылық анықтаған. Бұл бағытта тіркелген фактілер өткен жылмен салыстырғанда 35 дерекке азайған. Аталған 187 деректің 112-сі қылмыстық теріс қылық, ал 75 дерегі қылмыс болып есептеледі екен. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 15 келіден астам әртүрлі есірткі құралдары алынған.
Ал Тараз қалалық полиция басқармасы ағымдағы жылдың 9 айы ішінде барлығы 83 дерек анықтаған. 13 келіден астам әртүрлі есірткі құралдары айналымнан алыныпты. Сондай-ақ басқармаға бағынысты 1-ші полиция бөлімі 48 дерек тіркеп, 3 келіге жуық тыйым салынған заттар тәркілеген. 2-ші полиция бөлімі осы уақыт ішінде 56 қылмысты анықтап, 7 келіден астам әртүрлі есірткі құралдары заңсыз айналымнан шығарылған.
Басқарма есірткінің таралуымен күресіп қана қоймай, азаматтардың, әсіресе жасөспірімдердің зиянды заттарға әуес болмауын қадағалаумен де айналысып келеді. Бұл мақсатта оқушылар арасында нашақорлықтың зияны жайлы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Мәселен, аталған жұмыстар аясында Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі және Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығымен бірлесе отырып, 9 бен 11 сынып оқушылары арасында офлайн режимде есірткінің зияны және оны қолданудың салдары туралы сабақтар өткізілген. Дәрістерге 4 мыңнан астам оқушы мен мұғалімдер қатысқан.
Сонымен қатар өзге де тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында жыл басынан бастап анықталған қылмыстар бойынша және есірткі қылмыстарының алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына 250-ге жуық материал жарияланған.
Нашақорлыққа бой алдырмаудың ең басты алғышарты – салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен шұғылдану екені белгілі. Бұл ретте басқарманың бастамашы болуымен есірткіге тәуелділіктің алдын алуға бағытталған барлығы 7 спорттық шара өткізілген. Бұдан бөлек, түрлі форматтағы 6 дәріс, 5 кездесу, 3 семинар, «дөңгелек үстел» отырысы және 6 әртүрлі іс-шара ұйымдастырылыпты.
Көне шаһар көлемінде тыйым салынған заттардың таралуын болдырмау да басты назарда. Ол үшін түрлі рейдтік, тексеру шараларын өткізіп отыратын тараздық тәртіп сақшылары биылғы жыл ішінде облыс орталығы бойынша көңіл көтеру орындарын тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған шаралар барысында барлығы 30 ойын-сауық мекемесі тексеріліп, 15 заң бұзушылық анықталған.
Жалпы алғанда, еліміздің көлемінде жастарды есірткі құрығынан қалай құтқаруға болады деген сауалдар әлі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Өмірді енді бастап келе жатқан олар денсаулыққа келетін зиян мен оның қандай салдарға әкеп соғарын түсінбейді. Әдетте нашақорлыққа көбіне ауқатты отбасылардың балалары үйір болады. Сондықтан кейбір ата-ана өзінің көрмеген қызығын баласы көрсін деп сұраған қаражатын қалтасына салып беруі оның зиянды әдетке үйір болуына жол ашады. Мұндайда «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы есіңізге түседі.
Жас кезінде адам көрсеқызар келетіндіктен, қызық үшін біреулері есірткі дәмін татып көруден бастайды. Есірткі таратушылар соған айналшықтап жүрген жастарды «инемен салмасаң болды, нашақор емессің» деп алдауы мүмкін. Ал, шындығында, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Психолог дәрігерлер отбасында бала ішімдік, темекі, есірткі сияқты естен айыратын әзәзіл туралы ерте бастан естігені дұрыс екенін, бала жаман әдет туралы ерте білсе, соғұрлым тез жиреніп, одан бойын аулақ ұстайтынын айтады.
Бір айта кетерлігі, есірткі бизнесіне қарсы күрестің күрделілігі соншалық, әлемде ешбір мемлекет әлі күнге дейін оны жеңудің даңғыл жолын таба алған жоқ. Оның бір себебі, мемлекеттің даму деңгейі неғұрлым жоғарырақ болса, басқа да бизнес түрлері сияқты есірткі саудасы да соғұрлым табыстырақ бола түседі. Қазақстанда заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар әлсіз деуге келмес. Алайда бұл жұмыстардың пәрмені әлі де болса діттеген жеріне жетпей жатқандай. Тіпті күн өткен сайын бұл дерттің зардабы өршіп, адам өміріне аса қауіпті есірткілердің жаңа түрлері шыға бастады. Сондықтан есірткіге қарсы тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас ел-жұрт болып күрескенде ғана нәтижелі болмақ.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.