Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс орталығындағы он айдағы оңды іс

0 222

Тотыдай түрленіп, жаңаша кейіпке еніп келе жатқан Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы да көңіл қуантады. Ұлы Жібек жолының бойында көне шаһардың бүгінде түтіні түзу ұшып, тірлігі тіктелген. Тәуелсіздік таңымен көкжиегі кеңейген қалада атқарылған ілкімді істер жетерлік. Бұған осы жылдың 10 айындағы көрсеткіштер дәлел бола алады.

Экономикада тұрақты өсім қалыптасқан

Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде тұрақты өсім қалыптасқан. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында 9 миллиард 588,0 миллион, өнеркәсіпте 387 миллиард 525,1 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, инвестиция – 83 миллиард 425,2 миллион, бөлшек сауда тауар айналымы – 210 миллиард 473,3 миллион, құрылыс жұмыстары 37 миллиард 871,4 миллион теңгені құраған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көле-мі – 257,2 мың м2. Бұл дегеніміз барлық салада негізгі көрсеткіш 100 пайыздан артығымен орындалғанын айғақтайды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салаларды дамытуға арналған 2023-2025 жылдарды қамтитын 3 жылдық жоспар да әзірленген. Соған сәйкес жыл сайын көрсеткіштер 4-5 пайызға артады деп күтілуде. Сонымен қатар шаһар бюджетінде де мол түсім байқалуда. Мәселен, биыл қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 29,2 миллиард теңге көлемінде нақтыланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1 миллиард теңгеге артық екен. Нақтырақ тоқталар болсақ, салықтық түсімдер – 18,2 миллиард, салықтық емес түсімдер – 345,6 миллион, негізгі капиталды сатудан түсетін түсім- дер – 10,2 миллиард, 2021 жылдан қалған бос қаражаттар 599,9 миллион теңгені құраған. Қалалық бюджет сан саланың шығындарын қаржыландыруға бағытталып отырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру да 3 жылдық жоспарға сай жүзеге аспақ. Жалпы болжам бойынша 2025 жылға қарай қаланың бюджеттік кірісі 23,3 миллиард теңгеге дейін жетеді деп жоспарлануда екен.

Құрылыс жұмыстары қарқын алуда

Қалада құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. Айталық, ағымдағы жылы 126 нысан мен 46 жобаға 27,8 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ инженерлік-инфрақұрылымдық сала бойынша 55 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары да жүргізілуде екен. Оған бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін 2,5 миллиард теңгесі игерілген. Қалған қаражатты жыл соңына дейін игеру жоспарланған. Осы орайда айта кетерлігі, 8 тұрғын үйді абаттандыру мен ішкіалаңдық инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстарына 201 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, біреуі қабылданған. Сонымен қатар дәл осындай 34 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсынан өтуде екен. Оның ішінде 4 тұрғын үйдің мердігер мекемелері анықталған. Бұған 400 миллион қарастырылып, жұмыстарды толығымен аяқтауға 1 800 миллион теңге қажет көрінеді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы №15 ықшамауданда 71 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 22,7 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 42 көпқабатты тұрғын үйдің 13-і қабылданса, қалған 33-і жыл соңына дейін аяқталмақ. Оның ішінде 36-і кредиттік, 6 арендалық тұрғын үйлер екенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар 29 жаңа тұрғын үй мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, №15 ықшамауданда қалған соңғы 16 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда аталған тұрғын үйлерді А.Асқаров көшесінің соңына ауыстыру бойынша шешім қабылданған. Бұл бағытта да жұмыстар жалғасуда.
– Осы орайда мен №15 ықшамауданға кеңінен тоқталғым келіп отыр. Өйткені мәселе жоқ емес, бар. Қазіргі таңда аталған ықшамауданның жобасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар атқарылды. Ол жерде 47 гектарға сквер, саябақтар, демалыс аймақтарын салу қарастырылған. Сонымен қатар негізгі және ішкі жолдарды кеңейту де жоспарда бар. Бүгінгі таңда 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар спорт кешені, Мәдениет үйі, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Ал №14 ықшамауданда магистральдық және алаңішілік инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, яғни электр, су және кәріз желілерін тарту жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі уақытта электр желісі жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Ал су мен кәріз желілерінің құрылысы 75 пайызға орындалып, жыл соңына дейін толық аяқталмақ. №15 ықшамаудандағы жобалау кезіндегі қателіктерге жол бермеу үшін бүгінде біз №14 ықшамауданның жобалау құжаттамасына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Шамамен 1 ай көлемінде дайын болған соң, біз жобаны тараздықтардың назарына ұсынатын боламыз, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Биыл «Қарасу» (Құмшағал) тұрғын алқабында 46,1 шақырымды құрайтын қиыршық тас жолы төселуде. Жоба құны 3,7 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 12 шақырымы жүргізілген. Қалған жұмыстар 2023 жылы толық аяқталмақ.
– Құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын «Тараз қаласындағы тұрғын аудандарды электрмен жабдықтау құрылысы «Шалғай Қарасу» – 1,2,3,4,5,6,7» нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бұл да қаладағы ең ауқымды жұмыстардың бірі. Бұл жұмыстар 2 кезеңмен жүзеге аспақ. Бағаналар орнатылып, электр желісі жүргізілген соң, тұрғындар тарапынан шағымдар көп түсуде. Бағаналарды орнатып болған соң, трансформатор қойып, ТГЭС-ке қосу жұмыстары тағы бар. Сондықтан бұл жоба бойынша жұмыстар өз жоспарына сай орындалуда. Қазір біршама алқаптар толық қосылған, кейбірінде трансформаторлар орнатылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Бұған қоса шаһардағы 28 саяжай, «Шөлдала», «Құмшағал» шағынаудандарын уақытша электрмен жабдықтау нысаны биыл мамырда қабылданды. «Пригородный» станциясынан уақытша электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары атқарылуда. Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы көптен күткен «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешеніндегі «Ежелгі бекініс» имаратының құрылысы биыл басталды. Нысан 2023 жылға өтпелі, – деді шаһар басшысы.
Соңғы жылдары шаһарда тұрғын үй құрылысы да ерекше қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде баспаналы болып, қуанышқа кенелгендердің де қарасы артып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда пәтер алу тізімінде 22 528 азамат тіркеліп тұр екен. Мемлекеттік «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары іске қосылғалы бері 864 отбасы баспанаға қол жеткізген. Биыл жыл соңына дейін тағы 285 пәтер өз кезегімен мұқтаж жандарға берілмек.
Тұрғындар арасындағы өзекті мәселенің бірі – жер кезегі. Шаһарда бүгінде 109 680 азамат жер кезегіне тіркелген. Халық арасында «10 жылдан асты кезекте тұрғаныма, қашан беріледі?» деген әңгіменің бары рас. Бұл жөнінде шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков БАҚ өкілдерімен болған кездесу барысында: «Жаңа заң талаптарына сәйкес, біз жер бермес бұрын алдымен инфрақұрылымын, яғни су, жарық, жол, газын жүргізуіміз қажет. Ол да қомақты қаражатты талап етеді. Былтыр ғана 1400-ден астам жер телімі бөлінді. Бүгінгі таңда 1200-ге жуық жердің құжаттары рәсімделіп, өз иелеріне табысталды, қалған 200 жер телімінде біраз мәселелер туындап отыр. Біз оның шешу жолдарын қарастырудамыз. Ал осы аралықта мемлекет мүлкіне қол сұғып, электр желілерін тонап жатқан жайттар тіркелді. Бұл қылмыстың мән-жайы анықталуда», – деп баса айтқан еді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, құрылыс нормативіне сәйкес, көпқабатты үйлер әр 30 жыл сайын күрделі жөндеуден өту қажет екен. Қазіргі таңда қала аумағында 1110 үйдің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері қалада 410 үй жөнделген екен. Демек, әлі 700 үй күрделі жөндеуді қажет етуде. Соған орай биыл 68 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде соның 29-да жұмыс 100 пайыз, ал қалған үйлерде 90 пайызға аяқталған. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба бермек.

Алқап тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көрмейді

Шаһар маңындағы алқаптарға да бүгінде айрықша назар аударылуда. Әсіресе олардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға баса мән бе- рілген. Тұрғындар тарапынан да бұл мәселені жиі көтеріліп жүргені жасырын емес. Әсіресе алқаптарды ауыз сумен қамтамасыз ету – аса өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мысалы, қазіргі таңда тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» мен 28 саяжай алқаптарына ауыз су құбыры бойынша 1 жоба іске асуда. Құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын басталып кеткен. Жобалар келесі жылға өтпелі болғандықтан, 2023 жылы аталған елді мекендер орталықтандырылған су жүйесіне қосылатын болады. Бұл іске тұрғындар да дән риза. Соның бірі – Амангүл Аманжолова.
– Бұл мәселені қоғамдық қабылдауларда, әлеуметтік желілерде көтеріп жүргенімізге бірталай жылдың жүзі болды. Уақыты келмегендіктен, кейінге қалдырып келді. Енді міне, биыл сол мәселенің оң шешімі табылып, құрылыс жұмыстарының басталғанына қуанып отырмыз. Қаланың дәл іргесінде тұрып, ауыз судан таршылық көргеніміз өзімізге де ыңғайсыз болатын. Бұйырса, келер жылы таза тіршілік нәрінен сусындайтын боламыз, – дейді алқап тұрғыны.

Көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде

Туризм орталығына айналуды көздеген Тараз қаласының самаладай жарқырауы қашанда маңызды. Бұл шаһарға ат басын бұрған қонақтарға да ерекше әсер қалдырады. Өкінішке орай, қалада жалпы саны 1 388 көше мен бұрылыс болса, оның тек 293-і, яғни 21,6 пайызы ғана жарықтандырылған екен. Ал негізгі 505 көшені қараңғылық қаптаған. Биыл облыстық бюджеттен 30 көшеге түнгі жарық шамдарын орналастыруға 180 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл туралы Бақытжан Әмірбекұлы: «Бүгінгі таңда 11 көшенің мердігері анықталып, құрылыс жұмыстары енді басталды. Қалған 19 көше бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Ашығын айту керек, бұл жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталмай қалу қаупі бар. Осы орайда бәр мәселеге тоқталғым келеді. Тұрғындар көбіне құрылыс жұмыстары неге кеш басталады деген уәж айтады. Бұл – орынды ескерту. Оның басты себебі – біздің қызметкерлердің жобалық-сметалық құжаттарды кеш дайындауында. Құжаттар жылдың соңында дайын болып, жаңа жылда конкурсқа беру қажет. Ал бізде керісінше. Жаңа жыл басталғанда құжаттамалар енді дайындалады. Конкурс кезінде қатысушы компаниялардың сот процесіне жүгінуі тағы бар. Сонымен барлық жұмыстардың кеш басталатындығы осыдан. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін жұмыстар жүргізі- луде», – деген еді өңірлік комму-никациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Еңбек ардагері Серікбай Тұрымов тұратын көше де талай жылдан бері қараңғылық құшағында екен.
– Біздің көшені жарықтандыруды қаншама уақыттан бері мәселе етіп көтеріп келеміз. Алайда еш нәтиже болмай тұр. Жазда күн ұзақ кездері аса білінбейді. Алайда мұның машақатын қыстыгүні көріп келеміз. Өзіміз үшін емес, мектептен қайтатын балаларымыз, немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Оның үстіне көшеде қаңғыбас иттер де қаптап жүр. Солардың бірі бүлдіршіндерімізді қауып, денсаулығына зақым келтірмесіне кім кепіл?! Кейде маскүнемдер мен нашақорларды да кездестіреміз. Олардан келетін қауіп көп. Биыл көшеміз жарықтандырылатынын естіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Қараңғылықтың құрсауынан құтылатын күн жақын деп сенеміз, – дейді шаһар тұрғыны.
Бұдан бөлек, «Таразға тарту» жобасы арқылы салынған 43 сквердің түнгі жарық шамдарына техникалық қызмет көрсетуге «Глобал Групп» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
Жол жөндеу бойынша да жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Биыл, айталық, 77 көшеге 27 жоба, яғни орташа жөндеу, 2 көшені қайта жаңғырту, ағымды жөндеу, жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 60 пайызға жұмыстар аяқталған. Қалған нысандар мен Мәмбет батыр, Ташкент көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Бұл жұмыстардың жалпы құны – 1 миллиард 506 миллион теңге, ұзындығы 9,45 шақырымды құрап отырғанын атап өтуіміз қажет. Әрине, мұның барлығы бір жылда толығымен шешіле қалатын мәселе емес екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті қала әкімінің тапсырмасымен көшені жарықтандыру және жол салу сынды 2 бағыт бойынша 2023-2027 жылдарға арналған 5 жылдық жоспар әзірленуде екен. Соған сәйкес бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізілетін болады.

Жыл соңына дейін 50 автобус жаңартылады

Бүгінгі таңда қала бойынша 9 тасымалдаушы мекеме 34 бағыт бойынша қызмет атқарады. Күнделікті 350 маршрут жолға шығады. Былтырдан бері 40 автобус жаңартылса, жыл соңына дейін тағы 50 автобус алып келу жоспарлануда екен. Сондай-ақ бүгінде қала маңына қосылған, бой көтерген елді мекен тұрғындарының сұранысына сәйкес тағы 7 бағыт қосылатын болады. Жаңа оқу жылының басталуы мен тұрғындардың көптеген сұранысын ескере отырып, қоғамдық көліктердің 21 бағыты сағат 21-22:00-ге дейін, ал 3 бағыттың рейстері түнгі 24:00-ге дейін ұзартылғаны белгілі. Бұл іс тұрғындардың оң бағасын алуда.
– Әлбетте, бұл өте құптарлық. Кейде кешкісін шұғыл шаруалармен басқа жаққа кетіп қаламыз. Ал қайтарда автобустың жоқтығынан такси қызметіне жүгінуге мәжбүр болатынбыз. Өздеріңіз білесіздер, олардың қызметі мұндай уақытта шарықтап кетеді. Ал оған барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Қазір студенттер мен оқушылардың да қатары көбейді. Енді түнде де еш алаңсыз діттеген жерімізге жете аламыз. Ендеше, осы мәселеге құлақ асып, тұрғындардың тілегін орындаған қала басшылығына алғыстан өзге айтарымыз жоқ, – дейді шаһар тұрғыны Ербол Елхат.
Әрине, қоғамдық көліктердің қызметін дұрыстау тек мұнымен шектелмейді. Бұл төңірегінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков: «Алдағы 3 жылда қалаға қосымша 15 бағыт ашу жоспарланып отыр. Яғни 200 автобус алу қажеттілігі туындайды. Бүгінгі нарық бағасымен әр автобус құны 40 млн теңге деп есептесек, бұл шамамен 8 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаражатты автопарк иелері өз есептерінен шығаруы қажет. Сондықтан бұл жұмыстар көпшілік ойлағандай, оңай әрі тез шешімін табатын мәселе емес. Дегенмен біз автопарктерді субсидиялау арқылы бұл жұмыстарды жалғастыратын боламыз. 15 маршрутты 3 жылда қосамыз, сонда бағыт саны 49-ға, ал, автобус саны 550-ге дейін арт-пақ, – деді.
Қала тұрғындары тарапынан әлеуметтік желілер мен «Jambyl 109» диспетчерлік қызметіне қоғамдық көліктердің жұмысына қатысты түскен шағымдар да дер кезінде қарастырылып, әрбір шағым бойынша тасымалдаушы мекемелермен жұмыстар жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда екен. Мәселен, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде кемшіліктерге жол берген 7 жүргізуші жұмыстан босатылса, 19 жүргізуші қызметінен уақытша шеттетілген. Ал қолма-қол төлем жасауда билет түбіртектерін бермеген 9 жүргізушіге 138,5 мың теңге айыппұл салынып, өндірілген. Сондай-ақ, қалалық полиция басқармасымен бірлесе жол-көлік қозғалысын бұзуға жол берген жүргізушілерді анықтау және тиісті шаралар қабылдау жұмыстары да атқарылуда. Алдағы уақытта да қаладағы жолаушы тасымалы қызметінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Үш жылда қаладағы барлық арық қалпына келеді

Ирригацияның иігілігін көретін де күн алыс емес. Бұл мақсатқа биыл 200 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Сеңкібай, Қапал, Қарасу 1,2, Үшбұлақ, Төрегелді сияқты 6 канал тазалануда. Жалпы шаһарда арық жүйесін қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілу қажет екені анық. Әрине, бұл қомақты қаражатты қажет ететіні тағы бар. Осыған орай зерделеу жұмыстарын жүргізіліп, жаңа жоба әзірленген. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. 3 жылға жоспарланған жоба толығымен жүзеге асар болса, қаладағы барлық арық жүйесі қалпына келмек. Сондай-ақ биыл 5 балалар алаңы салынуда. Бұл мәселе де қашанда тұрғындардың сұранысында. Қалада жаңадан салуды қажет ететін 200-ден астам балалар ауласы бар. Сол себепті мәселелер де кезең-кезеңімен шешілмек.
Тағы бір қоса кетерлігі, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «жасыл белдеуді» қайта қалпына келтіру жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілмек. Осы күзгі тал егу мезгілінде 10 гектарға 12 500 тал-дарақ отырғызылады деп көзделуде.

Дамудың даңғыл жолына бет түзеген көне шаһардағы жарқын істер жан жадыратады. Енді Тараздан тек мөп-мөлдір көздердің қарасын ғана емес, айшықты жобаларды да таба аласыз. Ендеше, баянды бастамалардың жаршысы болған көне қаланың әлеуеті бұдан да арта түсеріне сенімдіміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.