Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тағдырлы шешімдердің тоғысы

0 202

Білім күнімен тұспа-тұс келген Президент Жолдауы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген тұжырымымен үндеседі.

Сол арқылы ғана жаңарған Қазақстанның әрбір азаматы биік белеске көтеріліп, табанды еңбектің жемісін көреді. Ол үшін әрбір азамат адал қызмет етіп, абыройлы іс, еліміздің дамуына үлес қосуы керек. Болашақта ел тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақ үшін сапалы білім мен қолайлы орта құру аса маңызды. Жолдауда бұл мәселе назардан тыс қалмады. Бұл тұрғыда «Жайлы мектеп» жобасының тигізер септігі орасан зор болмақ. Қолайсыз ортада білім алу балалардың дамуына да кері әсер етеді. Сол үшін аталған жобаны баршамыз бірігіп іске асыруымыз қажет.
Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің ішкі саяси реформаларының орнықтылы- ғы – өте маңызды мәселе. Президент Жолдауында жаңа саяси практика, жаңа саяси дәстүр, яғни жариялылық принципіне үлкен көңіл бөлді. Әсіресе қоғамды толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше екпін түсірілді.
– Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады, – деген Президенттің сөзі жоғарыда айтқанымызды қуаттай түседі.
Елімізде жұмыссыздықты жою, кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсету сынды жайттарға да баса назар аударылды. «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы. Бұл дегеніміз – еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп жүрген білімді, ойы азат жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша жүзеге асырылатын шаралар жастарды қолдау ісін ілгерілетіп қана қоймай, алдағы уақытта оларды қолдау, көтермелеу тұрғысындағы игі қадамдарға кеңінен жол ашатынына сеніміміз мол.
Тағы бір қуанышты жаңалық – алдағы уақытта елімізде балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады. Бұл туралы Президент: «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деді. Ұлттық қордағы есепшотта жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалатын болады. Әрине, Ұлттық қордың біздің балалардың болашағы үшін жұмыс істеп отырғаны өте құптарлық.
Президенттің әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы туралы айтылатындығымен де құнды. Құнды құжатта көтерілген жаңа бастамалар шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп екендігі белгілі.
«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз», – деп баса айтты Президент. Өз халқының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін оның: «Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!», – деген қанатты сөзі әрбір отанда-сымызға жігер берді.
Тағы бір өзгешелігі – халықтың, шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ішінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылады. Президент бұл жолғы өзінің Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймын.

Айгүл ҚҰДАБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Өнер және спорт» факультеті «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.