Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәкен Сейфуллин сүйген сұлулар жайлы не білеміз?

0 1  907

Ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын білмейтін жан жоқ шығар. Көзі қарақты оқырман махаббатқа толы өлеңдерін, қым-қиғаш тағдырға негізделген әңгімелерін сүйсіне оқиды. Тек шығармашылығына ғана емес, түр-келбетіне де ерекше мән беріп, ән-жырға қосты.

Серілігі мен сұңғылалығы сұлулықтың символына айналды. «Сәнін берсін Сәкеннің» деп талай жан әндетті, әндетіп те жүр. Бірақ қазақтың біртуар перзенті үш әйелге үйленіп, неше қыздың арманы болғанын бірі білсе, бірі білмес. Экспресс К осы орайда Сәкен Сейфуллин сүйген арулар жайлы материал жинақтады.

Жалпы, Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы мен өмірі жайлы айтқанда ең бірінші белгілі ғалым, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне тоқталамыз. Ол көзі тірісінде бір Сәкенге арнап қаншама зерттеулер жазды, кітаптар шығарды. Сол еңбектер арасында «Сәкен сүйген сұлулар» атты кітапқа тоқталайық.

©ЭК/Олжас НҰРЖАҚЫП
©ЭК/Олжас НҰРЖАҚЫП

«Әрине, сонау Омбы сияқты қаладан жылтырауық түймесі бар форма киіп келіп, ауылда демалып жатқан Сәкенге үлкен-кіші бірдей сұқтанған шақта, қыз-қырқындардың киіз үйдің жабығынан қызыға қарағандарын жобалауға болады» — деп басталатын кітаптан дауылпаз ақынның заңды түрде 3 қызға үйленгенін білуге болады. Одан бөлек, Гүлшаһра (Гүлия) Досымбекова, Қабиба сұлу, Үміт (Үмила), Нина Мокина, Меруерт деген арулардың есімдері де кездеседі. Ал ақынның жазған өлең жолдарынан қаншама аруға арнауларын табасыз.

Әрине, оның бәрін тізбектегенмен нақты дәлел ретінде айту қиын. Әрине, Тұрсынбек Кәкішевтің кітабының өзінде көптеген мысалдар бар. Бірақ олар жастық шақтың желігі, я болмаса алыстан ғашық болып, арналған өлеңдер немесе қызды толық баурап ала алмаған кездегі жазбалар болуы мүмкін. Десе де, нақты үйленіп, шаңырақ құрған, бірақ махаббатқа тұрмыс тіршілігінен сызат түсе ажырасқан үш әйелін жазуды жөн көрдік.

Сәкен Сейфуллиннің ең бірінші әйелінің есімі — Рахима. Ол көркі көз салған адамды естен тандырардай сұлулық иесі болған деседі. Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевтің жазғанына сүйенсек, «Бойында әлденеше халықтың қаны араласқан қараторының реңдісі, оттай жарқыраған жанар, кең маңдай, аққу мойын, тоқ балтыр, кербез аяқ алыс… Сирек кездесетін айдай ажары бар Арқа аруы».

Сәкен Сейфуллиннің ең бірінші әйелінің есімі — Рахима
Сәкен Сейфуллиннің ең бірінші әйелінің есімі — Рахима

Рахима Арқаға аты мәлім Уәли Халфан деген ақмолалық ірі байдың қызы. Сәкеннің көзі түскенде Уәли бай дүниесін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік деген оймен беделді, қызметі бар күйеу баланың болғанына қарсылық білдірмеді. Бірақ олар ұзақ отаса алмады. Өйткені баршылықта өскен қыз үй тірлігіне икемсіз, қазан-ошақ көрмеген болатын. Тіпті Сәкеннің үйге келген қонақтарына қабағын кіржитіп, дұрыстап кісі де күте алмады. Қызғаншақтығы бөлек әңгіме. Жұмыстан, жиналыстан кеш шығатын, сыртта көп жүретін азаматын кім көрінгеннен қызғанып, әбден мезі етті. Осылайша, ақыр соңында екеуі ажырасып тынды.

Кейін Бурабайдағы демалысының бірінде жанындағы бірге қызмет атқарған достарының ұсынуымен Көкеш есімді қызға үйленді. Оның оқиғасы өз алдына қызық. Көкеш сұлудың шын есімі Гүлнәр. Ол Қойтас ауылындағы өте сымбатты арулардың бірі болған деседі. Бірақ атастырылған жігіті болды. Ал Сәкен соған қарамастан қызды екінші әйелі етіп, Мәскеуге алып кеткен.

Сәкен Сейфуллин Көкеш есімді қызға үйленді. Көкеш сұлудың шын есімі Гүлнәр
Сәкен Сейфуллин Көкеш есімді қызға үйленді. Көкеш сұлудың шын есімі Гүлнәр

Жас жұбайлардың махаббаты ұзаққа созылмады. Өйткені ауылдың оқымаған, қазақы тәрбиемен өскен қызы еуропалық киім үлгісін үстіне ілгенде сиықсыз кейіпке енеді. Тіпті үлкен мәдениетті меңгермеген білімсіз бойжеткеннің кемшілігі сәт сайын көзге ұрып тұратын. Бұл әйелінің де қызғаншақтығы тағдырларының екіге айырылуына себепші болды. Бір қызығы, Сәкеннің екінші жары күйеуімен ажырасқанын сезбей қалған. Яғни Көкешті ұрыс-керіссіз еліне қайтаруды жөн көрген сері «ауылыңды сағынып жүрген жоқсың ба, үйіңе барып қайт» деген желеумен сапарға шыққан адамдардың біріне ілестіріп жібереді. Артынша сол жігіттің қолына әйелінің Мұхамедрақым атты жездесіне арнап «Көкешті ауылға қайтардым. Біз шаңырақ құратын деңгейде емес екенбіз. Ғапу өтінемін» деген сыңайда хат ұстатқан.

Ауылға алаңсыз жеткен келіншекке бұл хабарды жездесі бірер күннен кейін ғана жаймен жеткізеді. Қатты психологиялық соққы алған Көкеш есеңгіреп бір ай бойы үйден шықпай жатып қалады. Кейін есін жиып, бойындағы кемшілікті жою үшін Ташкентте білім алады. Жақсы қызметтерді атқарады. Өмірінің соңғы кезеңінде Шымкенттегі кинотеатрдың директоры болған деген дерек бар.

Сері Сәкеннің үшінші және соңғы әйелі — Гүлбаһрам Батырбекқызы. Өмірінің соңына дейін бірге болған, дүниеге екі бала әкелген де осы әйел. Бірақ ақынның қызы да, ұлы да кішкентай кезінде қайтыс болды.

Сері Сәкеннің үшінші және соңғы әйелі — Гүлбаһрам Батырбекқызы
Сері Сәкеннің үшінші және соңғы әйелі — Гүлбаһрам Батырбекқызы

Гүлбаһрам Сәкенмен 17 жасында танысқан. 31-дегі сері жігіт бойжеткенді бірден ұнатып, сауаттылығына, алғырлығы мен батылдығына тәнті болыпты. Осылайша олар Қызылордада бас қосады. Отбасылық ғұмырда Сәкеннің мойнына асылған қыздар жанұяға жік түсірген кездер де болған. Сондай бір жайттың артынан күйеуіне ренжіген Гүлбаһрам Мәскеуге кетіп қалған. Кейін Сәкен үйленгелі жатыр екен деген қауесетті естіп кері қайтады.

Әйелінің Алматыға келгенін естіген сері «бір ашуыңды қи» деп кешірім сұрап, қайта қосылған. Бірақ көп ұзамай Сәкен түрмеге жабылып, жазықсыз атылды. Ал Гүлбаһрам өмірінің соңына дейін күйеуін ақтау үшін күресті. Кейін оның құнды мұраларын жинақтады. Осылайша 65 жасында ол да қайтыс болды.

Гүлбаһрам Батырбекқызы
Гүлбаһрам Батырбекқызы

Шынында Сәкен Сейфуллинің жеке өмірі жайлы, соның ішінде ол сүйген сұлулар туралы дерек көп. Бірақ заңды түрде отау құрған әйелдерін жоғарыда атап өттік.

Сәкен Сейфулли
Сәкен Сейфулли

Сәкен Сейфуллин — 1894 жылы 15 қазанда Ақмола уезінде дүниеге келген. Ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері көзі тірісінде Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалады. Алғашқылардың бірі болып Қырғыз (Қазақ) АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (премьер-министр) қызметін атқарды (1920-1925). Бірақ тағдырдың жазмышымен жазықсыз 1938 жылы атылды.

Сәкен Сейфулли
Сәкен Сейфулли
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.