Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерен ерлік иесі марапатталды

0 961

Бүгінгі қоғамда қысылтаяң сәтте біреуге көмекке келуге дайын тұратын азаматтар көп кездесе бермейді. Олардың ерлікке толы әрекеті мен жедел қимылының арқасында қаншама адам ажалдан аман қалды. Сондай абыройлы азаматтар арамызда жетерлік.

Солардың бірі – төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Бақтияр Аралбеков. Ол күні кеше «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ол азаматтық қорғау органында 2004 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бахтияр жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік маңызды нысандардағы өртті сөндіру жұмыстарына белсене қатысқан. Өрт сөндіру жұмыстарын жүргізу барысында Мемлекеттік Тудың жануына жол бермей, өртке оранған ғимараттың үстінен көк байрақты жерге алып түскен.

Бақтияр Аралбеков 1977 жылы 13 мамырда Талас ауданы, Ақкөл ауылында өмірге келген. Ы.Ылтынсарин атындағы орта мектепті аяқтаған ол 1994-1996 жылдары Тараз қаласындағы мәдениет және өнер колледжінде білім алған. Ал 1996-1998 жылдары Өскемен қаласындағы №6638 әскери бөлімінде ішкі әскер жауынгері болып 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Сала бойынша ең алғашқы еңбек жолын Ақкөл ауылындағы өрт сөндіру бекетінен бастаған ол 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде адам өмірі мен құнды мүліктерді өрттен қорғау және төтенше жағдайларды жою бойынша қызмет атқарып келеді.

Ерен ерлік иесі бүгінде 3 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының отағасы.

Сәулекүл Мұнатаева,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің

баспасөз қызметінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.