Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар саясаты жүйелі жүзеге асуда

0 181

Елімізде жастар саясатына барынша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта атқарылған жұмыс аз емес. Әрине, ел ертеңі үшін жастарымызды бүгіннен болашаққа, ұлт мүддесін қорғай алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу біздің мойнымызда екені хақ. Сондықтан жастар мәселесі – әркез жүйелеп отыруға тиіс дүние. Бұл тұста жастар саясатының маңызы зор.

Тәуелсіздік жылдарына дейін жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарасақ, одан кейін де қоғамдағы жастардың рөлі артпаса, кеміген емес. Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті. Елiмiздiң болашағы дәл осы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олардың бойына жаңашылдықпен қатар ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білсек, ел тұтқасын ұстайтын нағыз тұлғалар тәрбиеленетіні белгілі.

Бүгінде елімізде жастарға көптеген мүмкіндіктер ұсынылып, өзін-өзі дамытуға, қоғамда өз орнын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Атап айтсам, қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен бүгінде жастар мен олардың ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету, ұсынған бастамаларын ақпараттық-әдістемелік консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жүргізуді және талдауды жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласы аумағында түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша белсенді қызмет көрсетуде.
Бүгінде қаламызда 367 262 тұрғын бар болса, оның 20,7 пайызы жастар. Нақтырақ айтқанда, биыл шаһарда 76 882 жастың бар екені анықталды. Жастар саясаты – елдегі саяси жүйенің ажырамас маңызды бөлігі. Ал жастар болса, үлкен әлеуметтік-демографиялық топқа жатады. Статистика бойынша, елімізде 4 миллионға жуық жас азамат бар. Олардың бәрін түгелдей қамтуға ресурс жетпейтіні белгілі. Алайда орталық қызметкерлері бүгінде қала жастарымен, соның ішінде жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерімен бірлесіп белсене жұмыс атқаруда. Жастардың қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында 577 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде ерекше атап өтерлігі, мүмкіндігі шектеулі отбасылардың балалары үшін арнайы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын «Зейін» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Жоба Тараз қаласындағы «Даму» оқыту орталығында іске асты. Ақпан айында бастау алған жоба аясында «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарын қоса алғанда қала бойынша 100 бала тегін оқып, ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетті. Сондай-ақ жастардың өздерін әртүрлі қырларынан байқап, бейімділіктерін анықтау мақсатында «Жас саясаткер», «Ақпарат алаңы», «Сана» сынды жобалар қолға алынып, белгілі мемлекеттік қызметкерлермен, қоғам белсенділерімен сабақ-тренингтер өткізіліп, жастар арнайы тәжірибе алмасуға жіберілген болатын. Жобалар жастар үшін өз-өзін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік әрі өмірлік үлкен тәжірибе беретіні сөзсіз. Орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жастарға арналған байқаулар, интеллектуалды ойындар, кездесулер, мерекелік кештер, үйірмелер, тренингтер сынды түрлі іс-шаралар өтіп, жастарды дамытуға мүмкіндігінше үлес қосуда.
Осы орайда ерекше тоқтала кетерлігі, биыл қазан айында бұрын-соңды болмаған ауқымды «Тараз қаласына жаңа серпіліс» атты инновациялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Жастарды қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйретуді мақсат еткен байқауға облыс және қала аумағынан 30-ға жуық команда қатысты.
Жастарымыздың екі қолға бір күрек тауып, еңбекке араласуы да біздің басты назарымызда. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері «Жасыл ел» еңбек жасақтарында барлығы 398 азамат уақытша жұмыспен қамтылып, қазан айына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2 795 жас тартылған болатын. Сонымен қатар орталыққа қарасты қала аумағында, шалғай аудандарда тұратын жастарға арналған аула клубтарында қазіргі таңда балаларға арналған түрлі үйірмелер мен арнайы мамандармен қосымша сабақтар өткізілуде. Аула клубтары жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған ойын құралдарымен, кітаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орталықтың бастамасымен «Taraz jastary» атты волонтерлік ұйым құрылып, бүгінде көптеген қайырымдылық іс-шараларда бой көрсетіп, қаламыздың өркендеуіне өз септіктерін тигізуде. Сол арқылы еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласуда.
Болашақ қоғамымыздың іргетасы білімділік пен адамгершілікке, ізденімпаздық пен еңбекқорлыққа құрылса, еліміздің болашағы жарқын болары анық. Жастар қай жағынан да елеусіз қалмайды. Дегенмен әлі де шешілмей келе жатқан проблемалар бары жасырын емес. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Еліміздің даму жолындағы қарқыны, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сол үшін ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Сонда ғана жастарымыздың ертеңі нұрлы, келешегі кемел болмақ.

Абзал ЕСІРКЕПОВ, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.