Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баянды болашаққа деген нық сенім

0 123

Еліміздің әр азаматы Президент Жолдауынан бір үміт, бір қайыр күтеді. Біз де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тікелей эфирден тамашалап, мұқият тыңдап, ішінара ой елегінен өткіздік. Бір байқағанымыз, бұл Жолдау өзгелерінен ерек болды. Олай дейтініміз, құнды құжатта көптеген халыққа керек тұшымды ойлар айтылды. Оның ішінде біздің санамызды сарсаңға салып жүрген өзекті мәселелер де бар.

Жолдауда айтылған бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек. Салық төлеушілерді салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету керек. Сондай-ақ салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет», – деген еді.
Расында, қазір салық төлеуден қашатын азаматтарымыз бар. Осы тұста Мемлекет басшысы ұсынып отырған арнайы салық режимдерін жеңілдету мен жаңа кодекс кәсіпкерлердің салықты уақытылы төлеуіне ықпал етеді деген кәміл сенімдемін.
Жолдауда Президенттің еліміздің экономикалық-әлеуметтік бағытын, халықтың тұрмыс-тіршілігін алдыңғы орынға қойып отырғаны көңілге демеу болып, ертеңге деген сенімді арттырды.
Мемлекет басшысы шаруа қожалық жетекшілерінің көкейінде жүрген ауыл шаруашылығы саласына қатысты да біраз мәселенің басын ашып берді. Соның ішінде саланың құрылымдарын ұзақ мерзімге субсидиялау, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жайы кез келген еңбек адамының ойынан шығары сөзсіз.
Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын, назын ел Президенті көрді, білді. Бұдан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асқанын аңғаруға болады.
Қараша халық бұл Жолдаудан не күтеді? Ең бірінші – тұрмысымыздың түзелуі, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, ертеңгі күнге деген өшпес сенім. Сондай-ақ ұрпағының сапалы, заман талабына сай білім алуына, тәрбиеленуіне, олардың емін-еркін өсіп-жетілуіне тәуелсіз мемлекетте қол жеткізуін қалайды. Бұл – кез келген азаматтың арман-аңсары. Жолдау сол арманның мақсатқа айналғанын әйгіледі.
Біраздан бері талқыға салынып жүрген табиғи ресурстардың мәселесіне де нүкте қойылды. Мемлекет басшысы жер мен табиғи байлық халықтікі екенін шегелеп жеткізді.
Қазір жер дауы біздің елде жоғары деңгейге жетті. Себебі халық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің барлығы жекеменшікке өтіп кеткенін айтуда. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 10 миллионға жуық алқап мақсатсыз игерілуде. Бұған тосқауыл қоятын кез жетті. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының маңайына топтасып, ел дамуына бірлесіп күш салайық!

Сандуғаш ИТЕКЕЕВА, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.