Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті

0 171

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Басқосуға өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы туралы баяндама жасады.

Айта кетейік, агенттік тарапынан әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, өңірлер үшін жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленген болатын. Ол картада әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі айқындалған. Қазіргі таңда Агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі – осы тәуекелдер картасы.

– Жамбыл облысында тәуекелдер картасына жолдар мен инфрақұрылым, экономика және қаржы, олигополия, жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй салалары енген.

Бұл ретте жолдар мен инженерлік құрылыстардың сапасы, ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу үшін қаражат жұмсау мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Сол секілді осы облыстың тұрғындарын бағаның өсуі, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасындағы тәуекелдер, жеке тұрғын үй құрылысы үшін және ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңсыз бөлу, жерлерді мақсаты бойынша пайдаланбау мәселелері мазалайды.

Осы орайда жергілікті атқарушы орган мен жұртшылықтың күш-жігерін, мүмкіндіктерін біріктіру өте маңызды, -деді Саян Ахметжанов.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Даурен Омаров өңірдегі жемқорлықты алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан қызметкерлері үшін басшының жауапкершілігі институтын қолданудың өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тәуекелдер картасына енген салалар бойынша және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу,  қарсы мәдениет қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алды.

– Біз жағдайдың салдарымен емес, себебімен күресіп, алдын-алу, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз. Бұған дейін атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, нәтиже ойдағыдай дей алмаймыз. Демек, бұл бағыттағы жұмыстарға жаңаша көзқарас қажет. Аталған департаменттер тиісті басқармамен өзара бірлесіп, ортақ жауапкершілікті сезініп жұмыс жүргізгені дұрыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда балаларға отбасы, мектептен бастап жан-жақты дұрыс тәрбие беру маңызды,-деп атап өтті аймақ басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.