Қалалық қоғамдық-саяси газет

Спорт жас талғамайды

0 245

Алдыңғы толқын ағалар қоғам өмірімен қатар, спортта да белсенді. Біз бұған «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен өңірлік спартакиадада көз жеткіздік.

Толғанай АТАБАЙ

Тараз қаласы мен облыстың барлық ауданынан 200-ден астам спортшының басын қосқан сайыста қазыналы қарттар жүгіру, шахмат, үстел теннисі, волейбол, тастаяқ, дартс, асық ату, тоғызқұмалақ, дойбыдан кім мықтыны анықтады. Бос уақытын белсенді өткізуге бағыттаған ардагер спортшылар әуелі жүгіруден сайысқа түсті. Марафон қатысушылары «Жансая» ықшам ауданынан бастап жүгіріп, «Тараз-Арена» спорт кешеніне дейінгі аралықты бағындырды. Тіпті еңбекпен шыңдалған бірқатар ардагерлер таңсәріде ерте оянып, жүгіруді дағдыға айналдырған екен. Сан түрлі сайыста олар ұлттық спортымыздан да күш сынаса білді. Асық атудан үш жыл қатарынан жеңімпаз-жүлдегер атанған жетпіс жастағы Ермек Жанқожа ардагерлер атынан спартакиада ұйымдастырушыларына алғысын айтты.

– Дәстүрлі дода алдымен аймақтағы белсенді қарттардың басын қосып, дидарласуға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Сондай-ақ аға буын өкілдері салауатты өмір салтын насихаттау арқылы жастарды спортпен шұғылдануға шақырады. Мен бұл сайысқа асық атудан үшінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Аталмыш ұлттық спортымыз қазір кенжелеп бара жатқаны жасырын емес. Қынжыла айтатын да жағдай. Сондықтан ұмытқа айналған ұлттық құндылықтарымызды бұл жарыс қайта жандандыруға сеп болады деп сенемін, – дейді ардагер спортшы Ермек Жанқожа.

Бұл сайыс – кіл мықтылар жиылған бәсеке. Себебі бұған дейін спортшы қарттар аудандық, ауылдық сыннан сүрінбей өтті. Жарыс басталмас бұрын ардагерлерден құралған музыкалық ансамбль мүшелері халық әндерінен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал залда қатысушыларға жанкүйер болып тақымын қысқан көрермендер қарасы қалың. Өз кезегінде спортшыларға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақжарма тілегін айтып, сәттілік тіледі.

Жамбыл облысының 80 және Жеңістің 74 жылдығына арналған дәстүрлі тартысқа толы бәсекеде ұпай саны бойынша барлық құрамадан басым түскен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің спортшылары тұғыр төрінен табылды. Ал қалалық құрамаға есе жіберген байзақтық ардагерлер жүлделі ІІ орынға ие болса, құландық қарттар ІІІ орынды қанағат етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.