Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нашақор күйеуінен оңбай таяқ жеген аяғы ауыр әйел өмірі үшін алаңдап отыр

0 236

Алматылық Арайлым Жексембекова жуан жұдырықты бұрынғы күйеуінен қорлық көргенін айтып елден көмек сұрады. Ол полицияға қанша арызданғанымен әрекетінен түк шықпаған, деп хабарлайды Экспресс К.

Басындағы қиын жағдайы туралы Арайлым Жексембекова өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Ермек Асықбаев есімді бұрынғы күйеуімен ажырасып кетсе де, әлі күнге маза бермейтін көрінеді. Бірнеше рет соққыға жығылған келіншек іштегі баласымен ауруханаға да сан мәрте түсіпті.

«Мен өзімнің және баламның өмірі үшін қорқамын. Далаға шығудан да қалдық. Өйткені қылмыскер бостандықта жүр. Ол мені үнемі қорқытып, қыр соңымнан қалмайды. Полицияға қанша шырылдап айтқаныммен түк шығар емес. Ұстайды да жібере салады. Бір күні өлтіріп кетсе не істеймін?! Оның ақыл-есі дұрыс емес, нашақор, психикасы бұзылған адам», — деді Арайлым Жексембекова.

Арайлым Жексембекова Бостандық аудандық полиция бөліміне бірнеше рет арыз түсірген. Бірақ ондағылар істі жылы жауып, жуан жұдырықты күйеуді босатып жіберетін көрінеді. Амалы қалмаған әйел Бас прокурордан көмек сұрап отыр.

Мені қорқытып, үркітіп жазған хаттары мен аудиожазбаларын дәлел ретінде ұсындым, бірақ ол әрекетімнен әзірге түк шығар емес. Сонда мені және баламды өлтіріп кеткенін күтесіздер ме? Ол менің басымды кесіп алмақшы,

— деді қорғансыз әйел.

Арайлым сондай-ақ Facebook-тегі парақшасында күйеуінің жазған хаттары мен видеоларын да жариялаған. Сондай бейнежазбаның бірінде Ермек Асықбаевтың тамағына пышақ тақап, өзіне қол салмақшы болғанын көруге болады.

Экспресс К бұл мәселе бойынша Алматы ПД баспасөз қызметіне хабарласты. Ондағылардан әзірге жауап келмеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.