Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кентауда қоғамдық тамақтану орнында 168 адам уланды

0 246

Түркістан облысы Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында жаппай улану дерегі тіркелді. Уланғандар саны – 168. Қазіргі таңда дәмхана жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Экспресс К

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 6-9 қазан аралығында қоғамдық тамақтану орнында 168 адамның улану дерегі тіркелген. Науқастардың айтуынша, олар суши, пицца, картоптық фри, чикенге тапсырыс берген. Тұрғындардың нақты қай тағамнан уланғаны әзірге белгісіз.

 

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, тамақтан уланғандардың 145-і дәрігер көмегіне жүгінген. Кентау қалалық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне тағамдық токсикоинфекциямен 67 науқас түскен. 34-і ересек адамдар. Оның бесеуі жүкті әйелдер. Қалған 33-і балалар.

 

Науқастар инфекциялық стационарға жатқызылды. Барлығы қызуының жоғарылауы, құсу, іштің өтуі және әлсіздік бойынша шағымданған. Жағдайлары орташа ауырлықта. Олар Кентау қаласындағы «Ризық-Раяна» дәмханасынан суши, пицца, чикен, фри алып жеген —деп атап өтті басқармадағылар.

 

Бұдан бөлек 47 тұрғын амбулаториялық емделуге жіберілген. Тағы 31 науқас Түркістан қалалық орталық ауруханасына жатқызылған.

 

Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кентау қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы дәмханаға жоспардан тыс тексеру жүргізген.

 

Тексеру барысында бірқатар санитариялық талаптардың сай еместігі анықталыпты.

 

Қызметке рұқсат беру және шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың, медициналық тексеруден өткені туралы деректердің болмауы анықталды. Қазіргі уақытта тамақтану орнының қызметі

тоқтатылды, — делінген ведомство мәліметінде.

Еске салсақ, тамыз айында Кентау қаласындағы тағы бір кафеде келушілердің жаппай улану дерегі тіркелген болатын. Ол кезде 8 адам тамақтан уланған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.