«Ақ жол» демократиялық партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Бұл туралы Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде белгілі болды.
Айта кетейік, бұған дейін саяси ұйымның съезінде партия атынан сайлауға қатысуға ниетті үш адам белгілі болды. Үш үміткердің бірі – жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауын өткізу жарияланғалы партия атынан 6 адам сайлауға түсуге ниет білдірген. Бұл 6 адамның бірі – ірі бизнесмен. Ол партия атынан қатысқысы келген, бірақ пленум оның кандидатурасын қолдамаған. Тағы бір кісі бастама көтеріп, кейіннен қатыспауды ұйғарыпты. Тағы бір адам ұсыныс жасап, бірақ соңында бас тартқан.
Құрмаш Қаптағай