Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есімі Тараз Тараздықтар

0 425

Ел арасында өзі туған, өскен өлкесінің атауын өз аты-жөндеріне жалғаған тұлғалар баршылық. Мәселен, «Көркем сөз өнері» еңбегінің авторы, ғұлама ғалым Шейх Ахмет Тарази, Таразда туған ортағасырлық ақын Әбу Таһир Мұхаммад ат-Тарази, Кеңес үкіметінің Әулиеата жеріндегі дінге қарсы күресіне қарсы тұрып, азаттық үшін күрескен Әбу Нәсір Мүбашшир ат-Тарази, белгілі жазушы Әкім Тарази және Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразиді атауға болады. Бірақ білдей бір облыс орталығының есімін иеленген азаматтар көп емес. Айталық, елімізде Тараз есімді 14 адам бар екен. Мерекеге орай солардың бірқатарымен тілдескен едік.

Солардың бірі – таластық Тараз. Бүгінде Ақкөл ауылында тұратын Тараз Асанұлы 1998 жылы 13 ақпанда өмірге келген. Бала кезінен еңбекті сүйіп өскен ол өз есімінің ерекше қойылғанын мақтан тұтады.
– Тараздың тарихи атауы қайта оралған соң бір жылдан кейін мен өмірге келіппін. Әулеттің үлкендері есімімді соған орайластырыпты. Бала кезімнен медицина маманы болуды армандап, сол мақсатқа ұмтылып келемін. Қасиетті өлкенің топырағы да жаныма жігер сыйлайды, – дейді Тараз Асанұлы.
Келесі кейіпкеріміз – Тараз өңірлік университетінде «жер кадастры» мамандығы бойынша білім алып жатқан Тараз Молдабеков. 2002 жылы 22 қазанда Байзақ ауданы, Абай ауылында өмірге келген Тараз екі әпкесінің ортасында еркелеп өскен жалғыз ұл екен. Тұлғасынан оның тәрбиелі отбасынан шыққаны көрініп тұр. Өзі «Әке арманы», «Ауыл азаматтары», «Қазақ халқының жұлдыздары», «Өмір-өзен» сынды кітаптардың авторы, 22 жыл бойы Абай орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарған, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі, қарымды қаламгер Мустафин Молдабектің немересі екен. Ал әкесі Сәбит Мустафин 15 жыл су шаруашылығында қызмет атқарса, анасы Эльмира Маткаримова 30 жылға жуық медицина саласында жемісті еңбек етуде.
– Мен өмірге келген 2002 жылдың күзінде Тараздың 2000 жылдық тойы өтіп жатыпты. Дүбірлі той кезінде дүние есігін ашқан соң, атам ырымдап «Тараз топырағының қасиеті мен осында жатқан әулиелердің әруағы қолдап жүрсін» деген ниетпен есімімді көне шаһардың құрметіне азан шақырып қойыпты.
«Таразым – өмірімнің жалғасы,
Сәбит пен Эльмирамның қуанышы.
Тараздың 2000 жылдық тойында туған,
Қасиетті көне Тараз атын қойғам», – деп атамның маған арнаған өлеңі бар, – дейді Тараз Сәбитұлы.
Өмір болған соң қызықты жайттар да көп кездеседі ғой. Тараздың есіміне таңғалып қарайтындар, тіпті өтірік айтып тұрған шығар деп сенбейтіндер де бар екен.
– «Жамбыл деген інің жоқ па?», «Әулиеата деген туысқаның бар шығар» деп әзілдейтіндер жиі кездеседі. Тіпті біреулермен танысып, «Есімім Тараз» десем, «Мен Шымкентпін», «Мен Қызылордамын» деп қалжыңдайтындар да болады. Атымды атам қойғандықтан, соған сай болғым келе-ді, – дейді кейіпкеріміз.
Жалпы елімізде Қазақстан есімді 24 адам тұрады екен. Алматы деп 21 азамат аталса, 28 адам Семей есімін еншілепті. Сондай-ақ 18 азаматқа Түркістан, 15-ке Атырау, 12-ге Қостанай, 11 адамға Ақтау деп ат қойылған. Сонымен қатар елде 10 Нұр-Сұлтан мен 3 Шымкент, 1 Талдықорған мен 1 Ақтөбе есімді азамат ғұмыр кешуде.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.