Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абырой асқарындағы азамат

0 165

Тәуелсіздіктің 30 жылында Тараз қаласын 14 әкім басқарды. Олардың әрқайсысы сегізінші аймақты дамыту үшін алға қойған мақсаты және жоспарымен келгені анық. Атқамінерлердің барлығы жұрт жадында жарқын істерімен жатталуға тырысып, сол жолда бар күштерін аямады. Әрине, бұлардың ішінде шаһардың алғашқы әкімі болған Алдиярбек Түсіповтің орны бөлек.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы жуырда 75 жасқа толды. Мерейтой иесін қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы құттықтап, иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізген болатын.
1947 жылы өмірге келген арда азамат Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, еңбек жолын слесарь болып бастаған. Кейін «Жамбыл» фосфор зауытында, партия қызметінде еңбек етіп, өзінің турашылдығымен, жауапкершілігімен көзге түсті. Әлбетте, тәуелсіздіктің туын көкке көтеріп, азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап ел экономикасын көтеру, жаңа жоспар құру, тіпті ел басқару оңайға соқпағаны белгілі. 1992 жылдың ақпан айында шаһар тізгінін ұстаған ол 1995 жылдың қазан айына дейінін өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.
– Егемендік алған жылдары алдымызға нақты жоспар құрып, міндет-мақсатымызды айқындап алдық. Жүйелі саясаттың арқасында қиын-қыстау уақыттан да өттік. Ол кезде бюджетте ақша жоқ. Дәрігерлер мен педагогтардың еңбекақысын төлеу үшін базарда инспекторлар мен сала мамандары салықты бір будкада жинайтын. Түскен ақшаны үйлестіріп, жалақы ретінде беретінбіз. Сондай-ақ ол кезде Сүлейменов көшесін толықтай асфальттадық. Одан бөлек, «Қант зауытындағы» 6 көшені жөндеуден өткіздік. Сол кездегі жұмыстың сапалы болғаны соншалық, бүгінге дейін әлгі көшелер сол қалпында тұр. Қаланың тазалығы да басты орында еді. Жалпы өзім әкім болған тұста арымды таза ұстап, халыққа абыроймен қызмет етуді парызым деп білдім, – дейді Алдиярбек Әли-Асқарұлы.
Ол қала басшысы қызметінен босатылғаннан кейін де ел өміріне белсене араласты. Айталық, облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы, бас мемлекеттік экология инспекторы болып қызмет еткен жылдары да өзінің іскерлігін көрсете білді. Халықтың қолдауымен Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланғанда да жұртшылықтың ықыласына бөленді. Парламент қабырғасында ел өміріндегі елеулі оқиғаларға мұрындық болған талай заңдар қабылданғаны белгілі. Соларға депутат Алдиярбек Түсіповтің де қосқан үлесі қомақты.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде аға буын өкілдерін қоғам өміріне етене араласуға көптеп тартып, олардың қозғаушы күш екенін барынша танытты.

Кейіпкеріміз бұл жасқа құр алақан жеткен жоқ. Басында – абыройдың алтын тәжі, астын- да – құрметтің алтын тағы. Бүгінде бедел биігіне шыққан мерейтой иесі – қызметпен қатар, отбасының да тірлігін тіктеген асқар тау әке, ақылман ата. Жұбайы Айша екеуі шаңырақтың шырайын кіргізіп, 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің барлығын құтты ұясына қондырып, олардан немерелер мен жиендер сүйіп отыр.
Бүгінде Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһар тотыдай түрленіп, көркейіп келеді. Қаланың көкжиегі кеңейіп, әлеуеті де жылдан-жылға жақсаруда. Бұған елең-алаң шақта шаһар тізгінін қолына алып, өтпелі кезеңдегі қиындықтардың уақытша екендігін түсіндіріп, шырғалаңнан шығу жолдарын нұсқай білген алғашқы әкім Алдиярбек Түсіповтің сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.